Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропалық отбасы асырап алған қазақ бала 16 жылдан соң желі арқылы туыстарын тауып алды

Еуропалық отбасы асырап алған қазақ бала
Фото: The Times of Central Asia

Бала кезінде еуропалықтар асырап алып, сол жақта өскен 21 жастағы Рустам Масимов 16 жылдан кейін Қазақстандағы туыстарын іздеді. Әлеуметтік желідегі іздеу нәтижесінде ол Алматыда тұратын нағашы ағасымен байланысқа шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Times of Central Asia басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Рустам 2005 жылдың 23 қаңтарында Алматыдағы №4 перзентханада дүниеге келген. 2008 жылдың 4 сәуірінде полиция оны Чернышевский көшесіндегі пәтерден тапқан. Бала сол кезде ата-анасының қарауынсыз қалған. Кейін №2 балалар үйіне, одан соң "Жанұя" орталығына орналастырылған.

Рустамның анасы Зарина Масимова да бала кезінде балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін ол тәуелділікпен күресіп, ата-ана құқығынан айырылған.

Ал анасы 2011 жылдың қаңтарында Қарағандыда қайтыс болған. Рустамның туған әкесі Ескелді және анасы жағынан бірнеше туысы болғаны туралы деректер сақталған. Олардың арасында Наташа есімді әйел мен Әлімжан есімді нағашы ағасы бар. Алайда жігіттің отбасы туралы мәліметі аз болғандықтан, оларды табу оңайға соқпаған.

2010 жылы Рустамды Еуропада тұратын отбасы асырап алған. Рустамның асырап алған анасы Хильди оның туған отбасы туралы көбірек білуіне көмектескен. Ол күйеуімен бірге қытайлық қыз баланы да асырап алған. Ерлі-зайыпты Рустамға Қазақстандағы туыстарын іздеуде қолдау көрсеткен.

Еуропалық отбасы асырап алған қазақ бала
Фото: The Times of Central Asia

Желі бауырларды қалай табыстырды

Рустамның туған туыстарын іздеуге Facebook желісіндегі жазба себеп болған. Оның жазбаларын көрген жігіт көмектесуге кірісіп, отбасылық құжаттар мен ресми мәліметтерді зерттеген. Сондай-ақ туыстарының естеліктерін салыстырып, анасы жағынан бірнеше адамның есімін анықтаған. Алайда туыстарын табу бірден оңайға соқпаған. Рустамның тегі – Масимов. Бұл текті іздегенде интернеттен Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі туралы ақпараттар көп шығып, қажетті адамдарды табу қиындаған.

Кейін іздеуші әлеуметтік желілерді қарап отырып, "Одноклассники" желісінен Әлімжан есімді адамның ескі парақшасын тапқан. Парақшадағы Наташа есімді әйелдің жазбасы оның Рустамның нағашы ағасы болуы мүмкін екенін аңғартқан. Әлімжан бұл парақшаға бес жылдан астам уақыт кірмеген. Соған қарамастан, іздеуші басқа деректерді салыстырып, оның қазіргі телефон нөмірін тапқан. Әлімжанмен алғаш сөйлескенде ол Рустам туралы көп жылдан бері хабарсыз екенін айтқан. Отбасы жігітті 2010 жылы АҚШ азаматтары асырап алған деп ойлапты. Оның Еуропада өсіп жатқанын білмеген. Ал жиенінің туған туыстарын іздеп жүргенін естігенде, онымен қайта байланыс орнатуға қуана келіскен.

Кейін Рустам мен нағашы ағасы Әлімжан бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Рустам мен Хильди Еуропадан хабарласса, Әлімжан Алматыдан қосылған. Әңгіме кезінде ол Рустамға анасы Заринамен бірге өткен балалық шағы мен балалар үйінде болған кездерін айтып берген. Сондай-ақ әпкесінің 2011 жылы туберкулезден қайтыс болғанын естігенін, бірақ қай жерге жерленгенін білмейтінін жеткізген.

Әңгіме барысында Рустам мен Әлімжанның тағы бір ұқсастығы белгілі болды: екеуі де электр маманы болып жұмыс істейді. Әлімжан жиенінен оның өмірі, достары мен қызығушылықтары туралы сұрап, 16 және 12 жастағы екі ұлын да таныстырған. Нағашы ағасы Рустамды Алматыға қонаққа шақырған. Тіпті әзілдеп, қалаға келсе, оған ең сұлу қызды тауып беретінін айтқан. Рустам Қазақстанда туыстары туралы сұраған. Ал Әлімжан оған елге келгенде барлық туысымен таныстыратынын айтқан.

Еуропалық отбасы асырап алған қазақ бала
Фото: The Times of Central Asia

Рустам енді әкесін іздейді...

Нағашы ағасымен табысқанымен, Рустам туған әкесін әлі тапқан жоқ. Әлімжанның айтуынша, Ескелдінің көп жыл бұрын қайтыс болғанын естіген. Бірақ оның қашан және қандай жағдайда көз жұмғанын білмейді. Әпкесі қамауға алынғаннан кейін Ескелдімен араласқан адамдармен де байланысы үзілген.

Ал Рустам мен Хильди 2019 жылы Алматыға келгенде басқа ақпарат алған. Олар полиция Рустамды 2008 жылы тапқан пәтерге барған. Сол кезде пәтерде тұрған әйел Ескелдінің Шымкентке көшіп, қайта үйленгенін және ол жақта балалары бар екенін айтқан. Алайда бұл мәлімет те расталмаған. Сондықтан Ескелдінің қазір қайда екені белгісіз.

Қазір Рустам нағашы ағасымен үнемі хабарласып тұрады. Жақын арада Қазақстанға келіп, туған туыстарымен жүздесуді жоспарлап отыр. Рустам мен Хильди бұл оқиға әкесін табуға көмектеседі деп үміттенеді.

Еске салсақ, бұған дейін бельгиялық отбасы асырап алған қазақ қызы өз туыстарын тауып алған еді. 11 жасында Динара туған ата-анасын тауып беруді өтінген. Осылайша Қазақстанға үш рет келіп, биологиялық анасын көріп, елдің мәдениетімен танысты.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 15:27