Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында 20 жастағы қыз асқан қатыгездікпен өлтірілген: Күдіктіге қатысты сот басталды

Дилназ Жұмағұлова
Фото: Марқұмның туыстарының жеке архивінен

28 қыркүйекте Семейде Бородулиха ауылының 20 жастағы тұрғыны Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Қайғылы оқиға биыл жазда болған. Қыздың денесі 13 шілдеде жолдан табылған.

Прокурордың айтуынша, 13 шілдеге қараған түні айыпталушыға бұрынғы қызы Бородулиха ауылының орталығында кездесуді ұсынған хабарлама жіберген. Ол келісімін берген. Дильназ оны досымен бірге күтіп алған. Кейін қыз досымен қоштасып, айыпталушымен сөйлесуді жалғастырған.

Олар көшеде келе жатқан кезде екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Айыптау нұсқасы бойынша, қыз жігіттің бетін шапалақпен ұрған. Осыдан кейін ол да қызды ұрған.

"Сотталушы қалтасынан алдын ала дайындап қойған жиналмалы пышақты шығарған. Өз әрекеті жәбірленушінің өліміне әкелуі мүмкін екенін түсіне отырып, сотталушы марқұмның мойын тұсына соққы жасап, ұйқы артериясын зақымдаған. Жұмағұлова жарақатын қолымен басып, отыра кеткен. Оның айқайлап жіберуінен қорыққан сотталушы оны есеңгірету мақсатында пышақ сабының түбімен басының төбе және шүйде тұстарына қатты соққы жасаған", – делінген айыптау актісінде. 

Соққыдан қыз жерге құлаған. Айыптау актісіне сәйкес, сотталушы оған пышақпен желке, мойын, иық және жауырын тұстарына шамамен 10 рет соққы жасаған. Жарақат салдарынан қыз есінен танып қалған.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, қыз қайтыс болды деп ойлаған сотталушы оның денесін ауыл шетіне жасыруды ұйғарған. Денені сүйреп бара жатқан кезде ол пышақпен тағы бір рет жарақаттаған. Бұл жарақат ішке өтпеген.

Күдікті қыздың өлгеніне көз жеткізу үшін марқұмның басы, иығы және сол жақ кеуде тұсына пышақпен төрт рет соққы жасаған.

Сотталушы қыздың денесін үйлердің жанындағы топырақты жолда қалдырып, қылмыс болған жерден қашып кеткен.

Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімге ұйқы артериясының зақымдануымен кеуде қуысының алдыңғы бетіне түскен пышақ жарақаттары салдарынан ішкі ағзалардың қансыздануы себеп болған.

Прокурордың мәліметінше, күдіктіге қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған.

Марқұмның ата-анасы күдіктіге тағылған айыптың саралануымен келіспейді. Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа жолданған. Олардың пікірінше, келтірілген жарақаттардың сипатын ескере отырып, сотталушының әрекеті осы баптың 2-бөлігі бойынша, яғни "ауырлататын мән-жайлардағы адам өлтіру" бабы бойынша саралануы тиіс.

Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал 99-баптың 1-бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

БАҚ өкілдерінің сотқа қатысуы шектелді

Сот отырысының басында журналистердің процеске қатысуы мәселесі қаралды. Прокурор мен қорғаушы тарап сот талқылауы кезінде БАҚ өкілдерінің қатысуын шектеуді сұрады.

Прокурордың айтуынша, сотта интимдік сипаттағы ақпараттар жариялануы мүмкін. Ал қорғаушы тарап істің жария түрде қаралуы сотталушының отбасы мүшелеріне моральдық зиян келтіріп, оның кәмелетке толмаған туыстарына қысым жасалуы мүмкін екенін алға тартты.

Дильназдың ата-анасы керісінше, сот процесінің ашық болғанын және оған журналистердің қатысуын талап етті.

Сот судьясы Нияз Хасенбаев сот тергеуі кезінде БАҚ өкілдерінің қатысуын шектеу туралы шешім қабылдады. Үкім жарияланатын кезде журналистерге алдын ала хабарланатыны айтылды.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында кісі қолынан қаза тапқан Дильназ Жұмағұлованың анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, жалғыз қызының қазасы туралы айтып берген еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 22:12