Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде оба жұқтырды деген күдікпен 200-дей адам бақылауға алынды: Қазақстан да алдын алу шараларын күшейтті

Оба
Фото: pexels.com

Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институтта жұмыс істеген 28 жастағы әйел қайтыс болғаннан кейін оның оба жұқтыруы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Кейін өңірдегі бірнеше ауруханада карантин енгізіліп, марқұммен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынғаны хабарланды. Жағдайға байланысты Роспотребнадзор түсініктеме берді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де Иркутск облысындағы ахуалды бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оба туралы ақпарат қайдан шықты

Ресейлік "Люди Байкала" басылымы Иркутскідегі обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилованың 2 қазанға қараған түні Шелехов ауруханасында қайтыс болғанын жазды. Басылым журналист Павел Степанов пен Mash Telegram-арнасының мәліметіне сүйеніп, әйелдің 25 қыркүйекте зертханада оба қоздырғышы бар сынауықты сындырып алған болуы мүмкін деген нұсқаны келтірген. Осыдан кейін оның денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскені айтылды. Алайда әйелдің зертханада оба жұқтырғаны туралы бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ.

Тағы бір нұсқада әйелдің бұған дейін Бурятияға іссапармен барғаны айтылды. Алайда Бурятия басшысы Алексей Цыденов оның республикаға келмегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, өңірде, оның ішінде Моңғолиямен шекаралас аумақта оба ошағы анықталмаған. Сондай-ақ әйелдің жұқтыруы мүмкін жағдайдың Бурятияға қатысы жоқ екенін жеткізді.

Кейін "Люди Байкала" Иркутскідегі бірнеше ауруханада карантиндік шектеулер енгізілгенін хабарлады. Басылым мәліметінше, науқастарға баруға уақытша тыйым салынып, кейбір бөлімшелерде пациенттерді қабылдау мен шығаруға шектеу қойылған. Журналистердің дереккөздері мұндай шараларды аса қауіпті инфекцияға күдікпен байланыстырған. Дегенмен ауруханаларға жіберілген құжаттарда оба диагнозы көрсетілмегені айтылды. Басылым барлық медициналық мекемеде карантин енгізілгенін де растай алмаған.

Иркутск облысында санитариялық-эпидемиологиялық комиссияның шұғыл отырысы өтіп, оған Роспотребнадзор басшысы Анна Попова қатысқан. Өңір билігі марқұммен байланыста болған адамдарды анықтап, оларды медициналық бақылауға алған. Соңғы мәлімет бойынша, олардың саны 197 адамға жеткен. Шелехов аудандық ауруханасында да эпидемияға қарсы шаралар жүргізілген.

Роспотребнадзор не деді

4 қазанда Роспотребнадзор Иркутск облысындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қайтыс болған әйелге себебі анықталмаған пневмония диагнозы қойылған. Қосымша зерттеулер оның биоматериалынан кәсіби қызметіне байланысты қауіпті микроорганизмдерді анықтамаған. Ведомство Иркутск облысы, Иркутск және Шелехов қалаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалап отыр.

"Иркутск облысындағы, Иркутск және Шелехов қалаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты", – деп хабарлады Роспотребнадзор.

Марқұммен байланыста болған адамдар стационарда медициналық бақылауға алынған. Олардың арасынан COVID-19 жұқтырған екі жағдай және риновирус инфекциясының екі жағдайы анықталған. Басқа жұқпалы ауру қоздырғыштары табылмаған. Сондай-ақ соңғы он күнде институттың басқа қызметкерлері жұқпалы ауру белгілерімен дәрігерге жүгінбегені хабарланды.

Қазақстан жағдайды бақылауға алды

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі де Иркутск облысындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Елде алдын алу шаралары қабылданып, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Әзірге көліктің барлық түрімен Қазақстанға келген адамдар арасынан дене қызуы көтерілген немесе аса қауіпті инфекция белгілері бар жолаушылар анықталмаған.

"Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, олардан ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталуда", – деп хабарлады Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствоның алдын ала бағалауынша, инфекцияның Қазақстанға келу қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Жағдайға берілетін баға мен қабылданып жатқан шаралар Ресейден ресми ақпарат түскен сайын нақтыланып отырады. Министрлік сапардан кейін ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге уақытылы жүгінуді сұрады. Медициналық көмекке жүгінген кезде қай жерде болғанын және сапар күндерін нақты айту қажет екенін ескертті.

Оба туралы не белгілі

Оба – Yersinia pestis бактериясы тудыратын жұқпалы ауру. Оның бубондық, өкпелік және септикалық түрлері бар. Табиғи ошақтарда инфекция көбіне кеміргіштер арасында сақталады, ал адамға негізінен бүрге арқылы жұғады. Өкпелік түрі адамнан адамға тыныс жолдары арқылы таралуы мүмкін.

Ауру антибиотиктермен емделеді, алайда ем кеш басталса, әсіресе өкпелік түрінде жағдай тез ауырлауы мүмкін. Ресейде адамнан оба анықталған соңғы расталған жағдай 2016 жылы Алтай Республикасында тіркелген. ДДСҰ мәліметінше, Ресей аумағында оба таралатын табиғи ошақтар әлі де бар, сондықтан мұндай өңірлер тұрақты эпидемиологиялық бақылауда ұсталады.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 11:12