Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан банктері бизнеске неге несие бермейді: Депутат үкімет пен Ұлттық банкке сұрақ қойды

банк
Фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты Татьяна Савельева банктерде қаражат бола тұра, оны бизнесті ұзақ мерзімге несиелеуге көп бағыттамай отырғанын айтты. Осы мәселе бойынша ол вице-премьер Серік Жұманғарин мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Савельева бірнеше көрсеткішті қатар қарау керек деп есептейді. Оның айтуынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша банктердің қолма-қол ақшаға тез айналдыра алатын активтері 23,2 триллион теңгеге жеткен. Бұл банк жүйесіндегі барлық активтің шамамен үштен біріне тең.

Сонымен қатар Ұлттық банк нарықтағы артық ақшаның 7 триллион теңгеге дейінгі бөлігін өз құралдары арқылы тартып отыр. Бұған қоса, мемлекет те ішкі нарықтан қарыз алады. Мәселен, шілдеде Қаржы министрлігі облигация шығарып, 750 миллиард теңге тартқан. Бұл қағаздардың табыстылығы 18,93%-ға дейін жеткен.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайда банктер үшін ақшаны бизнеске ұзақ мерзімге несиеге бергеннен гөрі, тәуекелі аз әрі табысы жоғары мемлекеттік бағалы қағаздарға салу тиімдірек болып отыр.  Ал кәсіпкерлерге берілетін теңгелік несиенің орташа мөлшерлемесі 21,5%-ға жеткен. Оны арзандату үшін мемлекет тағы да бюджеттен ақша бөліп, несие пайызын субсидиялайды, кепілдік береді және даму институттары арқылы қолдау көрсетеді.

"Банк жүйесінде ақша бар. Мемлекет сол ақшаны жоғары пайызбен өзі қарызға алады. Бизнеске берілетін несие бәрібір қымбат болып қалады. Содан кейін мемлекет сол несиені қолжетімді ету үшін бюджеттен тағы қаржы бөледі", – деді Татьяна Савельева.

Осыған байланысты депутат мемлекет бір шығынды екі рет көтеріп отырған жоқ па деген мәселе көтерді. Бір жағынан бюджет мемлекеттік қарыздың пайызын төлейді. Екінші жағынан кәсіпкерлердің несиесін арзандату үшін тағы қаржы бөледі.

Савельева үкімет пен Ұлттық банктен банктердің неге қолындағы қаражатты ұзақ мерзімді бизнес несиесіне көбірек бағыттамай отырғанын түсіндіруді сұрады. Сондай-ақ осы жүйенің бюджетке нақты қаншаға түсетінін есептеп, банктердің бизнесті өз ақшасы және өз тәуекелімен көбірек несиелеуі үшін не өзгерту керегін айтуды талап етті.

Бұған дейін шағын бизнестің қарызы көбейіп жатқаны хабарланған. 2026 жылдың алғашқы жартысында кәсіпкерлер 4,6 триллион теңгенің жаңа несиесін алған. Жалпы қарыз көлемі 9,1 триллион теңгеге жеткен. Осы кезеңде несиенің орташа мөлшерлемесі 24,5% болса, төлемі кешіккен қарыздардың үлесі 3,4%-дан 4,5%-ға өскен.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 13:14