Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды

Нұрай Серікбай Шерхан сотталды
Фото: instagram.com/ayankhan_omarov_advocate

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот үкім шығарды. Айыпталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы сотталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. 

Сот 13 тамыз күні іске байланысты үкім шығарды. Шерхан Аймахан қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру, 125-1-бабы – некеге тұруға мәжбүрлеу және 115-1-бабы – сталкинг бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Сонымен қатар ол 25 миллион теңге моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

 Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 17:36