Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыркүйек" пе, әлде "қыргүйек" пе: Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

қыркүйек
Фото: ChatGPT

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова кейінгі күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан "қыркүйек" және "қыргүйек" сөздерінің жазылуына қатысты пікір білдірді. Министрдің өзі "қыркүйек" нұсқасын қолданатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында министрден тоғызыншы айдың атауын "қыркүйек" деп жазу керек пе, әлде "қыргүйек" нұсқасы дұрыс па деп сұралды.

Сүлейменованың сөзінше, бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне жатпайды. Дегенмен әлеуметтік желідегі пікірталастан кейін ол тіл мамандарының зерттеулеріне жүгінген.

"Бұл сұрақ өзімді де қызықтырды. Ғалымдарымыздың, Рәбиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуіме тура келді. Мен өзім "қыркүйек" деп жазамын. Бізді солай оқытқан", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, 1980-жылдар мен 2000 жылдардағы зерттеулерде "қыркүйек" нұсқасының қолданысы 93 пайызға жеткен.

Оның пікірінше, "қыркүйек" деп те, "қыргүйек" деп те жазған адамды қателесті деуге болмайды. Ал қай нұсқа тілдік норма ретінде қолданылуы тиіс екеніне ғалымдар нақты нүкте қоюы қажет.

"Егер ғалымдарымыз, Тіл білімі институты "қыркүйек" емес, "қыргүйек" дұрыс дейтін болса, біз ғалымдардың үнін естуіміз қажет. Ғалымдар нүктесін қоюы керек деп санаймын", – деді министр.

Бұған дейін Tengrinews.kz жазуынша, басылым осы мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне сауал жолдаған. Комитет орфографиялық сөздік бойынша "қыргүйек" нұсқасы дұрыс екенін мәлімдеген.

"Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сәйкес, "сентябрь" сөзі қазақ тіліне "қыргүйек" деп аударылады", – деп жауап берген Тіл саясаты комитеті.

Орыс тіліндегі оқулықтарда да "теңге" деп жазылуы тиіс

Сүлейменова ұлттық валютаның атауы оқулықтарда қалай жазылуы тиіс екеніне де тоқталды. Оның айтуынша, Конституцияда ұлттық валютаның атауы "теңге" деп көрсетілгендіктен, білім беру бағдарламалары мен оқулықтар осы нұсқаға сәйкестендіріліп жатыр.

"Конституцияда "теңге" деп жазылған. Сондықтан барлық бағдарламаларымыз бен оқулықтарымыз қазір соған сәйкестендіріліп жатыр", – деді министр.

Сүлейменованың айтуынша, бұл талап орыс тіліндегі оқулықтар мен оқу материалдарына да қатысты. Яғни орыс тіліндегі оқулықтарда да "тенге" емес, "теңге" деп жазылуы тиіс.

Өзгерістер барлық оқулыққа бірден енгізілмейді. Олар оқулықтарды қайта басып шығару және электронды нұсқаларын жаңарту кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен енгізіледі.

"Жоспар әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес қайта басып шығару және онлайн нұсқаларды жаңарту кестесі бар. Жұмыс осы кесте бойынша жүргізіледі", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр барлық оқулықтың жаңа талапқа қашан толық сәйкестендірілетінін нақтыламады. Ведомство тиісті кестені қосымша ұсынатынын жеткізді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 13:37