Астаналық мектеп директоры 100 күнде 100 өлең жаттап, көлік ұтып алды (видео)
Астаналық мектеп директоры "100 күнде 100 өлең" республикалық байқауында топ жарып, автокөлік ұтып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана әкімдігінің мәліметінше, "100 күнде 100 өлең" республикалық байқауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 3000-ға жуық адам қатысқан.
Жүз күнге созылған шығармашылық сайыста қатысушылар қазақ поэзиясының туындыларын жаттап, мәнерлеп оқып, сөз өнеріне деген құрметін танытқан.

Байқауда Астана қаласының атынан бақ сынаған №107 жалпы орта мектебінің директоры Айгүл Базарбайқызы 100 күн ішінде 100 өлең жаттап, байқаудың бас жүлдесіне тігілген автокөлікті ұтып алды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық кітапсүйер қауым 10 миллион теңге ала алатыны туралы жазған едік. Қазақстанда 1 қыркүйекте басталған "Кітап оқитын ұлт" республикалық жобасы өтіп жатыр. Оған қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, содан кейін зияткерлік жарыстарда өз білімдерін сынап көреді.
Жобаның соңғы кезеңінде жылдың 10 үздік оқырманы анықталады. Үздік он қатысушының әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде арнайы сыйлық беріледі.