Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кішкентай қызы оянғаны үшін әйелін түнімен ұрған": Талдықорғанда ер адам 20 күнге қамалды

Фото: видеодан скрин

 

Талдықорғанда ер адам екі түннің ортасында өзінің әйелін суық қарумен қуып, оны бірнеше рет соққыға жыққан. Әйелдің сөзінше, күйеуі оған 2 жыл бойы қорлық көрсетіп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Оқиға 1 қазан күні болған. Әселдің (есімі өзгертілді) күйеуі жұмыстан шаршап, ертерек ұйықтауға кіріскен. Әселдің сөзінше, олар отбасымен кешкі сағат 22:00-де ұйықтап қалады.

“Сол түні кішкентай қызым жылап, мазасызданды. Жолдасым соған ашуланды. Кейін үлкен баламның бөлмесіне барып оны оятып алып, үшеуіміз ойнап отырдық. Кейін жолдасым оянып, осы ісіме ашуланып, ертең мектепке көлікпен емес, автобуспен барасыңдар деді. Үлкен ұлым 3-сыныпта және біз қаланың шетінде тұрамыз, ал мектеп қаланың ішінде.”, – деді Әсел.

Ашуланып тұрып, Әселдің жолдасы оған ақша үшін ғана тұрмысқа шыққанын айтқан. Осы жағдайдан кейін ер мен әйелдің арасында дау туындаған. Әселдің сөзінше, даудан кейін бірден алкогольдік ішімдік іше бастаған.

“Дәлізге шығарып алып ұрған кезде, есік ашық қалып қойған. Шыңғырып, айғайлағанымды көршілер естіген. Келесі жақ үйде тұратын көршіміз, 2 жыл бойы арамыздың дұрыс болмай келе жатқанын білетін еді. Көрші әйел бірден жүгіріп келіп, қоңырауды басқан кезде, ол мені полиция шақырды деп ойлап қалды. Мен пультпен қақпаны ашып үлгеремін. Сол сәтте ол сейфке жүгіріп, тапаншасын алып шығады, ал мен далаға қарата жүгіремін”, – деді Әсел.

Әселдің айтуынша, үйде не болып жатқанын білу үшін келген көршісі тапаншаны көрген кезде абдырап, ол да Әселмен бірге қашқан. Үйде балалар қалып қойды.

“Көршінің үйіне қашып бара жатқанда, тоқтап балалардың қалып қойғанын айтып едім, көрші әйел оларды алып келуге күйеуі баратынын айтты. Кейін оның жолдасы балаларды алып кетуге барғанда, менің жолдасым оған ештеңе болмағанын, жай ғана сөзге келіп қалғандарын айтты. Кейін мені көршінің үйінен алып кетті. Үйге барған соң, көршілерді көмекке шақырғаным үшін тағы да ұрды”, – деді Әсел.

Түнгі сағат 4:00-дер шамасында Әселдің жолдасы ұйықтап, таңғы 8:00-дер шамасында тұрып, тағы да сөзге келіп, қол жұмсаған. Әселдің айтуынша, оның үлкен ұлы бірінші некеден, ал кішкентай қызы қазіргі некеден. Ал күйеуінде де дәл солай бірінші некеден балалары бар екенін жасырмады. Таңертең оны үлкен ұлы екеуін үйінен қуып, кішкентай қызын өзімен алып қалатынын айтқан.

“Сол күні маған Қамқоршылық органы келді және 2 сағатқа Дағдарыс орталығына алып кетті. Менің әке-шешем Қордай жақтан келе жатты”, – деді Әсел.

“Құнды заттарымды алып қойды” 

Әсел өз сөзінде көшіп бара жатқанда күйеуінің жақындары алтындарын алып қойғанын тілге тиек етті. 

“Дағдарыс ортылығынан келіп, менің киімдерімді жинағанға көмектесті. Сол кезде күйеуімнің жақындары қызым мен қолымдағы телефонымды және киімдерімді де алып алды. Мен қызды тастамайтынымды айтып, оны алып кетемін дедім. Осыдан кейін үйде тағы да дау туындады. Үй ішінде ТЖМ қызметкерлері, полиция қызметкерлері бәрі жүр. Күйеуімді 3 қызметкер жібермей ұстап тұрды, ал қызым енемнің қолында болды. Сол жерде төбелесіп, енемнің қолынан қызымды жұлып алып, далаға қашып кеттім”, – деді Әсел.

Әселдің айтуынша, Дағдарыс орталығынан оның ата-анасы мен ағалары алып шығып, қайтадан үйге барған. Өйткені кішкентай қыздың бөтелкесі, жөргегі сынды заттарды алып кетуге кету керек болған.

“Заттарды алып кетуге келген кезде енем есік алдына тұрып алып ешкімді кіргізбеді. Күйеуімді полиция қызметкерлері жауап алуға алып кеткен. Ағаларым күйеу баламен жолығып, ер адамдарша сөйлесейік, қыздың заттарын алып кетуге рұқсатын берсе, алып кетеміз, бермесе Қордайға кете береміз деді. Кейін жолдасым тек қана қыздың заттарын ғана беруге рұқсатын берді. Үйге қайта барсақ, енем есік алдында кішкентай сөмкені ұстап, бізді күтіп отыр. Ол сөмкенің ішіне заттарымды жинап жатқанда алтын бұйымдарымды салып қойып едім, бірақ енемнің қолынан алған кезде олар жоқ болып шықты. Барлығын шығарып алған”, – деді Әсел.

Сөз соңында Әсел жолдасымен қалай қосылғанын айтып берді. Сөзінше, отау құрғандарына 4 жыл болған. Кіші қызына жүкті кезінен бастап екі тарап арасында дау жиілеген. 

20 күнге қамалды

Әселдің заңды қорғаушысы 5 қазан күні осы жағдай бойынша сот болғанын және сот шешімі бойынша, ер адам 20 күнге қамалғанын мәлімдеді. 

“Сот барысында өзінің кінәсін мойындамады. Мен оны ұрмадым, қолын басқа жерге ұрып алған деп өзін ақтап шықты. Тапанша ұстағанын мүлдем жоққа шығарды. Бірақ сотталушының қолында ұстаған  тапанша фактісі бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 287 бабы бойынша сараланып жеке өндіріске бөлініп шығарып қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Қосымша қорқыту фактісі бойынша да тергеу амалдары жүріп жатыр”, – деді Әселдің заңды қорғаушысы Жанерке Кеңесбаева.

Өз сөзінде қорғаушы Әселдің қорқып, жүрегі шайлығып қалғандығын айтты. Тіпті онымен қоймай, Әселдің бойында кейін босатылып шыққан соң, кек алу мақсатында өлтіріп кете ме деген қорқыныш бар екенін де жеткізді. Сұхбат беру кезінде Әселдің тарапы атын жасыруды сұрап, барлық айғақтарды жариялаудан бас тартты. 

Ислам Әден
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 19:04