Қазақстанда мұғалімдер кітап оқытатын марафонға мәжбүрлі тіркеп жатқанын айтты: Министрлік мұны жоққа шығарды
Қазақстанда “Кітап оқитын ұлт” республикалық кітап оқу марафоны басталды. Жобаға оқушылар, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, отбасылар және басқа да азаматтар қатыса алатыны айтылды. Десе де желіде жұртшылық марафонға мәжбүрлі түрде тіркеу жүріп жатқанын жарыса жазды. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоба туралы не белгілі?
“Кітап оқитын ұлт” республикалық марафонының негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Марафон алты айға жоспарланған. Жалпы марафонға тіркелу 1-27 қыркүйек аралығында өтті. Ал жоба ресми түрде 15 қыркүйекте басталып кетті. Марафонға қатысушылар өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптың ішінен 15 шығарма оқуы керек. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған.

Тізімге қазақ және шетел әдебиетінің классикалық әрі заманауи шығармаларымен қатар экономика, менеджмент, технология және басқа да бағыттардағы кітаптар енгізілген.
Жоба жеті бағыт бойынша өтеді: мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері, педагогтер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және “зияткер” бағыты.
Желідегілер не дейді?
Алайда жоба басталғалы әлеуметтік желіде оны ұйымдастыру тәртібіне қатысты сын-пікірлер де пайда болды. Кей қолданушылар мұғалімдерге марафонға тіркелу туралы тапсырма берілгенін айтып, оған наразылық білдірді.

“Дәстүрлі “Кітап оқитын ұлт” жобасы мәжбүрлі кітап оқитын жоба болды. Қазақстан мұғалімдерінің арқасында тіркелушілер саны артып, жобаның шығыны жабылған болар.Жалпы, пайдалы жоба ма? Кімге пайда әкелетіні маңызды болып тұрғаны. Демалыста да тыныштық жоқ. “18:00- ден кейін мұғалімнің жеке өмірі бар” деген бос сөз".

“Кітап оқитын ұлт” марафонына қатысу міндеттеліп жатқанын естідім. Қаншалықты дұрыс? Статистика үшін жасалып жатқан марафонға қатысқым келмей кетті. Әрі қарай жеңімпаздар есеп беру мақсатында анықталмайтынына кім кепіл? Одан бөлек жасанды интеллект қолданылады. Себебі мәжбүрлі түрде қатысып жатқандар кітапты толық оқып, пікір жазады деу миға қонбайды. Тілім көркем болмаса да, “сөздің майын тамызып” жазатын оқырманның пікірін жасанды зият тілінен қалай ажыратпақшы? Салыстыру қалай жүзеге аспақ?”.

“Неге “Кітап оқитын ұлт” марафонына мәжбүрлі тіркеп жатыр? Сол баяғы студент, мұғалімдерді мәжбүрлі түрде тіркйді. Олар марафонның кітабын қай уақытта оқып бітуі керек? Жан-жақтан тау болып үйіліп жатқан есебі бар мұғалім оқуы керек пе? Әлде таңнан кешке дейін сабақ оқитын студент оқуы керек пе? Шын қатысқысы келген адам өзі-ақ қатысар еді ғой. Әрдайым осылай”.
Ал кей желі қолданушылары марафонға өзі үшін тіркелгенін айтты.
“Мен өз еркіммен “кітап оқитын педагог” болып тіркелдім. Осы 3 ай еңбек демалысында 17 психологияға байланысты кітаптар оқып шықтым. Одан менің адамдық құндылығым өспесе, өшкен жоқ. Кітап оқу өмір салтына еш кедергі емес. TikTok, Instagramm Threads платформаларын таңнан кешке дейін айналдырып шарлай бермей күніне жарты сағатыңызды кітапқа арнаңыз. Өкінбейсіз”.

“Мен былтыр қатыстым, баламды мәжбүрлеп оқыттым. Балам 5 кітап оқып, аяқтады, несі жаман? Қазір де жалғастырып жүр”.
“Негізі, өзім үшін қатысқым келді. Қаншалықты әр түрлі жанрда, тақырыпта бекітілген кітаптарды белгіленген уақыт аралығында оқи алады екенмін, соны тексергім келді. Жеңіл атлетикадан болатын марафон секілді қызық қой. Әр адамның пікірі объективті түрде қаралады деген ой болды”.

“Осындай жоба шыққанына қуанайықшы. Бірінші жылы мәжбүрлі болар, кейін дамитын шығар. Бастысы оқушылар мен жастарды тарту. Ниеті жақсы, дәл керек жоба”.
Ал министрлік не дейді?
Мұғалімдердің желідегі шағымынан соң Stan.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігінен мән-жайды сұрады. Министрлік марафонға тіркелу және қатысу ерікті жүріп жатқанын айтты.
“Марафонға қатысу толықтай ерікті түрде жүзеге асырылады. Комитет тарапынан білім беру ұйымдарына, мұғалімдерге немесе студенттерге тіркелуді міндеттейтін ешқандай бұйрық, өкім немесе міндеттеуші тапсырма берілген жоқ. Жоба мемлекет басшысының "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығын іске асыру аясында, қоғамда оқу мәдениетін насихаттау мақсатында жүргізіліп жатыр”, – делінген жауапта.
Қатысушыларды бақылау қалай жүргізіледі?
Министрлік мәліметінше, марафонға қатысушылар reading-nation.kz платформасы арқылы тіркеледі. Әр қатысушыға жеке кабинет ашылып, әлеуметтік санатына қарай оқитын кітаптарының тізімі беріледі. Оған қоса платформада кітап оқу барысын бақылау және қатысушылардың нәтижесін жасанды интеллект арқылы автоматты түрде бағалау жүйесі қарастырылған екен.
Осыған байланысты министрлік мекемелерден қатысушылардың тізімін қолмен жинау немесе олардың марафонға қатысуын ішкі бақылауға алу талап етілмейтінін айтты.
Жобаға кімдер қатысады?
Жоба аясында “Жылдың 10 оқырманы” республикалық байқауы іске қосылған. Былтыр бастама пилоттық форматта іске асқан. Биыл байқау барлық өңірде, яғни 195 аудан мен 87 қалада өткізіледі. Оған әртүрлі жастағы 1 миллионнан астам азаматты қамту жоспарланған.
Қатысушылар сегіз санатқа бөлінеді:
- “Кітап оқитын мектеп” – 5–10 сынып оқушылары;
- “Кітап оқитын колледж”;
- “Кітап оқитын университет”;
- “Кітап оқитын әулет”;
- “Кітап оқитын педагог”;
- “Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер”;
- “Кітап оқитын зияткер”;
- "Parasat" – саяси қайраткерлер, топ-менеджерлер және зиялы қауым өкілдеріне арналған санат.
Жеңімпаздар қалай анықталады?
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар онлайн-тестілеуден өтеді. Әр санат бойынша үздік үш қатысушы аудандық немесе қалалық кезеңге жолдама алады. Келесі кезеңде олар интеллектуалдық куизге қатысады. Өңірлік кезеңде қатысушылар эссе жазып, көпшілік алдында кітап таныстырады.
Министрлік мәліметінше, 20 өңірден 3 960 жүлдегер анықталады. Әр санат бойынша үздік үш қатысушыға қаржылай сыйақы беріледі:
- бірінші орынға – 600 мың теңге;
- екінші орынға – 450 мың теңге;
- үшінші орынға – 300 мың теңге.
Ал республикалық финалға 200 қатысушы өтеді. Олар тереңдетілген тестілеу, сараптамалық сұхбат және көпшілік алдында сөйлеу кезеңдерінен өтеді. Нәтижесінде “Жылдың 10 оқырманы” анықталады. Әр жеңімпазға 10 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. Марапаттау рәсімі келесі жылдың 23 сәуірі – Ұлттық кітап күні қарсаңында “Оқырмандар форумы” аясында өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық мұғалімдер мектепке жұмысқа тұруға ақша сұрайтынына наразы болғаны туралы жазған едік.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді