Қазақстандық отбасы үйге суши тапсырыс беріп ауруханадан бір-ақ шықты
Шымкентте жыл басынан бері ауыр ішек инфекциясының топтық бес жағдайы тіркелді. Оқиғалардың бірінде жеке сатушыдан сушиға тапсырыс беріп, бір отбасының бірнеше мүшесі бір уақытта ауырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ресми түрде бұл жағдайлар тағамнан улану емес, ауыр ішек инфекциясы ретінде тіркелген.
“Қауіп бірнеше факторға байланысты болуы мүмкін. Олардың қатарында жеке бас гигиенасын сақтамау, температуралық режимнің бұзылуы, азық-түлікті дұрыс сақтамау және тағамды алдын ала дайындау бар”, – дейді мамандар.
Әсіресе жеке сатушылардан дайын тағам сатып алып, жеу – өте қауіпті. Себебі сатып алушы тағамның қай жерде және қандай жағдайда дайындалғанын білмеуі мүмкін.
"Олардың барлығы сушиді өздері тамақ сататын орын ашып, суши дайындап, тапсырыспен жеткізумен айналысатын жеке тұлғалардан тапсырыс берген. Салдарынан ауыр ішек инфекциясын жұқтырған", — деді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Мамандар ыдыс-аяқтың дұрыс жуылмауы, өнімдердің талапқа сай сақталмауы, сондай-ақ тағам дайындаған адамның санитариялық нормаларды сақтамауы инфекция жұқтыру қаупін арттыратынын ескертті.

Егер дайын тағамды жегеннен кейін адамның денсаулығы нашарласа, мамандар медициналық көмекке жүгінуге және сатып алуды растайтын дәлелдерді сақтап қоюға кеңес береді. Оларға чек, сатушымен хат алмасу, тағамның фотосы немесе видеосы, қаптамасы және медициналық құжаттар жатады.
Қажет болған жағдайда зардап шеккендер тұрғылықты жері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіне алады. Материалдық және моральдық зиянды өтеу мәселесі сот тәртібімен шешіледі.