Қанша табыс табасыз, қандай мүлкіңіз бар, қанша несиеңіз бар: Мемлекет мұны қалай анықтайды
Соңғы айларда Қазақстанда жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі қоғамда қызу талқыланып келеді. Әсіресе мемлекет отбасының табысын, баспанасын, көлігін, тіпті несиесін қалай тексереді және бұл әлеуметтік көмек алуға әсер ете ме деген сұрақ көпшілікті алаңдатып отыр. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы қалай жасалатынын және ондағы мәліметтер қайдан алынатынын түсіндірді. Белгілі болғандай, жүйе 30-дан астам мемлекеттік дерекқормен байланысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жүйе әр отбасының табысы, мүлкі, несиесі және алатын жәрдемақысы туралы ақпаратты мемлекеттік мекемелерден автоматты түрде жинақтап отырады.
"Отбасының цифрлық картасы 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден қажетті мәліметтерді алады. Оның 10-ы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі. Бұл деректердің қатарында зейнетақы, жәрдемақы, мүгедектік, еңбек шарты және соңғы үш айдағы ресми табыс туралы ақпарат бар", – деп түсіндірді министрлік.
Сонымен қатар жүйе азаматтардың баспанасы, жер телімі, көлігі және кәсіпкерлік қызметі туралы мәліметтерді де қарайды. Бұл ақпарат Әділет және Ішкі істер министрліктерінің базаларынан алынады.
Министрліктің түсіндіруінше, жүйе отбасы мүшелерінің медициналық сақтандыруы бар-жоғын, қай емханаға тіркелгенін, балаларының мектепте немесе жоғары оқу орнында оқитынын да анықтай алады. Тіпті ол жерде адамның шетелде 180 күннен астам уақыт болғаны туралы мәлімет те көрінеді екен.
"Алдымен жүйе туу, неке қию, ажырасу және тегін өзгерту туралы деректер арқылы отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін әр мүшесінің табысы, мүлкі, несиесі және басқа да мәліметтері жинақталады. Осы ақпарат негізінде отбасының әлеуметтік жағдайы ай сайын қайта бағаланады", – деп хабарлады ведомство.
Дегенмен министрлік жиналған мәліметтердің барлығы бірдей отбасының тұрмыс жағдайын бағалау кезінде есепке алынбайтынын атап өтті. Ол үшін арнайы бекітілген талаптарға сәйкес келетін деректер ғана пайдаланылады екен.
Сондай-ақ ведомство жүйеде қате ақпарат кездесуі мүмкін екенін ескертті. Мәселен, азамат көлігін немесе пәтерін сатып жібергенімен, ол әлі де өз атында тіркеліп тұруы мүмкін. Сол сияқты жұмыс беруші еңбек шартын дер кезінде тіркемесе, жүйеде ескі мәлімет сақталады.
"Егер азамат өзіне қатысты мәліметтердің дұрыс емес екенін байқаса, тұрғылықты жеріндегі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіне алады. Қате ақпарат бастапқы дерекқорда түзетілгеннен кейін, Отбасының цифрлық картасы жаңартылған мәліметті автоматты түрде алады", – деп түсіндірді министрлік.
Осылайша, отбасының жағдайы бір рет қана емес, ай сайын жаңартылған мәліметтерге сүйеніп бағаланады. Сондықтан азаматтардың жұмысы, табысы немесе мүлкі туралы деректердің мемлекеттік базаларда дұрыс көрсетілуі маңызды екені тағы бір мәрте ескертілді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 14 түрлі жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгергенін жазған едік. Жаңа тәртіп бойынша отбасының әлеуметтік жағдайы тек табысына емес, баспанасы, көлігі, несиесі, жұмысы және басқа да көрсеткіштеріне қарап бағаланбақ. Ол үшін Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтар әл-ауқат деңгейіне қарай А-дан Е-ге дейінгі бес санатқа бөлінеді.
