Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы да жеңілдетілген салық режимі бойынша салықты өзгерту ұсынылды

Шағын бизнес салық мөлшерлемесі
Фото: magnific.com

Құрылтай депутаты Дәурен Ахметжаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында шағын және орта бизнес үшін барлық өңірде бірдей салық мөлшерлемесін белгілеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың сөзінше, партия бірнеше жылдан бері шағын және орта бизнеске түсетін салық жүктемесін азайтуды ұсынып келеді. 2023-2025 жылдары фракция бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету туралы Үкіметке, әкімдіктер мен мәслихаттарға бірнеше рет ұсыныс жасаған. Нәтижесінде бірқатар өңірде мөлшерлеме 2-3%-ға дейін төмендетілген.

Алайда жаңа Салық кодексін талқылау кезінде "Ақ жол" арнайы салық режимі бойынша бүкіл елге ортақ мөлшерлеме белгілеуді ұсынғанымен, бұл бастама қолдау таппаған.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданудың жаңа тәртібі күшіне енді. Салық кодексіне сәйкес, бұл режим бойынша табыс салығының базалық мөлшерлемесі 4% болып белгіленген.

Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мөлшерлемені қызмет түрі мен нысанның орналасқан жеріне қарай 50%-ға дейін төмендетуге немесе көтеруге мүмкіндік берілген. Осыған байланысты бір өңірде кәсіпкер 2% салық төлесе, басқа өңірде бұл көрсеткіш 6%-ға дейін жетуі мүмкін.

Депутаттың айтуынша, мұндай айырмашылық шағын бизнеске кері әсер етеді. Салық көп болған сайын кәсіпкердің таза табысы азайып, бизнесті дамытуға жұмсайтын қаражаты қысқарады. Бұдан бөлек, бірнеше өңірде жұмыс істейтін кәсіпкерлер әр аумақтағы мөлшерлеме әртүрлі болған жағдайда салық есебін бөлек жүргізуге мәжбүр болады. Бұл олардың жұмысын қиындатады.

"Ақ жол" өкілдерінің пікірінше, салық мөлшерлемесінің өңірге қарай өзгеруі кәсіпкерлердің бизнесін басқа жерге көшіруіне де әсер етуі мүмкін. Әсіресе, ауылдар мен шағын қалалар үшін бұл маңызды мәселе.

Дәурен Ахметжанов сөзінше, кәсіпкер бизнестің сұранысы, инфрақұрылымы мен тиімділігіне емес, салық мөлшерлемесінің төмендігіне қарап жұмыс істейтін өңірді таңдауы мүмкін. Бұл өз кезегінде кейбір елді мекендердегі салық түсімінің және кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне әкелуі ықтимал.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы бірнеше ұсыныс жасады:

  • Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі үшін бүкіл Қазақстан бойынша 2-3% аралығында бірыңғай мөлшерлеме белгілеу ұсынылды. Бұл ретте мәслихаттардың салықты көтеру немесе төмендету құқығын алып тастау көзделіп отыр.
  • Өңірлердегі салық мөлшерлемелерінің шағын және орта бизнестің орналасуына қалай әсер ететінін зерттеу ұсынылды. Оның ішінде кәсіпкерлердің бір өңірден екіншісіне көшуі, әсіресе ауылдар мен шағын қалалардан облыс орталықтарына қоныс аударуы да талдануы тиіс.
  • Шағын және орта бизнес үшін барлық өңірде бірдей негізгі салық шарттарын қамтамасыз ету мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін Құрылтай депутаты Татьяна Савельева банктерді мемлекет қолдауын пайдаланып алып, бизнесті несиелендіруге асықпай отыр деп айыптаған еді. Ол банктерде қаражат бола тұра, оны бизнесті ұзақ мерзімге несиелеуге көп бағыттамай отырғанын айтты.

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 15:18