Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Америка шөлінің қақ ортасында қалай киіз үй тігіп, 5 мың адамға ет асты

Асхат2
Фото: ChatGPT

Жыл сайын АҚШ-тың Невада штатындағы Блэк-Рок шөліне әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың адам жиналатын Burning Man-де биыл қазақ мәдениеті таныстырылды. Жай ғана таныстырылған жоқ, Қазақстаннан 11 мың шақырым жол жүріліп, Америка шөліне 11 киіз үй жеткізілді. Қазақ мәдениетін танимын дегендерге ағыл-тегіл бауырсақ пен қазақша ет тартылып, бес мыңға жуық қонақты күтуге 80 адам жұмылдырылған.

Мұның бәрін ұйымдастырған Tengri Camp командасының мақсаты – фестивальге келген жұртқа қазақтың киіз үйін ғана емес, қонақ күту дәстүрін, ұлттық асын, музыкасы мен мәдениетін таныстыру еді. Stan.kz тілшісі осы бастаманың авторы, тамыры Тараздан тараған Асхатпен әңгімелесті. 

Асхат 3
Фото: tengri_camp

Бәрі бір киіз үйден басталды

Асхат Burning Man фестиваліне алғаш рет 2024 жылы барып көрген. Бұл іс-шара туралы ол ең бірінші белгілі венчурлық инвестор Тим Дрейперден естіген, кейін Стэнфордта білім алып жүргенде профессор Илья Стребулаевтың да бұл фестивальге қатысқанын біледі. Сол жылы БҰҰ Бас

Ассамблеясына шақырту алып, Америкада жүрген Асхаттың Блэк-Рок шөліне де жолы түсіп, бұрын сырттай ғана естіген Burning Man-ді өз көзімен көруге мүмкіндігі туады. 

"Фестиваль маған қатты әсер етті. Әлемнің әр елінен келген адамдарды, бұрын-соңды естімеген түрлі мәдениет пен қауымдастықтарды көрдім. Бірақ сонша жұрттың арасынан Орталық Азияны, түркі әлемін, соның ішінде қазақ мәдениетін кездестірмедім", – дейді Асхат.

Burning Man-де бұрыннан қалыптасқан бір дәстүр бар, яғни фестивальге келгендер бір-бірін Welcome Home – "Үйге қош келдіңіз" деп қарсы алады. Осы бір ауыз сөз Асхаттың ойына қазақтың киіз үйін салады. Қазақ та табалдырығынан аттаған адамды қонақ деп біліп, төрге шығарып, алдына ас қояды ғой.

"Киіз үй – біздің үйіміз. Сонда неге өз үйімізді осы жерге алып келмеске деген ой туды. Оның үстіне біз көшпенді халықтың ұрпағымыз, ата-бабамыз да далада өмір сүрген, қазақ қонақжайлығымен де танылған. Сондықтан мәдениетімізді дәл осы жерде таныстыру орынды көрінді", – дейді Асхат. 

Осы ой араға бір жыл салып жүзеге асты. 2025 жылы Асхат Burning Man-ге бір қазақы киіз үй апарды. Жалғыз киіз үйдің өзі мыңнан астам адамды қызықтырып, бірі оның қалай құрылатынын сұраса, енді бірі кереге, уық, шаңырақтың қалай жалғасатынын көргісі келген. Көшпенділердің осындай баспананы ғасырлар бұрын ойлап тапқанына таңғалғандар да аз болмапты. 

Шетелдіктердің осы қызығушылығы Асхатқа өзі бала күнінен көріп өскен, қазақ үшін үйреншікті дүниеге басқа қырынан қарауға себеп болады.

"Адамдар киіз үйді көргенде қатты таңғалды. Оның қалай жасалғанын, мұндай құрылымды адамдар сол заманда қалай ойлап тапқанын сұрады. Сонда біз кейде өз мәдениетіміздің құнын өзіміз толық сезіне бермейміз-ау деген ой келді. Біз үшін киіз үй қалыпты дүние болуы мүмкін, ал оны алғаш көрген адам мүлде басқаша қабылдайды", – дейді ол. 

Былтырғы қызығушылықтан кейін Асхат бір киіз үймен шектелмеуді ұйғарады. Сөйтіп биыл Tengri Camp командасы Блэк-Рокқа бір емес, 11 киіз үй апарамыз деп білек сыбана кіріскен екен. 

11 мың шақырым жол жүріліп, Блэк-Рокқа жеткен 11 киіз үй

Киіз үйді жығып, түйеге артып, келесі қонысқа көшетін заман басқа, оны мұхит асырып Америкаға жеткізудің машақаты мүлдем басқа. 11 киіз үйдің кереге, уық, шаңырағы мен өзге жабдықтары екі 40 футтық контейнерге тиеліп, Алматы облысынан Невада штатындағы Блэк-Рок шөліне қарай жолға шықты. Екі араның қашықтығы – шамамен 11 мың шақырым. 

Алайда жүк жолға шықпай тұрып атқарылатын шаруа одан да көп еді. Кеден мен рұқсат құжаттарын реттеу, бағытты белгілеу, бірнеше ел арқылы өтетін тасымалды үйлестіру үшін бірнеше логистикалық топ жұмыс істеген.

"Басқа құрлыққа мұндай көлемдегі жүкті жеткізу оңай емес. Бірнеше логистикалық команда жұмыс істеді, достарым мен Tengri Camp қатысушылары да көмектесті. Әр кезеңде шешетін мәселе шығып отырды", – дейді Асхат. 

Жүкті тасымалдап келе жатқанда жол-жөнекей қызық жағдай да орын алған. Жүк Қытай кеденіне жеткенде тоқтатылып, командаға киіз үйдің не екенін, қазақ мәдениетінде қандай орны барын және Америкаға не үшін бара жатқанын түсіндіруге тура келіпті. 

Осындай ұзақ жолдан кейін екі контейнер Блэк-Рокқа аман жетеді. Бірақ 11 киіз үйді шөлге жеткізу бір бөлек те, санаулы күннің ішінде бәрін тігіп үлгеру бір бөлек екен.

11 киіз үйдің алтауы ғана тігілді

Команда лагерьді дайындауға 7–8 күн жеткілікті болады деп есептеген еді. Алайда Блэк-Роктың ауа райы жоспарды өзгертіп, үш күн бойы шаңды дауыл соғып, тағы бір күні толассыз жаңбыр жауған. Уақыт қысқарып, адам күші де жетпеген соң, Қазақстаннан жеткізілген 11 киіз үйдің алтауын ғана тігуге мәжбүр болады.

Соның үшеуінен Tengri Camp лагері құрылды. Тағы бір киіз үй мексикалық лагерьге берілсе, біреуі Burning Man әуежайына орналастырылған. Ал алтыншысы түйе бейнесіндегі арт-нысанның бір бөлігіне айналды. Қалған бес киіз үй құрылмаған күйі контейнерде қалған.

Алайда Асхат мұны сәтсіздік деп қабылдамайды. Керісінше, басқа құрлыққа 11 киіз үй жеткізу, одан бөлек ауа райы құбылып тұрған шөлде үлкен лагерь тұрғызудың екі бөлек жұмыс екенін осы сапар анық көрсеткенін айтады. 

Әр киіз үйдің өзіне тән ерекшелігі бар

Tengri Camp киіз үйді тігіп қойып, келген жұртқа сыртынан көрсету үрдісі емес. Ұйымдастырушылар әр үйдің ішіне бөлек мазмұн беріп, шетелдіктерге Қазақстанды бірнеше қырынан таныстыруға тырысқан.

Бір киіз үйде Каспий мен Арал теңіздерінің тартылуына арналған фотокөрме ұйымдастырылса, екіншісінде қазақтың музыкасы мен мәдениеті таныстырылыпты. Осылайша келген адам бір үйден қазақтың дәстүрлі мәдениетін көрсе, екіншісінен елдегі экологиялық мәселені танып шыққан.

"Адамдар киіз үйлерден үлкен әсермен шығып жатты. Олар Қазақстанның мәдени мұрасының қаншалықты бай екеніне ғана емес, қазіргі технологиялар бағытында да қаншалықты алға жылжығанымызға таңғалды. Сондықтан біз үшін бұл жобаның әсері өте үлкен болды", – дейді Асхат. 

Бірақ Tengri Camp-та қазақ мәдениетін таныстыру киіз үйдің ішіндегі көрмелермен аяқталған жоқ. Қазақта үйге келген адамға алдымен дәм ұсынатыны бар. Команда да осы дәстүрді Блэк-Рокта жалғастырып, бірнеше мың адамға ас беруге қамданған.

Шөл ортасында бес мың адамға ас дайындалды

Ұйымдастырушылар Қазақстаннан киіз үйлермен бірге көлемі 250 литр болатын екі қазан және 150 литрлік тағы бір қазан апарған. Үш қазанға барлығы 650 литр ас сыяды. Жоспар бойынша Tengri Camp қазақша ет пен бауырсақтан бес мыңға жуық адамға дәм татқызбақ еді. 

Мұнша адамға бір мезетте ас дайындау мүмкін емес. Сондықтан жүздеген келі ет бірнеше бөлікке бөлініп, бір күн бұрын асыла бастады. Қазақстаннан дайын жайма қамыр да ала барған, оны қонақтар келер кезде сол жерде пісіріп отырды.

Бірақ үйреншікті асты Блэк-Роктың ортасында әзірлеу оңайға соқпаған. Шөлдің аптабы мен шаңды дауылына оттың және бірнеше жүз литрлік қазанның қызуы қосылды. Соған қарамастан ұлттық тағамның дәмі мен сапасын бұзбай пісіру басты мақсат еді. 

Тенгри камп
Фото: tengri_camp/ЖИ-мен жақсартылған

 

"Шөл далада кез келген тамақты дайындау қиын, ал белгілі бір сапаны сақтауды қажет ететін ұлттық тағам әзірлеу одан да күрделі. Дала ыстық, шаңды дауыл соғып тұрады, оның үстіне қазанның қызуы бар. Осындай жағдайда сағаттап тамақ дайындау оңай болған жоқ", – дейді ол.

Лагерьдегі 80-ге жуық адамның барлығы дерлік қонақ күтуге атсалысты. Бірі ет асып, қамыр пісірсе, енді бірі ас пен сыйлық таратты. Тағы бір топ киіз үйге келгендерге Қазақстан мен қазақ мәдениеті туралы айтып отырды. 

киіз үй 4
Фото: tengri_camp/ЖИ-мен жақсартылған

Осы үлкен ас қамының басы-қасында Асхаттың досы әрі Tengri Camp-тың негізгі ұйымдастырушыларының бірі Қанағат жүрген. Ол азық-түлік сатып алудан бастап, дайын асты қонақтарға таратуға дейінгі жұмысты басқарыпты.

"Қанағат екінші жыл қатарынан бізбен бірге жүр. Азық-түлік сатып алу, тамақ дайындау, оны адамдарға тарату – осының бәрін басқарды. Осынша адамға ас дайындау үшін көп адамның еңбегі керек болды", – дейді Асхат. 

"Біз үшін қалыпты дүние оларға таңсық екен"

Tengri Camp-қа келген шетелдіктердің бірі киіз үйге қызықса, енді бірі қазақтың ұлттық асынан алғаш рет дәм татты. Келген қонақтардың арасында Қазақстан туралы сұрап, кейін командамен байланысын үзбегендер де бар. Тіпті фестивальден кейін Қазақстанға келіп, осында танысқан адамдармен араласуын жалғастырғандар кездескен. 

Асхаттың айтуынша, осындай ықылас былтыр бір киіз үйден басталған істі биыл үлкен лагерьге айналдыруға себеп болыпты.

"Біз үшін ең құндысы – адамдардың ықыласы. Burning Man-дегі адамдар өте ашық, мейірімді, жасаған дүниеңді шын бағалайды. Қызығып сұрайды, алғысын айтады. Кейбірі кейін Қазақстанға келіп, біздің достарымызбен араласып, байланысын жалғастырып жатады. Осындай реакцияны көргенде бастаған ісіңді әрі қарай жалғастырғың келеді", – дейді ол. 

Әсіресе шетелдік қонақтарға қазақтың адамды үйге кіргізіп, алдына ас қойып, дәм татқызатын әдеті ерекше әсер еткен. Қазақ үшін күнделікті тіршіліктің бір бөлігі саналатын қонақ күту дәстүрі Блэк-Рокта мәдениетті танытудың бір жолына айналды.

"Қазақтың қонақжайлығы жобамыздың басты ерекшеліктерінің бірі болды деп айта аламын. Біз адамдарға киіз үйді жай ғана көрсеткен жоқпыз, оларды қонақ ретінде қарсы алып, дастарханымыздан дәм татқызып, мәдениетімізбен таныстырдық. Біз үшін үйге келген адамды осылай қарсы алу қалыпты нәрсе ғой, ал басқа ортадағы адамдар мұны ерекше қабылдайды екен", – дейді Асхат. 

Осы сапардан кейін Асхат қазақтың өзіне үйреншікті көрінетін дүниелердің елді танытатын ең қарапайым әрі түсінікті құрал бола алатынына тағы бір мәрте көз жеткізгенін айтады.  

Tengri Camp енді басқа елдерге бармақ

Бір киіз үйден басталған Tengri Camp енді тек Burning Man-мен шектелуді көздемейді. Команда Майамиде өтетін Love Burn мен Кейптаун маңындағы AfrikaBurn фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр. Келесі жылы Burning Man-ге қайта бару мәселесі де қаралып жатқан көрінеді.

Алайда биылғы ауқымды сапарды өз қаражатына ұйымдастыру  командаға оңай түспеген. Tек логистиканың өзіне 100 мың доллардан астам қаржы жұмсалыпты. Асхаттың сөзінше, жобаға мемлекеттен де, ірі компаниялардан да қаржылай қолдау көрсетілмеген, барлық шығынды қатысушылар өздері көтерген екен.

Сондықтан келесі сапарлардың ауқымы жобаны қолдайтын серіктестердің табылуына да байланысты болмақ.

"Қазір Tengri Camp үлкен халықаралық жобаға айналды. Майамидегі Love Burn мен Кейптаун маңындағы AfrikaBurn-ге қатысуды жоспарлап отырмыз, кейін келесі жылғы Burning Man туралы да ойланамыз. Бірақ бізді қолдайтын институционалдық инвестор болмаса, мұндай ауқымдағы жобаны қайта жасау өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады. Өйткені биыл шығынымыз өте көп болды", – дейді Асхат. 

Ал Асхаттың алдағы уақытқа қойған тағы бір мақсаты бар. Ол бір күні қазақтың 50 киіз үйін АҚШ-тың 50 штатына жеткізгісі келеді. 

Екі жыл бұрын Блэк-Рок шөліндегі сан түрлі мәдениеттің арасынан қазақтың киіз үйін көрмеген Асхаттың ойына "неге өз үйімізді осында алып келмеске?" деген сұрақ келген еді. Келесі жылы сол шөлге бір киіз үй апарды, биыл Қазақстаннан 11 киіз үй жеткізілді. Ендігі ойы – қазақтың киіз үйінің есігін басқа елдерде де ашу болып отыр.
 

https:

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 17:28