Таиланд туристерден төлем алуды жоспарлап отыр: Қазақстандықтар қанша төлейді
Таиландқа баратын шетелдік туристерден 450 бат (шамамен 6 мың теңге) көлемінде төлем алынуы мүмкін. Жаңа жүйе 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елдің Туризм және спорт министрлігі туристік төлемді енгізуді кейінге қалдыруға келіспеді. Демек 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Таиландқа келген шетелдіктерден 450 бат (шамамен 6 мың теңге) алынуы жоспарланып отыр.
Неліктен кәсіпкерлер төлемді енгізуге қарсы?
Таиландтағы туристік бизнес өкілдері жаңа төлемді әзірге енгізбеуді сұраған. Олардың пікірінше, қазір елдің туризм саласына қосымша салмақ түсіретін кезең. Бірқатар өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Ал шетелдік туристер ағыны пандемиядан кейін толық қалпына келіп үлгермеген. Сондықтан қонақүй иелері мен туроператорлар қосымша төлем туристердің Таиландқа баруға деген қызығушылығын азайтып, оларды басқа Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне бағыттауы мүмкін деп алаңдайды.
Жиналған ақша не үшін жұмсалады?
Үкімет туристерден жиналған ақшаны екі негізгі бағытқа жұмсамақ.
Біріншісі – туристерді сақтандыру. Төлемнің бір бөлігі Таиландқа келген шетелдіктерді елде болған уақытында автоматты түрде сақтандыруға жұмсалады. Демек туристің денсаулығына немесе өміріне қатысты жағдай болса, сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.
Екіншісі – туризм инфрақұрылымын дамыту. Қаражаттың қалған бөлігі танымал туристік орындарды жаңартуға, табиғатты қорғау жобаларына және су тасқыны сияқты табиғи апаттардан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге бағытталады.
Таиландқа ұшақпен баратын туристер үшін бұл төлем әуе билетінің бағасына қосылуы мүмкін. Ал елге құрлық немесе теңіз арқылы кіретіндер үшін төлем жасаудың бөлек тәртібі енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Таиланд қазақстандықтар үшін визасыз жүру мерзімін қысқартқаны туралы жазған едік.
Бір аптада жүріп-тұрудан әрі сөйлеуден қалған: Қазақстандық қыз қызылша салдарынан ауыр дертке шалдықты
