Алғашында ММА жаттығулары үшін Қазақстанға келген француз қыз елде қалып, қазақ тілін үйренуді шешкен
Желіде қазақ тілін үйреніп жүрген француз қызының видеолары көпшіліктің назарын аударды. 20 жастағы Нина Гуардасьоне Қазақстанға алғаш келгенде елде бірер ай ғана боламын деп ойлаған. ММА арқылы Қазақстан туралы білген бойжеткен бастапқыда елге тек жаттығу үшін келген. Алайда уақыт өте келе Нинаның Қазақстанға деген қызығушылығы артып, мұнда қалуға шешім қабылдаған. Қазір ол қазақ тілін үйреніп, Қазақстанды екінші үйіндей көреді. Француз қызы Stan.kz тілшісіне Қазақстанға алғаш келуі, қазақ тілін үйренуіне не себеп болғаны және елде алдағы уақытта қандай жоспарлары барын айтып берді.
“Ата-анам Қазақстан туралы біле бермейтін: Көшемін дегенде уайымдады”
20 жастағы Нина Францияда дүниеге келген. Дегенмен балалық шағы әртүрлі жерде өткен.
“Жасөспірім шағымнан бастап Панамада тұрдым. Қазақстанға келмес бұрын Дубайда да бірнеше ай тұрақтадым. Жалпы өзім жекпе-жек спорттарына, әсіресе (ММА) аралас жекпе-жекке қатты қызығамын. Негізі мені Қазақстанға біртіндеп алып келген де — ММА. Бастапқыда Қазақстанға негізінен жаттығу үшін және елді танып-білу үшін келген болатынмын. Бірақ уақыт өте келе бұл елмен қарым-қатынасым түбегейлі өзгерді. Бірнеше аптаға ғана созылатын тәжірибе болады деп ойлаған нәрсе өмірімдегі әлдеқайда маңызды дүниеге айналды. Мұнда көп уақыт өткізіп, біртіндеп осы жерде өзіме жоспарлар құрғым келеді”, – деп баяндады ол.
Ару Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдағанда отбасының алаңдағанын жасырмады. Айтуынша, ата-анасы Қазақстанды жақсы білмегендіктен, оның бұл шешімін бірден қабылдай қоймаған.
“Ата-анаңа Франциядан бірнеше мың шақырым жердегі, өздері жақсы білмейтін елге көшкің келетінін айтсаң, әрине, бірден қуана қоймайды. Басында олар қатты алаңдады. Бірақ кейін менің бұл жерге жай турист ретінде келмегенімді, мұнда өзім үшін маңызды нәрселермен айналысып жүргенімді түсінді. Олар мұнда келіп көрмесе де, мен баратын жерлерді, араласатын адамдарымды жақсы біледі. Біртіндеп Қазақстанда өзімді неге соншалықты жақсы сезінетінімді түсінді. Франция әрқашан менің отбасым және тамырым болып қала береді. Бірақ Қазақстан да мен үшін екінші үйге айналды. Ең бастысы, олар менің мұнда, тіпті жалғыз тұрсам да, өзімді жақсы әрі қауіпсіз сезінетінімді түсінді. Сондықтан қазір олардың көңілі әлдеқайда тыныш”, – деді Нина.

“ММА-да Шавкат Рахмоновты таныдым: Оның елінің туы мен киімі қатты ұнайтын”
Нина ММА спортында Шавкат Рахмоновты көріп сол арқылы алғаш Қазақстан туралы білген.
“Осы спортшы туралы, оның спорттағы жолы және өзі шыққан елі туралы іздей бастадым. Себебі әркез оның туы мен октагонға шыққан кезде киетін киімі қатты ұнайтын. Осылайша Қазақстанды, кейін Алматыны білдім. Қазақстан мені әсіресе жекпе-жек спорттарының мәдениетімен қызықтырды: күрес, бокс, грэпплинг және ММА. Мен жекпе-жек спорттары жақсы дамыған, жаттығуға барлық жағдай жасалған ортада өзімді сынап көргім келді. Бастапқыда мұнда тек бір айға келемін деп ойладым. Бірақ осы алғашқы тәжірибем өмірімді соншалықты өзгертеді деп мүлдем ойламаппын”, – деп баяндады ару.
Франциялық бойжеткен елге келген соң DAR TEAM жаттығу клубы туралы естіп, сонда жаттығып, өзін сынап көрмек болған. Айтуынша, өзін Қазақстандағы спорт жаттығуларындағы үлкен тәртіп таңғалдырған.
“Маған ең қатты әсер еткені — мұнда спорт жай ғана аптасына бірнеше сағат айналысатын әуес іс емес. Мұнда жаттығуға, тәртіпке және көп еңбек етуге үлкен мән беретінін көрдім. Спортшылардың бір-біріне деген құрметі де маған қатты ұнады. Одан бөлек, Қазақстанның өзі де маған қатты ұнады. Алматыға, тауларға, қаланың атмосферасына және адамдарына ғашық болдым. Маған үлкен, заманауи қаланың дәл жанында осындай әдемі табиғаттың болғаны ерекше әсер етті. Бастапқыда бір айға ғана келген едім. Бірақ сапарым екі айға, кейін үш айға созылды. Кейін виза мәселесіне байланысты Францияға қайтуыма тура келді. Дегенмен Қазақстанға қайта оралып, осында ұзақ уақыт тұруды мақсат еттім”, – деді ол.

“Маған көбі орысша үйренуге кеңес берді, бірақ құрмет үшін қазақ тілін таңдадым”
Нина Қазақстанға келерде басқалардан “көбірек адамдармен араласу үшін орыс тілін үйрен” деген кеңестерді естіген. Айтуынша, оған Қазақстанда бәрінің орыс тілін түсінетінін жеткізген.
“Бірақ осында келгенде достарымның бір-бірімен қазақша сөйлесетінін көрген соң, мен үшін бұл мәселе өздігінен шешілді. Менің басты мақсатым — өз ортаммен сөйлесе алу және өмір сүріп жатқан елімнің мәдениетін жақсырақ түсіну. Мен үшін бұл өзім тұрып жатқан елге деген құрметімді көрсетудің бір жолы. Мен Қазақстанға тек бизнес жасау немесе әлеуметтік желілерде француз аудиторияма елді көрсету үшін келетін француз болғым келмейді. Мен бұл елдің мәдениетін, дәстүрлерін және тілін түсінгім келеді. Одан бөлек спорт клубында достарымның көпшілігі қазақ тілінде сөйлейді. Мен бұл тілді күн сайын еститінмін және айналамдағы әңгімелерді, әзілдерді, сөз тіркестерін түсініп, өзім де сол әңгімелерге қатыса алғым келді. Сондықтан қазақ тілін үйренуге деген құлшынысым ерекше”, – деді ару.
Бойжеткен қазақ тілін білмегендіктен басында өзгелермен ағылшын немесе орыс тілінің бірнеше сөзін пайдаланып байланыс орнатып жүрген. Алайда қазір тілді үйренуге кіріскен.
“Атап айтқанда, "Қазақ тілі — Учимся говорить по-казахски" деген кітапты қолданамын. Бірақ ең бастысы – кездескен адамдармен тікелей сөйлесіп, практика жасауға тырысамын. Әлеуметтік желілер де маған өте көп көмектеседі. Өйткені видеоларыма пікір жазатын қазақтардан жаңа тіркестерді тікелей үйрене аламын. Достарым да қазақ тілін үйренуіме көп көмектеседі. Олар маған жаңа сөздер мен тіркестерді үйретіп қана қоймай, қазақтардың күнделікті өмірде қалай сөйлесетінін түсінуге көмектеседі. Себебі күнделікті ауызекі сөзді кітаптан үйрене алмауың мүмкін. Сосын маған қазақтардың кейбір нәрсені сөзбен емес, қимылмен жеткізетіні де қызық. Мысалы, біреудің өтірік айтса құлағын ұстауы, ұялса бетін ұстауы біраз нәрсені түсіндіреді. Осындай ұсақ детальдар арқылы қазақ мәдениетін де жақсырақ танып келемін”, – деп бөлісті ол.
@ninhakz 🇰🇿 Менің сүйікті қазақша сөздерім 🤍 Қазақстанда тұрғаныма 3 ай болды, қазақ тілін үйреніп жүргеніме 1 ай болды 🥹 Ал міне, менің сүйікті 3 сөзім: 🥇 Жігіт 🥈 Жақсы 🥉 Жаным 😂🫶🏻 Ал сіздердің сүйікті сөздеріңіз қандай? 🇰🇿 #қазақстан #алматы #қазақстан🇰🇿 ♬ Champagne Coast - PeakIano
“Жалақың қанша”, “тұрмыстасың ба” деп сұрайды: Бұл біздің елде тым жеке тақырып”
Нина Қазақстанға келгенде бәрі оңай болмағанын да жасырмады. Айтуынша ол алғашында тіл білмегендіктен адамдардың не айтып жатқанын түсінбеген. Алайда сонда да қазақтарды өте жылы және жомарт халық деп қабылдаған.
“Адамдармен қарым-қатынаста да мәдени айырмашылықтарды байқадым. Басында кей адамдардың бірден жақын араласып, жеке сұрақтар қоятыны таңғалдырды. Мысалы, “жалақың қанша” немесе “тұрмыстасың ба” деп сұрауы мүмкін. Францияда мұндай сұрақтар көбіне тым жеке немесе сұрауға болмайтын тақырып саналады. Ал мұнда адамдар үшін бұл жай ғана әңгіме бастау тәсілі. Бірақ мен мұны мәдени шок деп қабылдамадым. Керісінше, басқа елде өмір сүргенде жаңа нәрселерге бейімделуді үйренесің. Өзің үшін қалыпты нәрсенің басқа елде басқаша қабылдануы мүмкін екенін түсінесің. Қызығы да осы”, – деп түсіндірді ол.
Бойжеткен қазақтардың қонақжайлығы мен бауырмалдығын ерекше атады. Айтуынша, өзгелердің қарым-қатынасы ерекше жылу сыйлаған.
“Біреуді аз уақыт қана білсең де, кейде өзіңді оның досы сияқты сезінесің. Отбасы мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың маған берген әсері де ерекше. Жақын адамдарға, қонақтарға, үлкендерді құрметтеуге және қонақжайлыққа үлкен мән беріледі. Одан бөлек, маған Алматы сияқты үлкен қаладан көп ұзап кетпей-ақ тауларға бірден шыға алатыным да қатты ұнайды. Ал спортшылардың деңгейі мен жаттығуға деген көзқарасы мені ерекше таңғалдырды. Осындай тәртіпті, еңбексүйгіш адамдардың арасында жаттығу мені де дамуға ынталандырады. Осында келгеннен бері қазақ мәдениеті туралы өте көп нәрсе үйрендім. Атап айтқанда, дәстүрлерді, тағамдарды, отбасының маңызын, қонақжайлықты, мерекелерді және үйлену тойына байланысты кейбір дәстүрлерді танып келе жатырмын”, – деп қосты франциялық бойжеткен.
@ninhakz Сатушы кітаптар кімге арналғанын және баланың жасы нешеде екенін сұрағанда, «20 жаста» деуге тура келді 🧍♀️#қазақстан #алматы ♬ original sound - S A M
“Болашағымды Қазақстанмен байланыстырғым келеді”
Нина Қазақстандағы өмірін әрі қарай жалғастырып, осында өз жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап жүр. Бойжеткеннің айтуынша, елде өткізген уақыты оған көп адаммен танысып, жергілікті ортаға жақындауға мүмкіндік берген.
“Менің жоспарым өте көп. Франкофон елдерден келетін адамдарға Қазақстанды спорт арқылы таныстыратын бағдарламалар ұйымдастырғым келеді. Яғни жекпе-жек пен жаттығуларды ұйымдастыру ойымда бар. Оларға тек жаттығу емес, Қазақстанның мәдениеті мен күнделікті өмірін де көрсеткім келеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерімді дамытып, француздарға Қазақстанның шынайы бейнесін көрсеткім келеді. Қазақ тілін үйрену барысында қазақтарға француз тілін үйрететін қосымша жасау идеясы да пайда болды. Бұл жобалардың бәрі Қазақстанда көрген-білгендерімнен және өз қызығушылықтарымнан туындады. Мен бұл жерге тек бірнеше аптаға келіп кеткім келмейді”, – деп қорытты бойжеткен.
Франциялық ару Қазақстанда өз жобаларын орындап, болашағын осы елмен байланыстырғысы келетінін жеткізді.
@ninhakz Қазақстанмен болған кішкентай хикаям 🤍 #қазақстан #қазақстан🇰🇿 #алматы ♬ The Adults Are Talking - The Strokes
Бір аптада жүріп-тұрудан әрі сөйлеуден қалған: Қазақстандық қыз қызылша салдарынан ауыр дертке шалдықты
