Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жәрдемақы алу тәртібі қаралады, депозит мөлшерлемесі өседі: Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

қазан айында не өзгереді
Фото: Stan.kz

Қазан айында қазақстандықтарды бірқатар маңызды өзгеріс күтіп тұр. Президенттің халыққа жолдауы жарияланады, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды, мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Бұдан бөлек, қазақстандықтар Республика күніне орай үш күн қатарынан демалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі толығырақ хабарлайды.

Президент халыққа Жолдау жасайды

Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайды. Президенттің айтуынша, онда алдағы кезеңге арналған негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалады.

Жолдаудың нақты өтетін күні әзірге жарияланған жоқ.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайта қарайды

23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Қыркүйекте мөлшерлеме 16,75 %-дан 16,25 %-ға дейін төмендетілген еді. Мұндай төмен баға осы жылғы қатарынан үшінші төмендету болып саналады.

Ұлттық банктің шешімі несие мен депозиттердің құнына тікелей әсер етеді. Сондықтан қазан айындағы бұл шешім халық пен бизнес үшін маңызды экономикалық оқиғалардың бірі болмақ. Оның деңгейі банктердегі несие мен депозит мөлшерлемелеріне де ықпал етеді.

Қазан айындағы негізгі өзгерістердің бірі – салық төлемі

Жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады. Салықты пәтер, үй, саяжай, гараж, автотұрақ және басқа да жылжымайтын мүлік иелері, сондай-ақ жер учаскелерінің иелері төлеуі тиіс.

Есептелген соманы банк қосымшаларынан және салық сервистері арқылы тексеруге болады. 2 қазаннан бастап қарызы бар азаматтарға хабарламалар жіберіледі. Хабарлама табысталғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде салық өтелмесе, салық органы салық бұйрығын қалыптастырады. Егер ол тағы 5 жұмыс күні ішінде орындалмаса, материалдар жеке сот орындаушысына берілуі мүмкін.

Сондықтан жылжымайтын мүлік иелеріне қазан басталмай тұрып салық бойынша берешегін тексеріп, қажет болса төлем жасау ұсынылады.

Қазан айында Қазақстанда салық төлеу, депозит, онлайн несие, жұмыссыздарды тіркеу, қаржы өнімдері мен жеке деректерді қорғау салаларында бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Жаңа талаптар азаматтармен қатар банктерге, микроқаржы ұйымдарына және бизнеске де қатысты болады.

Мүлік салығын төлеу керек

1 қазанға дейін жеке тұлғалар 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеуі тиіс. Бұл талап жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелеріне қатысты. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, есептелген салық сомалары туралы ақпарат екінші деңгейлі банктерге берілген. Азаматтар тиісті хабарламаны банк қосымшаларындағы push-уведомление арқылы алуы мүмкін.

Салықты банк қосымшалары, банк бөлімшелері, төлем терминалдары және басқа да қолжетімді тәсілдер арқылы төлеуге болады. 2 қазаннан бастап қарызы бар мүлік иелеріне хабарлама жіберіледі. Хабарламаны алғаннан кейін салық 30 жұмыс күні ішінде төленбесе, салық органы салық бұйрығын шығарады.

Егер азамат оны тағы 5 жұмыс күні ішінде орындамаса, материалдар жеке сот орындаушысына берілуі мүмкін.

мүлік салығы
Фото: magnific.com

Валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі өседі

1 қазаннан бастап шетел валютасындағы ұзақ мерзімді жинақ депозиттерінің шекті мөлшерлемесі артады. 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын мұндай депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры бұл шешімді депозит нарығындағы долларлану деңгейінің төмендеуімен байланыстырды. Қордың мәліметінше, долларлану деңгейі 2015 жылғы 80 пайыздан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19,2%-ға дейін төмендеген.

Бұл ретте депозиттерге берілетін кепілдік мөлшері өзгермейді. Теңгедегі жинақ депозиттері бойынша ең жоғары кепілдік – 20 миллион теңгеге дейін, басқа теңгелік депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша – 10 миллион теңгеге дейін, ал шетел валютасындағы депозиттер, шоттар мен карталар бойынша – 5 миллион теңгеге дейін.

Онлайн несие аларда 7 сұраққа жауап беріледі

1 қазаннан бастап онлайн рәсімделетін кепілсіз тұтынушылық қарыздарға қатысты қосымша талаптар күшіне еніп, клиенттер сауалнамаларға жауап береді. Банктер несие шарты жасалғанға дейін жеке тұлғадан арнайы сауалнама толтыруды талап етеді.

Егер клиенттің алаяқтық әрекеттің ықпалында болуы мүмкін екенін көрсететін күмәнді жағдайлар анықталса, қаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізеді.

Тексеру нәтижесіне қарай несие рәсімдеу жалғастырылуы, күмәнді жағдайлар жойылғанға дейін уақытша тоқтатылуы немесе несие беруден бас тартылуы мүмкін. Банк немесе микроқаржы ұйымы клиенттен ақшаны кім ұсынғанын және алаяқтардың ықпалында емес екенін анықтайтын 7 сұраққа жауап алуға міндетті болады.

несие
Фото: magnific.com

Талап кепілмен қамтамасыз етілмеген, интернет арқылы рәсімделетін тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттерге қатысты.

1 қазаннан бастап кейінге қалдырылған талаптардың бір бөлігі микроқаржы ұйымдарына да қолданылады. Яғни өзгерістер банктердің ғана емес, микроқаржы ұйымдаржың да онлайн кредиттеріне қатысты.

Қаржы ұйымдарының клиенттері қосымша қорғалады

12 қазаннан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы өнімдерін басқаруға қатысты талаптары күшіне енеді.

Енді қаржы ұйымдары жаңа немесе елеулі өзгертілген қаржы өнімін ұсынбас бұрын оның арнайы паспортын әзірлеуі тиіс.

Клиентке шарт жасалғанға дейін қаржы өнімінен немесе қосымша қызметтен айыппұлсыз бас тарту құқығы туралы ақпарат берілуі керек. Сонымен қатар маңызды талаптарды, өнімнің құны мен тәуекелдерін жасыруға, қаржы өнімін немесе қосымша қызметті күштеп ұсынуға тыйым салынады.

Клиенттің келісімін алдын ала белгіленген ұяшықтар арқылы алуға да жол берілмейді.

Жеке деректерді қорғау талаптары өзгереді

Қазан айында жеке деректерді жинау және өңдеу қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Құжатта жеке деректерді жою, анонимдеу және бүркемелеу ұғымдары нақтыланады. Сонымен қатар мұндай ақпаратпен жұмыс істеуге қойылатын талаптар күшейтіледі.

Жеке деректерді сақтау бойынша да нақты талап белгіленеді. Меншік иесі, оператор және үшінші тұлға азаматтардың деректерін Қазақстан аумағында орналасқан дерекқорда және цифрлық объектіде сақтауы тиіс.

Ал жеке деректерді шетелге беру қағидалары да нақтыланады. Қағидада көзделген жағдайларда деректерді ел аумағынан тыс жерге жіберу үшін азаматтың келісімі қажет болады. Заңда тікелей көрсетілген жағдайлар бұған кірмейді.

Өзгерістер клиенттер мен қызметкерлердің деректерін жинайтын компанияларға, соның ішінде интернет-дүкендерге, түрлі сервистер мен қосымшаларға, қаржы ұйымдарына және онлайн платформаларға қатысты.

Сондықтан қазан айынан бастап бизнеске жеке деректерді жинау, сақтау және өңдеу тәртібін жаңа талаптарға сәйкестендіру қажет болады.

жеке деректер
Фото: magnific.com

Жәрдемақы алу тәртібі өзгереді: отбасының табысы ғана емес, мүлкі де есепке алынады

Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету жүйесі кезең-кезеңімен өзгере бастайды. Мемлекет азаматтың тек айлығына емес, оның мүлкіне, баспанасына, көлігіне, жұмысына, денсаулығына, біліміне және басқа да көрсеткіштеріне қарай отбасының әл-ауқатын бағалайды.Өзгеріс республикалық бюджеттен төленетін 39 мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне қатысты болады. Алайда барлық төлем бірдей тоқтатылмайды. Әр жәрдемақы оның тағайындалу негізі мен отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай жеке қарастырылады. Отбасының әлеуметтік жағдайын "Отбасының цифрлық картасы" автоматты түрде бағалайды. Жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы деректерді пайдаланады.

Отбасылар бес санатқа бөлінеді:

  • А санаты – 1800 және одан жоғары балл;
  • В санаты – 730–1799 балл;
  • С санаты – -30–729 балл;
  • D санаты – -460–-29 балл;
  • Е санаты – -459 және одан төмен балл.

Жаңа тәртіп әзірге А және В санаттарына, яғни 730 және одан жоғары балл жинағандарға қатысты. Маңыздысы, әлеуметтік желілерде тараған "мына табыстан жоғары болса, жәрдемақы берілмейді" деген нақты кестелердің ресми ақпарат емес екенін Еңбек министрлігі ескертті. Ведомство жаңа тәртіп бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жүйеде отбасының жан басына шаққандағы табысы есепке алынады. Сонымен бірге кредиті, көлігі, тұрғын үйі, жұмысы, балалары және әлеуметтік жағдайы да бағаланады. Мысалы, жоғары табыс автоматты түрде әлеуметтік көмек алуға құқықтан айырмайды. Керісінше, төмен табыс та жәрдемақыға автоматты түрде құқық бермейді. Отбасындағы көлік саны да балға әсер етеді. Бір көлік болған жағдайда қосымша балл берілмейді, ал екі немесе одан көп көлік отбасының қорытынды көрсеткішіне әсер етеді. Жұмыспен қамтылған адамдардың саны да есепке алынады. Отбасында екі немесе одан да көп жұмыс істейтін адам болса, жүйе оған қосымша балл есептейді.

Тұрғын үйге қатысты көрсеткіштердің салмағы да жоғары. Бірнеше үйі бар отбасыға қосымша балл есептелуі мүмкін, ал баспананың болмауы керісінше қорытынды көрсеткішті төмендетеді.

Мұқтаждық деңгейін ескере отырып тағайындалатын төлемдердің қатарында:

  • бала тууына байланысты жәрдемақы;
  • бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы;
  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға берілетін төлем;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға арналған жәрдемақы;
  • асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақы;
  • мүгедектік бойынша кейбір жәрдемақылар;
  • жерлеуге берілетін жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдер бар.
отбасы
Фото: pixabay.com

Осы ретте бір төлемнің сақталуы басқа төлемді автоматты түрде алуға құқық бермейді. Мысалы, I топтағы мүгедектігі бар адамның мүгедектік бойынша жәрдемақысы сақталады. Алайда кейін оның бала тууына байланысты басқа төлем алуға құқығы пайда болса, сол төлем бойынша отбасының мұқтаждық деңгейі бөлек бағаланады. 

Толығырақ сілтемеден оқи аласыздар.

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы қысқарады

1 қазаннан бастап Еңбек министрлігі жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысын өзгерту бойынша пилоттық жобаны іске қосады. Ең басты өзгерістің бірі – жұмыссыз мәртебесін алу алдында лайықты жұмыс іздеу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады.

Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары жұмыс іздеушінің тәжірибесі мен дағдыларын бағалап, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен байланысады.

Маңыздысы – 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем тоқтатылмайды. Оның ең ұзақ мерзімі де алты ай болып қала береді.

Ал бұл төлемнің максималды мерзімін үш айға дейін қысқарту тек 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарастырылған.

Жұмыссыз мәртебесін беру үшін лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады.

Осы кезеңде мансап орталығы азаматтың білімі, тәжірибесі мен дағдыларын саралап, сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де байланысады.

жұмыссыздық
Фото: magnific.com

Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді неғұрлым атаулы модельге көшіру жоспарланып отыр.

1 қазаннан бастап азаматтарға жүйедегі өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен ақпарат беріледі. Алғашқы кезеңде қолданыстағы 36 әлеуметтік төлемнің 14 түрі бойынша атаулы модельге көшуге қажетті нормативтік база әзірленеді.

Мобильді аударым лимиті 2 миллион теңгеге дейін өсуі мүмкін

Банкаралық мобильді төлем жүйесі арқылы бір транзакцияға белгіленген лимитті 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Алайда бұл әзірге жоба. Өзгеріс қоғамдық талқылауға шығарылған. Банктер ішкі тәуекелдерді басқару жүйесіне қарай өз лимиттерін белгілей алады.

мобильді аударым
Фото: magnific.com

Алматыда су қымбаттайды

Коммуналдық тарифтер барлық жерде бірдей қымбаттамайды. Қазан айынан бастап жекелеген өңірлерде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді. Бірақ бұл Қазақстан бойынша коммуналдық қызметтердің жаппай қымбаттауы дегенді білдірмейді. Тарифтер нақты жеткізуші мен өңірге қарай жеке белгіленеді. Қазан айынан бастап өзгерістер Алматыда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, Шахтинскіде, Курчатовта, Оралда және басқа да елді мекендерде жекелеген қызмет түрлері бойынша енгізіледі.

Тарифтер тұтынушы санатына қарай да ерекшеленуі мүмкін. Яғни халық, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін баға бірдей болмауы ықтимал. Сондықтан қазан айындағы коммуналдық төлемді жасамас бұрын, тариф өзгерген өңірлердегі тұрғындарға өз қызмет көрсетушісінен жаңа бағаны нақтылап алған жөн.

1 қазаннан бастап Алматыда ауызсу мен кәріз қызметінің тарифі өзгереді. Халық үшін қосымша құн салығын қоса есептегенде:

  • су – 178,06 теңге/м³;
  • су бұру – 119,46 теңге/м³;
  • екеуі қосылғанда – шамамен 297,52 теңге/м³.

Яғни алматылықтардың коммуналдық шығыны тағы артады.

су тарифі
Фото: magnific.com

Маңдайша орнату тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап маңдайшаларды орналастыруды келісудің жаңа тәртібі қолданылады. Маңдайша эскизін әкімдікпен келісу қажет. Бұл талап республикалық маңызы бар қалаларға, Астанаға, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларға, сондай-ақ ауылдар мен кенттерге қатысты.

Қызмет тегін көрсетіледі. Құжаттарды қарау мерзімі – 4 жұмыс күні.

Осылайша, кәсіпкерге маңдайша эскизін келісу туралы шешім немесе дәлелді бас тарту беріледі. Қағаз түрінде өтініш берген кезде өтініш, маңдайша эскизі және жеке куәлік қажет. Ал портал арқылы өтініш ЭЦҚ көмегімен электронды түрде беріледі.

Бұл өзгеріс дүкен, кафе, салон, кеңсе және басқа да нысандар ашатын кәсіпкерлерге тікелей қатысты.

Астана мен Алматыдағы кезекші ХҚКО-лардың жұмысы өзгереді

Астанада 1 қазаннан бастап кезекші ХҚКО-лардың мекенжайы өзгереді. Кезекшілік режимінде Есіл ауданындағы №1 ХҚКО мен Нұра ауданындағы ХҚКО жұмыс істейді.

Алматыда кезекші арнайы ХҚКО-лардың сенбідегі жұмыс тәртібі өзгереді. Аққайнар көшесі, 1 және Ақсуат көшесі, 118 мекенжайларындағы арнайы ХҚКО-ларда сенбі күні құжаттар 09:00-ден 12:00-ге дейін қабылданады. Дайын құжаттарды 13:00-ге дейін алуға болады. 

Алматыдағы қалған арнайы ХҚКО-лар жұмыс күндері әдеттегі режимде – 09:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сенбі күні олар үшін демалыс болып қалады.

Алматы автотұрақтар
Фото: Almaty Parking

Алматыда көлікті айып тұрағына эвакуациялау ақылы болады

4 қазаннан бастап Алматыда көлікті эвакуациялау және оны коммуналдық арнайы тұрақта сақтау ақылы болады. Көлік иелеріне автомобильдерін 3 қазанға дейін алып кету ұсынылады.

Жаңа тәртіп бойынша көлікті эвакуациялау құны көлік түріне қарамастан 3 АЕК – 12 975 теңге болады.

Арнайы тұрақта көлікті сақтаудың алғашқы тәулігі үшін 2,5 АЕК – 10 812,5 теңге, ал одан кейінгі әр тәулікке 5 АЕК – 21 625 теңге төленеді. Бұл талап әкімшілік заңнама бұзылғаны үшін ұсталып, арнайы тұраққа эвакуацияланған көліктерге қатысты.

Астана-1 вокзалы қазан айының соңына дейін ашылуы мүмкін

Астанадағы "Астана-1" теміржол вокзалын жаңғыртудан кейін қазан айының соңына дейін қайта ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеген. Жаңғыртудан кейін вокзалдың аумағы шамамен 7 мың шаршы метрден 8,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Қазақстанда жаңа Stadler вагондары жүре бастайды

Қазан айының соңы – қараша айының басында Қазақстанда жаңа Stadler жолаушылар вагондарын пайдалануға беру жоспарланған. Қазір вагондар сынақтан және қосымша тексерулерден өтіп жатыр. Оларды тұрақты пайдалануға беру туралы түпкілікті шешім сынақтар аяқталғаннан кейін қабылданады.

"Штадлер Қазақстан" компаниясының мәліметінше, қыркүйек айының соңына қарай 75-тен астам вагон "Жолаушылар тасымалы" АҚ балансына қабылданған. Қазір вагондар пайдалануға дайындалып, жолсеріктер қосымша дайындықтан өтіп жатыр.

Фото: Stadler Kazakhstan 2
Фото: Stadler Kazakhstan

Алматы-Ташкент бағытына әйелдер вагоны қосылады

1 қазаннан бастап Алматы-Ташкент халықаралық теміржол бағыты бойынша әйелдерге арналған арнайы вагон іске қосылады.

Вагондағы билеттер әйел жолаушыларға арналған. Сонымен қатар ережеде белгіленген жасқа дейінгі ұл балаларға анасымен бірге жүруге рұқсат етіледі.

Сауда саласында жаңа талаптар пайда болады

19 қазаннан бастап ішкі сауда қағидаларына енгізілген ауқымды өзгерістер күшіне енеді.

Жаңа талаптар дүкендерге, сауда желілеріне, өндірушілерге, жеткізушілерге және электронды сауда алаңдарына қатысты.

Қазақстанда өндірілген тауарларды сауда орындарында ілгерілетуге ерекше назар аударылады. Отандық өндірушілер мен жеткізушілерден өтінім жеткіліксіз болса, бос тұрған сауда кеңістігін басқа тауарларға пайдалануға болады.

Электронды саудада да қазақстандық өнімдерді тұтынушыға анағұрлым көрнекі ұсынуға мүмкіндік беретін тетіктер енгізіледі. Мұндай тауарларда "Қазақстанда жасалған" белгісі көрсетіледі.

сауда ұйымы
Фото: magnific.com

Отандық өндірушілерді тіркеу тәртібі күшейеді

2 қазаннан бастап Қазақстан тауар өндірушілерінің тізілімін жүргізудің жаңартылған қағидалары күшіне енеді. Жаңа тәртіп өндірушілерді тізілімге енгізу және олардың отандық өндіруші мәртебесін растау рәсімін нақтылайды.

Компанияның өндірісі, технологиялық операциялары, пайдаланатын жабдықтары, шикізаты және басқа да көрсеткіштері ескеріледі.

Сонымен қатар мәліметтерді цифрлық тексеру, өндірісті бағалау және ұсынылған ақпараттың дұрыстығын тексеру тетіктері енгізіледі. Мұндай тізілім мемлекеттік қолдау шараларына немесе мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде отандық өндіруші мәртебесін ресми түрде растауы қажет компаниялар үшін маңызды.

Ұшақтарда Wi-Fi пайда болуы мүмкін

Қазақстанда алғашқы интернетке қосылған жолаушылар ұшақтары қазан айында-ақ рейске шығуы мүмкін. Ұшақтарды интернетпен қамтамасыз ету үшін Viasat және OneWeb технологиялары қарастырылып жатыр.

Бұл жоба іске асса, жолаушылар әуе кемесінің бортында интернет пайдалана алады.

Wi-Fi ұшақ
Фото: maxnet.ua

Ауруханалар мен емханаларда маска тағу режимі енгізіледі

1 қазаннан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізіледі. Мұндай шара 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында қолға алынған.

Негізгі мақсат – тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар және COVID-19 таралуының алдын алу.

аурухана
Фото: magnific.com

Қызметкерлердің медициналық тексеруі жаңарады

3 қазаннан бастап міндетті медициналық тексеруден өткізу қағидалары өзгереді. Жаңартылған талаптар медициналық тексеруден өтуі тиіс азаматтардың санатына, тексерудің мерзімі мен тәртібіне, зертханалық және функционалдық зерттеулер көлеміне, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдер тізіміне қатысты.

Зиянды және қауіпті өндірістік факторлармен жұмыс істейтін азаматтар жұмысқа қабылданар алдында медициналық тексеруден өтеді. Кейін олар белгіленген мерзім сайын міндетті медициналық тексеруден өтіп тұрады.

Сондықтан өзгеріс жұмысшыларға ғана емес, қызметкерлердің медициналық тексеруін ұйымдастыруға міндетті жұмыс берушілерге де қатысты.

Қытайға автокөлікпен кіру уақытша тоқтайды

1-3 қазан аралығында Қазақстан–Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Осы күндері аталған бекеттер арқылы адамдар, автокөліктер мен жүктер өткізілмейді.

Шектеу Қытай Халық Республикасының құрылу күніне байланысты енгізіледі. Ал теміржол өткізу бекеттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.

Көліктер кептеліс
Фото: Magnific.com

Техникалық байқау цифрлық бақылауға көшеді

19 қазаннан бастап көліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізу тәртібі өзгереді. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – әр көлік санатына қарай техникалық байқауға жұмсалатын ең төменгі уақыт белгіленеді.

Жеңіл автокөліктерге жататын M1 санаты үшін – кемінде 20 минут, O1 және L1-L7 санаттары үшін – 15 минут, ал M2, M3, N1-N3 және O2-O4 санаттары үшін – 30 минут қарастырылған.

Бірыңғай цифрлық жүйе көліктің түрі мен санатына қарай тексеру нәтижелерін тіркейді. Осылайша, диагностикалық картаны рәсімдеу мен техникалық байқаудың өзі цифрлық бақылауда болады.

Қазан айының ауа райы қандай болады?

Қазгидромет қазан айына арналған консультативтік болжамын жариялады. Метеорологтардың болжамынша, айлық орташа температура Қазақстанның басым бөлігінде климаттық нормадан 1–2 градус жоғары болады.

Дегенмен солтүстік және орталық өңірлерде үсік түсіп, температураның айтарлықтай құбылуы күтіледі.

Яғни қазан жалпы алғанда жылырақ болғанымен, солтүстік пен орталық аймақтарда тұрғындарды салқын күндер мен алғашқы үсіктер күтуі мүмкін.

ауа райы (1)
Фото: magnific.com

Қазан айында аспанда да бірнеше қызық құбылыс болады

Қазан айында жұлдызды аспанды бақылаған қазақстандықтар бірнеше астрономиялық құбылысты тамашалай алады. Ай ішінде Драконидтер мен Орионидтер метеор ағындары байқалады. Сонымен қатар Сатурн мен Веста астероидына қатысты астрономиялық құбылыстар болады.

Оларды бақылаудың нақты уақыты мен қолайлы орындары астрономиялық күнтізбеге байланысты анықталады.

Ауыл шаруашылығына қаржы беріле бастайды

1 қазаннан бастап Аграрлық несие корпорациясы 2027 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына арналған "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдай бастайды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін соңғы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз деңгейінде белгіленген. Қаржыландыруды екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі арқылы алуға болады.

Өтінімдерді ерте қабылдау шаруаларға келесі маусымға алдын ала дайындалып, қажетті ресурстарды сатып алуға және техниканы жөндеуге мүмкіндік береді.

Жылжымайтын мүлік мекенжайларына қатысты талап нақтыланады

5 қазаннан бастап жылжымайтын мүлік нысандарына мекенжай беру қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Құжатта қолданылатын ұғымдар мен мекенжай берілмейтін нысандардың тізімі нақтыланады.

Олардың қатарында заңсыз салынған нысандар, уақытша пайдалануға арналған құрылыстар, жекелеген шаруашылық құрылыстары, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жердегі кейбір гараждар, инженерлік инфрақұрылым нысандары, жеке тұрған жарнамалық және антенна-діңгек құрылымдары бар.

Сонымен қатар мобильді павильондар, дүңгіршектер, бастырмалар, аялдамалар, саябақтар мен скверлерге мекенжай берілмейді.

Баспана кілті
Фото: istockphoto.com

ЕАЭО-дан тауар әкелетін импорттаушыларға жаңа талап

1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінетін жекелеген тауарларға ең төменгі баға деңгейі қолданылады.

Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың IV тоқсанына арналған тізімді бекітті.

Тізімде 89 тауар позициясы бар. Оның 76-сы Қазақстанда өндірілетін тауарларға, ал 13-і елде өндірілмейтін тауарларға жатады. Ең төменгі баға деңгейі әр тоқсан сайын жаңартылады.

Apple-дің алғашқы жиналмалы iPhone-ы сатылымға шығады

23 қазанда әлем бойынша Apple компаниясы қыркүйекте таныстырған алғашқы жиналмалы iPhone – iPhone Duo сатылымға ресми түрде шығарылады.  Apple тарихындағы алғашқы жиналмалы смартфон болмақ. Құрылғы икемді ішкі экранмен және телефон бүктелген кезде пайдалануға мүмкіндік беретін қосымша сыртқы дисплеймен жабдықталған.

Жаңа смартфонның бастапқы бағасы шамамен 2 мың доллар, яғни шамамен 883 760 теңге деп көрсетілген. Нақты баға құрылғының конфигурациясы мен сатылатын нарыққа байланысты өзгереді.

Қазақстанда iPhone Duo сатылымының нақты басталу күні әзірге жарияланған жоқ.

iPhone
Фото: theapple.by

Қазақстандықтар үш күн демалады

Қазан айындағы басты мемлекеттік мереке – 25 қазан, Республика күні.

2026 жылы бұл күн жексенбіге түседі. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күнімен сәйкес келсе, демалыс келесі жұмыс күніне ауыстырылады.

Сондықтан 26 қазан, дүйсенбі де демалыс күні болады.

Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 24, 25 және 26 қазан күндері қатарынан үш күн демалады.

Қазан айында бұдан басқа қосымша демалыс беретін мемлекеттік немесе ұлттық мереке жоқ.

Мектеп оқушылары күзгі демалысқа шығады

Қазақстан мектептеріндегі күзгі каникул 26 қазанда басталып, 1 қарашаны қоса алғандағы кезеңге созылады.

Оқушылардың демалысы 7 күн болады.

2026-2027 оқу жылындағы бірінші тоқсан 8 оқу аптасына есептелген. Биыл оқушылардың каникулы Республика күніне байланысты берілетін қосымша демалыс күнімен тұспа-тұс келеді.

оқушылар
Фото: 7ya.ru

9 қазаннан бастап мектептерде смартфон қолдану тәртібі өзгереді

9 қазаннан бастап Қазақстан мектептерінде оқушылардың смартфон қолдануына қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынады. Бірақ үш жағдайда рұқсат беріледі:

  • мұғалімнің нұсқауымен оқу тапсырмасын орындау үшін;
  • оқушының немесе басқа адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде;
  • денсаулық жағдайына байланысты телефон қажет болғанда.

Сабақ басталғанға дейін оқушы смартфонын дыбыссыз режимге қойып, дыбыстық және діріл хабарламаларын өшіруі немесе телефонды толық сөндіруі тиіс. Егер телефон сабаққа қажет болса, оны қашан қосу, қанша уақыт пайдалану және қашан өшіру керегін мұғалім нақты түсіндіреді. Фото, видео және аудио түсіру де мұғалімнің рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.

Мектептер оқушылардың смартфондарын уақытша сақтайтын арнайы орын ұйымдастыра алады. Яғни 9 қазаннан бастап смартфон сабақ кезінде еркін қолданылатын құрал емес, тек оқу немесе шұғыл жағдайларда пайдаланылатын құрылғыға айналады.

Қазақстан футбол құрамасы алаңға шығады

Қазан айының басында Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2026/27 маусымы аясында Астанада екі үй матчын өткізеді.

2 қазанда сағат 19:00-де Қазақстан құрамасы "Астана Аренада" Молдова командасымен кездеседі.

Ал 6 қазанда сағат 19:00-де Қазақстан құрамасы Фарер аралдарының командасын қабылдайды.

Футбол ойнау
Фото: Magnific.com

Астанада күрестен әлем чемпионаты өтеді

24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді.

Жарыстар Barys Arena кешенінде ұйымдастырылады. Әлем чемпионатының бағдарламасына грек-рим, еркін және әйелдер күресі кіреді. Астана ересектер арасындағы күрестен әлем чемпионатын соңғы жеті жылдан кейін алғаш рет қабылдайды.

Ұйымдастырушылардың алдын ала жоспарына сәйкес, жарысқа шамамен 100 елден 900-ге жуық спортшы қатысады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 11:00