Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оба неге қауіпті ауру және оны емдеуге бола ма: Бактерия ағзаны 24 сағатта зақымдайды

Оба ауруы туралы не белгілі
Фото: depositphotos.com

24 сағат ішінде адам өмірін қиюы мүмкін оба ауруы қайтадан әлем назарын аударуда. Ресейдің Сібір аймағында зертхана қызметкерінің өліміне осы қауіпті инфекция себеп болды деген ақпарат тарады. Адамнан адамға жұғатын әрі тез асқынатын аурудың алғашқы белгілері қандай? Көпшілікті алаңдатқан дерт туралы ақпараттарды шолдық. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл ауру XIV ғасырда Еуропа халқының жартысына жуығын қырған "Қара өлім" індетінің жаппай таралуына себеп факторлардың бірі.

Соңғы күндері өкпе обасы қайтадан әлем назарын аударуда. Бұған Сібірде 28 жастағы зертхана қызметкері Дарья Шипилованың өліміне осы инфекция себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Ол көз жұмар алдында бірнеше күн бұрын әріптестеріне құрамында оба қоздырғышы – Yersinia pestis бактериясы бар құтыны абайсызда сындырып алғанын айтқан. Ал Ресей билігі бұл қызметкердің "анықталмаған пневмониядан" қайтыс болғанын мәлімдеді. Дегенмен ықтимал инфекцияның таралуына жол бермеу үшін Шипиловамен байланыста болған шамамен 200 адам оқшауланып, медициналық тексеруден өткізіле бастады.

Оба қаза тапқан
Фото: Dailymail.com

Бұл жағдайдың алаңдаушылық туғызуы бекер емес. Өйткені өкпе обасы – әлемдегі ең қауіпті, обаның ең қауіпті түрі әрі адамнан адамға жұғуы мүмкін. Мұнда уақытында емделмесе тіпті кей жағдайда адам аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін 24 сағат ішінде көз жұмуы мүмкін.

 Оба қандай ауру, ол қалай жұғады?

Оба ауруының үш түрі бар: бубонды, септикалық және өкпе обасы. Олардың ішінде ең көп кездесетіні – бубонды оба. Ол көбіне ауру жұқтырған бүргенің шағуынан немесе инфекциясы бар жануармен байланыстан тарайды. Ал инфекция қанға түскен жағдайда обаның септикалық түрі дамиды. Бұл көбіне бубонды оба дер кезінде емделмеген кезде асқынады. Ал өкпе обасында ауру адамнан адамға жұғады. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе жай тыныс алғанда бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы инфекция таралады. Өкпе обасының осы қауіпті ерекшелігі оны басқа түрлерінен ажыратады.

Бактерия ағзаға енгеннен кейін бірден белгі бермеуі мүмкін. Біраз уақыттан соң қоздырғыш өкпеге жетіп, сонда көбейе бастайды. Осы кезде адам өзін жақсы сезінгенімен, инфекция ағза ішінде дами береді.

Өкпе обасы анықталған адам міндетті түрде 24 сағат ішінде көз жұмады деп айту дұрыс емес. Көп жағдайда ауру бірнеше күн ішінде өршиді. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекцияның ең ауыр түрлері алғашқы белгілер байқалғаннан кейін бір тәулік ішінде өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Ауру қатты асқынған кезде ағзадағы бактериялар саны өте жылдам көбейіп, иммундық жүйеге үлкен салмақ түсіреді. Соның салдарынан адамның жағдайы қысқа уақыт ішінде күрт нашарлауы мүмкін.

Инфекция ағзаға түскеннен кейін адамда қандай өзгерістер болады?

Ауру асқынған кезде адамның жағдайы тез нашарлайды. Бактерия өкпеге түскен соң қабыну күшейіп, тыныс алу қиындайды. Науқасқа ауа жетпей, ентігу пайда болады.

Сонымен қатар бірқатар белгілер:

  • дене қызуы көтеріліп;
  • басы мен кеудесі ауырады;
  • адам қатты әлсірейді;
  • кей жағдайда қан аралас жөтел байқалады.

Инфекцияға ағза қарсы тұра алмаған жағдайда бактериялар өкпе тіндерін зақымдай бастайды. Өкпеге сұйықтық жиналып, қанға оттегінің өтуі қиындайды. Бұл науқастың жағдайын одан әрі ауырлатады.

Инфекция өкпеден қанға тараса, обаның екінші түрпі септикалық обаға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда бактериялар бүкіл ағзаға тарап, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты маңызды мүшелерге әсер етеді. Инфекция тым қатты өршігенде бұл мүшелердің жұмысы бұзылып, ағза біртіндеп әлсірейді. Ауру дер кезінде емделмесе, соңы өлімге әкелуі мүмкін.

 Обаны емдеуге бола ма?

Әзірге мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, инфекцияның көпшілік арасында таралу ықтималдығы төмен. Ұйым жаңа ақпараттар түскен сайын қауіп деңгейі қайта қаралатынын мәлімдеді.

Обаны емдеуге бола ма?

Оба – емдеуге болатын инфекция. Ауру анықталған жағдайда негізгі ем ретінде антибиотиктер қолданылады. Препараттың түрі обаның формасына және науқастың жағдайына қарай таңдалады. Ауыр халдегі науқастарға антибиотиктерді көктамыр немесе бұлшықет арқылы енгізу қажет болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, оба кезінде емді неғұрлым ерте бастау маңызды. Әсіресе өкпе обасы тез өршитіндіктен, ауруға күдік туған жағдайда емді зертханалық талдаудың соңғы нәтижесін күтпей бастауға болады. Уақыт жоғалту инфекцияның асқынуына, бактериялардың қанға тарауына және тыныс алудың күрт нашарлауына әкелуі мүмкін.

Ал науқаспен жақын байланыста болған адамдар дәрігерлердің бақылауына алынады. Оларға белгілі бір уақыт бойы дене қызуы мен басқа да белгілерді бақылау ұсынылады. Қажет болған жағдайда инфекцияның алдын алу үшін антибиотиктер тағайындалады.

Оба диагнозы өлім жазасы емес. Қазіргі таңда ауруды тиімді емдеуге мүмкіндік бар. Дегенмен оның қауіптілігі – инфекцияның жылдам өршуінде. Сондықтан жоғары қызу, қатты әлсіздік, жөтел, кеуде ауыруы немесе ентігу сияқты белгілер байқалып, адам инфекция көзімен байланыста болған болса, медициналық көмекке мүмкіндігінше тез жүгіну қажет.

Аса қауіпті инфекцияға күдік туған жағдайда науқас оқшауланып, ауруханаға жатқызылады және ем басталады. Дәрігерлер инфекцияны анықтау үшін қан мен басқа да биологиялық материалдар алады. Ал медицина қызметкерлері арнайы қорғаныш киімімен жұмыс істейді. Инфекция ошағында дезинфекция жүргізіледі.

Обаның вакцинасы да бар, алайда ол жаппай егілмейді. Вакцина негізінен аурудың табиғи ошақтарында тұратын немесе инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдарға, сондай-ақ оба қоздырғышымен жұмыс істейтін зертхана мамандарына ұсынылады.

Қазіргі таңда мамандардың айтуынша, орта ғасырлардағыдай оба індетінен жаппай қырылу қаупі жоқ. Ауруды анықтау, оқшаулау және емдеу бойынша тиісті медициналық хаттамалар бар.

Ал Сібірдегі зертхана қызметкері Дарья Шипилованың өліміне дәл осы инфекция себеп болды деген болжам да әзірге нақтыланған жоқ. Онымен байланыста болған адамдардың обаға тапсырған тесттері теріс нәтиже көрсеткен.

Мамандардың айтуынша, оба емделетін аурулардың қатарында. Антибиотикпен емді ауру белгілері байқалғаннан кейін мүмкіндігінше ертерек бастау маңызды.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін көрші елдегі жағдайға орай обаға байланысты мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілгенін мәлімдеген болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанға әртүрлі көлікпен келген жолаушылар арасынан дене қызуы көтерілген немесе аса қауіпті инфекция белгілері бар адамдар тіркелмеген. Ведомство Қазақстанға инфекцияның тарау қаупін әзірге төмен деп бағалап отыр. Ресей тарапынан жаңа ресми ақпарат түскен сайын жағдай қайта сараланбақ.

Министрлік шетелден оралған азаматтарға денсаулығына мән беруді ескертті. Егер сапардан кейін ауру белгілері байқалса, дәрігерге уақытылы қаралып, қай елде болғанын және сапар мерзімін міндетті түрде айту қажет.

Оба адамзат тарихындағы ең жойқын індеттердің бірі екеніне белгілі мысал – XIV ғасырдағы "Қара өлім". 1347–1351 жылдары Еуропаға кең тараған індет салдарынан ондаған миллион адам қаза тауып, құрлық халқының шамамен үштен бірі мен жартысына жуығы көз жұмды. Оба кейінгі ғасырларда да бірнеше рет өршіп отырды. Мысалы, XVII ғасырда Лондонда болған Ұлы оба кезінде шамамен 100 мың адам қайтыс болды. Ал XIX ғасырдың соңында басталған үшінші пандемия кезінде оба Азияның бірқатар елдеріне таралып, миллионнан астам адамның өліміне себеп болды.

Айта кетсек, 2017 жылы Мадагаскарда өкпе обасының ірі өршуі тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, сол жылдың тамыз-қараша айлары аралығында елде 2,3 мыңнан астам оба жағдайы тіркеліп, 202 адам қайтыс болған. Науқастардың басым бөлігінде өкпе обасы анықталған. Індет әсіресе елдің астанасы Антананариву мен басқа да ірі қалаларға тараған.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейде оба жұқтырды деген күдікпен 200-дей адам бақылауға алынғаны туралы хабарлаған едік. Бұдан кейін Қазақстан да алдын алу шараларын күшейтті.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 18:42