Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл өмірде қосылмасақ, ана өмірде бірге боламыз": Астанадағы қанды оқиға алдында не болғаны белгілі болды

Жазира
Фото: Марқұмның жақындарынан

Астана қаласында ер адам өзінің бұрынғы әйелін 16 рет пышақтаған еді. Жақындарының айтуынша, әйел өз өміріне қастандық жасағаны үшін бұрынғы күйеуінің үстінен екі рет арыз жазғанымен, ол әлі де бостандықта жүрген. Әйел бұған дейін де әлгі адамның өзін өлтірмек болғанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрбыларының әлеуметтік желіде жазуынша, бірінші арыздан кейін күдіктіні қамауға алғанымен, оны қастандық үшін емес, тек мас күйінде көлік жүргізгені үшін ғана 15 тәулікке қамап, артынша босатып жіберген. 

Осы жағдайға дейін полицияға 2 рет арызданған. Біріншісі — 18.08.2026 жылы (адам ұрлау, ұрып-соғу, өміріне қастандық жасау), екіншісі — 07.09.2026 жылы (үйінің маңайында пышақпен аңдып тұрғаны үшін). Өкінішке қарай, соңы осылай аяқталды", – деп жазды Жазираның құрбысы.

“Бұл өмірде қосылмасақ, онда ана өмірде бірге боламыз”

Редакция тілшісі Жазираның құрбыларына хабарласып, оқиғаның толыққанды мән-жайын білді. Марқұмның жақын құрбысының сөзінше, Талант пен Жазира 2015 жылы отау құрған. Араларында екі қызы бар.

"Бізге осы уақытқа дейін ұрғанын айтпай келді, бірақ былтырғы соққысын естідік. Ол жігіттің үстіне арыз жазған, алайда ол полиция қызметкері болған соң, "жұмысына зияны тиіп кетпесін" деп арызын қайтарып алды. Жазира күйеуінің басқа әйелмен сөйлесіп жүргенін біліп қояды. Талант: “Менің телефонымды неге рұқсатсыз ақтарасың?” – деп оны ұрады. Кейін екеуі екі бөлек кеткенде күйеуі кешірім сұрап, үйіне келіп жүреді. Екі қыз үшін Жазира кешіріп, қайта қосылады", – деді Жазираның құрбысы.

Құрбысының сөзінше, кейін екеуі бәрібір екі бөлек кетеді. Күйеуі жұмыс бабымен Қарағандыға кетеді. Бір жылдан соң ол жұмысынан босатылып, Астанаға қайта оралады. 

"Тамыз айында Астанада күйеуі оның жұмыс немесе үй жағына келіп, сөйлесіп алуға шақырған. Екеуі дүкенге барып, балаларына тәттілер алады. Күйеуі оларды балаларға апарып беруді өтінеді де, дүкеннен қара пакетке салынған арақ алып шығады. Артынша тәттілерді жеткізіп, көлікте 10 минут күтіп тұруын сұрайды. Жолдан басқа адам алып, Теміртауға кететінін айтады. Жазира өтінішін орындап, тәттілерді балаларға беріп келгеннен кейін көлікке қайта отырады. Сол кезде күйеуі оны алдап, қала шетіндегі иен далаға алып кеткен", – деді Жазираның құрбысы.

Құрбысының айтуынша, күйеуі Жазираны айдалаға алып барып, қылқындырған және оны соққыға жығып, әйел сол жерде бір рет талып, есін қайта жиған. 

оооооо
Фото: Марқұмның жақындарынан

 

“Көліктен шығып қашпақ болғанда, шашынан сүйреп қайтадан көлікке алып келген. Ішімдік ішкеннен кейін ұйықтап қалғанын пайдаланып, қалаға жаяу келген. Одан кейін арада біраз уақыт өткен соң ол тағы да Жазираның үй жағына барған. Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеоларда ол сол кезде пышақпен келген. Жазираға: “Бұл өмірде қосылмасақ, ана өмірде қосыламыз” депті. Алайда қасында өтіп бара жатқан адамдар құтқарып, аман қалған. Барып үстіне арыз жазып, сотты күтіп отырғанын айтты”, – деп мәлімдеді Жазираның құрбысы.

Құрбысы 23 қыркүйек күні Жазираның кісі қолынан қаза болғанын естігенін айтып қорытындылады. Сөзінше, дәл сол оқиғаның қалай болғаны әзірге беймәлім. 

“Сотқа өтініш тастағаннан кейін, Таланттың адвокаты оның емделіп жатқанын Жұлдызға айтқан. Алайда 23 қыркүйек күні суық хабарды естідік”, – деп сөзін қорытындылады Жазираның құрбысы.

Жазираның құрбысының мәліметінше, арада қалған 2 қыз нағашы әжесінің, яғни Жазираның анасының қолында тұрып жатыр.

Полиция департаментінің жауабы

Оқиғаға полиция қызметкерлері де дереу іске кіріскен. Департаменттің мәліметіне сүйенсек, күдікті полиция қызметкері емес.

“Күдікті жедел түрде ұсталып, Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Ал тергеу барысы Астана қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені де анықталды.

Еске сала кетейік, 28 қыркүйекте Семейде Бородулиха ауылының 20 жастағы тұрғыны Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі басталды.

Ислам Әден
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 17:28