Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кімдер жәрдемақысыз қалуы мүмкін: Мемлекет табысты қалай есептейді

Отбасы санаты
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Қазақстанда 14 түрлі жәрдемақыны тағайындау тәртібіне қатысты жаңа өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Енді әлеуметтік көмекке үміткер отбасының жағдайы тек табысымен емес, мүлкі, баспанасы, көлігі, жұмысы және басқа да көрсеткіштері арқылы бағаланады. Цифрлық отбасы картасы азаматтарды A-дан E-ге дейінгі әл-ауқат санаттарына қалай бөледі. Stan.kz тілшісі жаңа ереженің мәнін және оның кімдерге әсер ететінін анықтап көрді.

Отбасы санаттарға қалай бөлінеді?

Желіде жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа ережесіне байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Редакциямыз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жаңа ереженің нақты қалай жұмыс істейтінін сұрады. Министрлік әлеуметтік желіде тараған отбасы табысының нақты мөлшеріне қарай қай санатқа жатқызылатынын көрсететін кестелердің ресми ақпарат емес екенін ескертті. Ведомство жаңа ережеге қарай түсіндірме ақпаратты дайындап жатқанын, толық аяқталғаннан кейін ресми мәлімет берілетінін жеткізді. 

Ал министрліктің ресми дерегінде бар ақпаратта отбасының цифрлық картасы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер арқылы отбасының әлеуметтік жағдайын автоматты түрде бағалайтыны көрсетілген.

Бағалауда:

  • отбасының табысы;
  • еңбек қызметі;
  • әлеуметтік төлемдері;
  • тұрғын үй жағдайы;
  • мүлкі;
  • денсаулығы;
  • білімі сияқты деректер ескеріледі.

Яғни санат тек отбасының айлық табысына қарап қойылмайды. Азаматтарды жекелей қарап, соған байланысты балл қойылады. Министрлік әр санатқа қандай баллға дейін қойылатынын бұған дейін мәлімдеген. 

Еңбек министрлігінің құжатына сәйкес 5 санат бар: 

  • А санатына 1800 және одан жоғары балл жинаған отбасылар мен жалғызбасты азаматтар жатады;

  • В санатына 730-дан 1799 баллға дейін;

  • С санатына минус 30-дан 729 баллға дейін;

  • D санатына минус 460-тан минус 29 баллға дейін;

  • Е санатына минус 459 және одан төмен балл жинағандар жатады.

Жаңа тәртіп тек А және В санаттарына, яғни 730 және одан жоғары балл жинағандарға қатысты. Санатты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесі автоматты түрде анықтайды.

Отбасы санаты табыс

Өзгерістер қандай жәрдемақыларға қатысты

Қазір Қазақстанда республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақының 39 түрі тағайындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның 14 түрі азаматтардың мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалады.

Тізімге мыналар кіреді:

  • бала тууына байланысты жәрдемақы;

  • бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақы;

  • көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы (зейнеткерлерден басқа);

  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;

  • мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы;

  • I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы;

  • жерлеуге берілетін жәрдемақы;

  • мүгедектік бойынша жәрдемақылар (I және II топтағы адамдар мен балалардан басқа);

  • асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы (ата-анасының екеуінен де айырылған балалардан басқа);

  • Тәжік-Ауған шекарасындағы, Ирактағы және Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлерге берілетін арнайы жәрдемақылар;

  • қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетін жәрдемақы;

  • "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы", "Халық Қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие азаматтарға берілетін жәрдемақы (зейнеткерлерден басқа).

Әр төлем жеке қарастырылады

Министрлікте жаңа тәртіп нақты төлем түріне қарай қолданылатынын және бұл барлық жәрдемақыға автоматты түрде құқық сақталады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Ведомство мысал келтірді:

"Егер I топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектік бойынша жәрдемақы алса, бұл төлем сақталады. Ал егер оның басқа төлем алуға құқығы пайда болса, мысалы, бала тууына байланысты жәрдемақы алуға құқығы болса, онда бұл төлем мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалады".

Әр төлем оның тағайындалу негізі мен мұқтаждық қағидатына қарай жеке қарастырылады. Министрліктің айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттап, оны атаулы ету.

Баллдар қалай есептеледі

Қорытынды балл сегіз бағыт бойынша жиналған балдардың қосындысынан тұрады: табыс пен кредиттер, жылжымалы мүлік, жұмыспен қамтылу, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы.

Сондықтан жоғары жалақының өзі А немесе В санатына кіруге кепілдік бермейді, сол сияқты төмен табыс та әлеуметтік көмек алуға автоматты түрде құқық бермейді: отбасының баспанасы, балалары, кредиттері және барлық мүшелерінің жұмыспен қамтылуы да ескеріледі.

Бірінші бағыт – табыс пен кредиттер.

Балл отбасының жан басына шаққандағы орташа табысына қарай есептеледі. Бұл ретте 2026 жылы 50 851 теңгені құрайтын күнкөріс минимумы негізге алынады.

Егер отбасының табысы болмаса, 0 балл беріледі. Табыс нөлден жоғары, бірақ кедейлік шегінен төмен болса – 40 балл, кедейлік шегінен 50 851 теңгеге дейін – 100 балл, 50 851-ден 101 702 теңгеге дейін – 170 балл, 101 702-ден 152 553 теңгеге дейін – 280 балл, 152 553-тен 203 404 теңгеге дейін – 400 балл, ал бір адамға шаққандағы табыс 203 404 теңге және одан жоғары болса – 620 балл есептеледі.

Кредиттік міндеттемелердің болуы 50 балл шегереді. Егер отбасының кәмелетке толған бір мүшесінің кредиті бойынша 90 күннен астам уақытқа 1000 теңгеден жоғары берешегі болса, 250 балл шегеріледі. Ал мұндай мерзімі өткен берешек отбасының барлық кәмелетке толған мүшесінде болса, 500 балл шегеріледі.

Көлік пен техника да қорытынды балға әсер етеді. Отбасында жеңіл көлік болмаса, 50 балл шегеріледі. Бір жеңіл көлік болса – 0 балл, екі көлікке – 50, ал үш және одан да көп көлікке 100 балл беріледі.

Коммерциялық көлік 80 балл қосады. Ауыл шаруашылығы техникасының бір түрі болса – 100 балл, ал екіден көп түрі болса – 200 балл есептеледі.

Жұмыспен қамтылу көрсеткіші де айтарлықтай әсер етеді. Отбасында еңбекке қабілетті адам болмаса, 100 балл шегеріледі. Бір жұмыс істейтін адам болса – 150 балл, екі және одан көп жұмыс істейтін адам болса – 300 балл қосылады.

Жеке кәсіпкер мәртебесі үшін 50 балл, ЖШС немесе АҚ-ға құрылтайшы ретінде қатысқаны үшін 100 балл, ал екі мәртебе қатар болса, 150 балл есептеледі.

Бірнеше көрсеткіш, керісінше, қорытынды балды төмендетеді. Бір кәмелетке толмаған бала немесе 23 жасқа дейінгі студент үшін 50 балл шегеріледі, екі балаға – 100, үш балаға – 150, төрт және одан көп балаға – 200 балл шегеріледі.

18 жастан асқан I немесе II топтағы мүгедектігі бар адам үшін 250 балл, III топтағы адам үшін 100 балл шегеріледі. Мүгедектігі бар бала немесе бала кезінен мүгедектігі бар адам үшін 150 балл шегеріледі.

Динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы ауру 80 балл, диспансерлік есепте тұру 50 балл шегереді. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайтын және емханаға тіркелмеген отбасы мүшелерінің әрқайсысы үшін 20 балл шегеріледі.

Балабақшаға тіркелмеген бала үшін 50 балл, мектепке тіркелмеген бала үшін 100 балл шегеріледі.

Тұрғын үйге қатысты көрсеткіштердің салмағы жоғары

Тұрғын үйдің болмауы 200 балл шегеруге әкеледі. Бір тұрғын үй нысаны болып, бір адамға 18 шаршы метрден аз аумақ тиесілі болса – 80 балл шегеріледі. Бір адамға 18 шаршы метрден көп болса – 0 балл. Екіден үшке дейін тұрғын үй нысаны болса – 100 балл, үштен алтыға дейін – 400, алтыдан он бірге дейін – 1000, он бірден көп болса – 2000 балл есептеледі. Коммерциялық жылжымайтын мүлік 100 балл қосады.

Тіркеу орны да ескеріледі. Астанада немесе республикалық маңызы бар қалада тіркелу 70 балл береді. Облыстық маңызы бар қалада – 0 балл, аудан немесе аудандық маңызы бар қалада – 30 балл шегеріледі, ауылдық округте – 50 балл, ал тіркеу мүлдем болмаса – 100 балл шегеріледі.

Жеке қосалқы шаруашылық 50 баллдан бастап (500 мың теңгеге дейін) 600 баллға дейін (2 миллион теңгеден жоғары) балл береді. Жер учаскесі үшін 150 балл есептеледі.

Отбасы санаты табыс
Фото: Stan.kz

Бұл есептеулерді мысалмен келтірсек

Төменде жарияланған әдістеме негізінде жасалған үш шартты есеп бар. Бұл тек мысал, ресми дерек емес. Барлық жағдайда отбасы облыстық маңызы бар қалада тұрады, отбасы мүшелерінің барлығы медициналық сақтандыру жүйесіне қатысады және емханаға тіркелген деп есептеледі. Созылмалы аурулары мен коммерциялық жылжымайтын мүлігі жоқ, балалары мектепте оқиды. Басқаша көрсетілмесе, отбасының бір ғана тұрғын үй нысаны бар және бір адамға 18 шаршы метрден астам аумақ тиесілі деп алынды.

Үш адамнан тұратын отбасы: екі жұмыс істейтін ата-ана және мектеп оқушысы бар. Отбасының айлық табысы – 500 мың теңге, бір көлігі және кредиті бар. Бір адамға шамамен 167 мың теңгеден келеді, бұл – 400 балл. Екі жұмыс істейтін адам үшін 300 балл қосылады, бір көлікке – 0 балл, кредит үшін 50 балл, ал бала үшін тағы 50 балл шегеріледі. Қорытындысында 600 балл, яғни С санаты шығады. Бұл отбасыға жаңа тәртіп қолданылмайды.

Сол отбасының айлық табысы 800 мың теңге, екі көлігі және екі пәтері бар, кредиті жоқ деп алайық. Бір адамға шамамен 267 мың теңгеден келеді, бұл – 620 балл. Екі жұмыс істейтін адам үшін 300 балл, екінші көлік үшін 50 балл және екінші тұрғын үй үшін 100 балл қосылады. Бір бала үшін 50 балл шегеріледі. Қорытындысында 1020 балл, яғни В санаты шығады. Мұндай отбасының тізімдегі жәрдемақыларды алу құқығы мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып бағаланады.

Бес адамнан тұратын көпбалалы отбасы: екі жұмыс істейтін ата-ана және мектепте оқитын үш бала. Жалпы табысы – 900 мың теңге, бір көлігі және кредиті бар. Бір адамға 180 мың теңгеден келеді, бұл – 400 балл. Жұмыс істейтін екі адам үшін 300 балл қосылады, кредит үшін 50 балл, үш бала үшін тағы 150 балл шегеріледі. Қорытындысында 500 балл, яғни С санаты шығады. Бұл отбасының жалпы табысы екінші мысалдағы отбасынан жоғары болғанымен, бір адамға шаққандағы табысы төмен және балалар үшін балл шегеріледі.

В санатына өту үшін 730 балл жинау қажет. Біздің мысалдарда бұл көрсеткішке бір адамға шаққандағы жоғары табыс пен қосымша мүліктің болуы қатар келген жағдайда ғана қол жеткізілді.

Отбасы санаты
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі

Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, 14 түрлі төлемді атаулы түрде тағайындауға көшу үшін қажетті нормативтік база әзірленіп жатыр. 1 қазаннан бастап азаматтарға өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабарланады.

Заңнамалық өзгерістерді Құрылтайдың қарауына енгізу жоспарланып отыр.

2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге берілетін қолдауда да мұқтаждық деңгейін ескеру ұсынылып отыр. Сондай-ақ ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру, әйелдерді екі жыл бойы балабақша және бөбекжай орындарымен қамтамасыз ету, бала күтушілер тапшылығын шешу мәселелері талқыланды.

Жәрдемақы алушылар не істеуі керек?

1 қазаннан бастап SMS, eGov Mobile немесе банк қосымшасындағы хабарламаларды күтіңіз. Отбасыңыз туралы деректерді, соның ішінде тұрғын үй, көлік, жұмыспен қамтылу, кредит және отбасы құрамын тексеріңіз.

Қате ақпарат анықталса, оны түзету үшін тиісті мемлекеттік органға жүгініңіз. Жәрдемақы рәсімдеуден алдын ала бас тартудың қажеті жоқ – әр төлем жеке қарастырылады.

Редакция ескертпесі: Мысалдар шартты деректер негізінде жасалған және ресми есеп болып саналмайды. Отбасының санатын тек табыс емес, барлық көрсеткіштер ескеріле отырып, "Отбасының цифрлық картасы" анықтайды.

“305 мың теңге табысы бар адамды "ауқатты" деуге бола ма?”

Желіде қазақстандықтар елдегі жаңа өзгерістерді қызу талқылауда. Көпшілік отбасының табысын, мүлкін тексеріп, түрлі санатқа бөлуін сынап жатыр. 

“Мен жаңа өзгерістердің біразын өткізіп алыппын. Қазақстан билігі бюджет шығынын қысқарту және "байларға" көмекті тоқтату үшін адамдарды табысына қарай санаттарға бөлмек. Міне, 2026 жылғы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейін негізге ала отырып, A, B, C, D, E санаттарына арналған табыстың шамамен алынған үлгісі:

  • A – бір адамға шаққандағы жиынтық табыс 356 мың теңгеден жоғары;
  • B – 305–356 мың теңге;
  • C – 51–203 мың теңге;
  • D – 36–51 мың теңге;
  • E – 6 мың теңгеден төмен.

Барлығы шамамен алынған сандар. Қызық, мемлекет кімдерді ауқатты және "әл-ауқаты жоғары" деп санайды?”, – деп жазды қазақстандық желі қолданушысы.

Алайда бұл жаңалық тағы да сұрақ туғызуда. Әсіресе отбасыларды санаттарға бөлу кезінде қандай кірістер мен қаражаттардың есепке алынатыны көпшіліктің наразылығын тудырды.

“Отбасының табысын есептегенде жалақы ғана емес, шәкіртақы, жәрдемақы, жалдау ақысы және депозиттегі қаражат та ескерілуі мүмкін. Тіпті несие мен бөліп төлеу бойынша міндеттемелерді уақытында төлеп жүрген азаматтардың бұл қаржысы да есепке алынатыны айтылып жүр. Сонда айына 305 мың теңге табысы бар адамды "ауқатты" деуге бола ма? Бұл сомадан баспана, азық-түлік және басқа да күнделікті шығындар әлі шегерілген жоқ. Осы жерде негізгі сұрақ туындайды: отбасының нақты қаржылық жағдайын бағалағанда тек кірісті емес, адамның міндетті шығындары мен қарыз жүктемесін де ескеру керек емес пе?”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Министрлік бұл отбасы санаттарын жәрдемақыны тек мұқтаж азаматтарға тағайындау мақсатында енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Жұртшылық әсіресе дүниеге келген сәбилерге төленетін жөргекпұлдың өзі тағайындалмай қалуы мүмкін екеніне алаңдаулы. 

“Егер сіз бен жұбайыңыздың екі адамға шаққандағы жалпы табысы 680 мың теңгеден жоғары болса, жеке пәтеріңіз бен көлігіңіз болмаса да, B санатына кіресіз. Ал әйелі бала дүниеге әкелсе, енді ешқандай төлем ала алмай, табыссыз қалуы мүмкін. Бұл не деген сұмдық? Әйелі декретке шыққан кезде табысы азайып, отбасы 340 мың теңгемен қалай өмір сүреді деп ойлаған? Алматыда пәтер жалдау құны ең арзан дегенде 200–250 мың теңге. Екі адамға тамақтың өзіне кем дегенде 150 мың теңге кетеді. Сонда қалай өмір сүру керек?!”, – деп жазды тағы бір желі қолданушысы. 

Желіде отбасы санаттары қалай бөлінетіні туралы түрлі бейресми деректер тарауда.  

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 08:50