Мұғалімдерге кешкі сағат 18:00-ден кейін хабарлама жазған ата-аналарға айыппұл салына ма: Министр жауап берді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналардың мұғалімдермен жұмыс уақытынан тыс байланысын қалай реттелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер министрден мұғалімдерге қай уақыттан бастап хабарлама жазып, қоңырау шалуға болмайтынын және ата-аналарға қандай жаза қарастырылғанын сұрады.
Министрдің айтуынша, мұғалімдерді мазалағаны үшін ата-аналарға айыппұл салу қарастырылмаған және мұндай шараны енгізу жоспарланып отырған жоқ.
"Жоқ, мұндай ата-аналарға айыппұл қарастырылмаған. Оны енгізу де жоспарымызда жоқ", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, қоғамда жаңа этикалық норма қалыптастыру қажет.
Жұлдыз Сүлейменова ата-аналарды өздерін мұғалімдердің орнына қойып, педагогтерге түсетін жүктемені ескеруге шақырды.
"Орта есеппен мұғалім сыныпта 6 сағат уақыт өткізеді, ал бастауыш сыныптарда бұл жүктеме бірнеше есе жоғары", – деді министр.
Министр емтиханға дайындалып жатқан балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге түсетін жүктеменің де жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар сабақтан кейін ата-аналар тарапынан шұғыл әрі маңызды мәселе туындаса, мұғалімдер оны шешуге міндетті түрде көмектесетінін айтты.
Сүлейменова мұғалімдерді сағат 18:00-ден кейін мазаламау туралы ұсыныс ең алдымен келесі күнге дейін күте алатын маңызды емес және ұсақ мәселелерге қатысты екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде екінші ауысымға қатысты пікірталас болды. Кей жағдайда оның сабақтары сағат 20:00 шамасында аяқталуы мүмкін. Алайда министрдің айтуынша, бастаманың мәні сабақтың нақты қай уақытта аяқталатынында емес.
"Мұғалімдердің де жеке уақыты мен жеке өмірі бар екенін ескеру керек. Сонымен қатар сабақтан кейін педагогтер келесі оқу күніне дайындалуы қажет", – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық мұғалімдерге кешкі сағат 18:00-ден кейін ата-аналарға жауап бермеуге рұқсат етілуі мүмкін екенін жазған едік.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды
