Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кептелісті азайту үшін жаңа жүйе сынақтан өтеді

кептеліс
Фото: pexels.com

Қазақстанның ірі қалаларында көлік ағынын ақылды жүйе арқылы басқару жоспарланып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігі мен әкімдіктерге ең көп жүктеме түсетін жолдарды анықтап, сол жерлерде жаңа жүйені пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Оған екі ай уақыт берілді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Үкімет отырысында Премьер-министр урбанизация күшейген сайын қалалардың жол инфрақұрылымына түсетін салмақ та артып отырғанын айтты.

"Ірі қалаларда жекелеген кептелістерге жауап берумен шектелмей, көлік қозғалысын жүйелі түрде басқаруға көшу керек. Бұл азаматтардың жүріп-тұруына, қауіпсіздігіне және қалалық ортаның сапасына тікелей әсер етеді", – деді Бектенов.

Пилоттық жоба ең көп көлік жиналатын учаскелерде іске қосылады. Жүйе жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, көлік ағынының қай жерде көбейетінін алдын ала болжауға мүмкіндік беруі тиіс. Сынақ кезінде тиімді болған шешімдер кейін басқа учаскелерге де енгізілмек.

Бұдан бөлек, ел бойынша бірыңғай цифрлық көлік жүйесін құру тапсырылды. Онда көлік инфрақұрылымы мен тасымалға қатысты деректер бір жерге жинақталып, қозғалысты онлайн бақылау, жүктемені болжау және тәуекелдерді ертерек анықтау жоспарланған.

"Қазақстан темір жолына" тасымал жөніндегі деректерді бір ай ішінде бірыңғай деректер қоймасына өткізу міндеті жүктелді. Компания Көлік министрлігімен бірге саланы кезең-кезеңімен цифрландыру жоспарын дайындап, тасымалды басқаруда отандық технологияларға көшу мәселесі тапсырылды.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 11:46