"Түнімен жұмыс істетіп, ұйықтатпайтын": Қазақстандық студенттер ЖОО жатақханаларында көрген әлімжеттігін айтты
ҚазҰУ жатақханасында бірінші курс студентінің қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары оның жоғары курс студенттері тарапынан әлімжеттік көргенін айтқан. Әлеуметтік желіде де университет жатақханаларындағы күш көрсету туралы бұрынғы студенттер жазып, өздері куә болған оқиғаларды бөлісті. Ал оқу орындарында әлімжеттіктің алдын алуға кім жауапты? Неліктен кейбір жоғары курс студенттері бірінші курсқа келген жастарға үстемдік жүргізуді қалыпты санайды? Мұндай әрекеттердің түп-тамыры қайда жатыр? Stan.kz тілшісі мәселені зерттеп көрді.
16 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Алматы қаласының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Оқиғадан кейін марқұмның туыстары оның жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан қысым көргенін мәлімдеді.
Қайғылы оқиғадан кейін университеттің әлеуметтік-тұрақты даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Оқиға болған күні кезекшілік атқарған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді.
"Амандаспасаң, кеудеден ұратын": жоғары курс студенттері қандай талаптар қойған?
Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Айбекті (есімі өзгертілген) Алматыдағы ЖОО-лардың біріне оқуға түсіп, жатақханаға орналасқаннан кейін бірнеше күннен соң жоғары курс студенттері шақырып алып, өздері қалыптастырған ережелерді түсіндірген.
"Таңдау береді: не жүйеге қосылып, өз адамдарына айналасың, не жүйеден тыс қалып, ешкіммен араласпай, өз бетіңше жүресің. Жүйенің ішінде болсаң, бәрін танисың, бәрі сені біледі, жатақханадағы орта сені қабылдайды. Ал жүйеден тыс қалсаң, көлеңкеде жүрген адам сияқтысың. Өз бетіңше өмір сүресің, жүйедегілер сенімен араласпайды", – деді ол.
Сондай-ақ Айбек бұл оқиғалардан күзетшілерден бастап оқытушыларға дейін хабардар болғанын айтты.
"Қыздар да, күзетшілер де, оқытушылар да кімнің жүйеде бар, кімнің жүйеден тыс екенін жақсы біледі. Оқытушылардың арасында кезінде өзі де осы жүйеде болған адамдар бар. Қарым-қатынастың басым бөлігі екінші курс студенттерімен ғана орнайды. Үшінші-төртінші курс студенттеріне аса қызығушылық танытпайсың. Олар тек бізді жұмсайтын", – деді Айбек.
Сонымен қатар Айбек жүйедегі адамдардың барлығын тану міндетті болғанын жеткізді.
"Жүйедегі адамдардың бәрін тануың керек. Екінші, үшінші және төртінші курс студенттерінің есімдерін жаттап, олардың қай бөлмеде тұратынын білуің қажет. Тіпті телефон нөмірлерін де сақтап қоюың міндетті. Екінші курс студенттерінің кез келген қателігі үшін барлығын бір бөлмеге жинап, жиналыс өткізетіні есімде. Сол жерде кезек-кезек кеудеден ұратын. Айтпақшы, жиналыстарда емтихан да алатын. Жүйедегі студенттерді қаншалықты білетініңді тексеріп, кімнің қай бөлмеде тұратынын сұрайтын. Қате жауап берсең, бәрі кеудеден соққы алатын. Жүйедегі адамдардың барлығымен үнемі амандасып жүруің керек. Бір күнде екінші курс студентін бірнеше рет көрсең де, жүгіріп барып сәлемдесуге міндеттісің. Жай ғана жанынан өтіп кетсең, кешке жиналыс күтіп тұрады", – деді ол.
Ал Айман (есімі өзгертілген) Қазақстандағы жатақханалардың бірінде әлімжеттік 2019 жылы да болғанын айтты. Оның сөзінше, сол жылы университетке оқуға түскен інісін жатақханаға орналастырған. Алайда жас жігіт екі аптаға да шыдамай, жатақханадан кетуге мәжбүр болған.
“Денесінің суретін көрсетті, тұла бойы түгел көгерген. Басқа ештеңе сұрамадым, не үшін кеткенін де қазбаламадым. Факультетке ашумен жаздым. Жарты жылдан кейін жоғары курс студенттерін оқудан шығарыпты. Сол жылы үлкен шу болған еді. "Қанша шыдайтыныңды байқап көрейік" деп, бірінші курс студенттерін ұрады екен надан адамдар! Өзім де сол университетте оқыдым. Осыдан кейін ол жаққа барғым келмейді”, – деді Айман.
Сондай-ақ Айман қыздар арасында да әлімжеттік бар екенін айтты.
"Жоғары курс студенттері қыздарды бөлмелерін жинауға, тамақ әзірлеуге мәжбүрлейді. Бірде денелі келген қыз телефонымды тартып алып қойған жағдай болды. Сол кезде бір ай бойы телефонсыз жүргенім есімде. Қатты қиналған едім. Бұл оқиғаның інімнің де басынан өткеніне жаным ауырады. Негізі, әлімжеттік балабақшадан бастап бар. Әскерде де кездеседі. Тұрмысқа шықсаң да, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болуың мүмкін. Бұл қоғамда өмір сүру қиындап барады", – деп налыды Айман.
“Жатақханаларында студенттерді өңіріне қарай бөлген”
Ал Азаматтың айтуынша, 2022 жылы жатақханада жер-жерге бөліну белең алған. Сол кезеңде белсенді студенттердің ықпалы күшейіп, олар жатақханаларды бөлу ісіне араласқан.
"Оқу орнымыздағы белсенділер студенттерді бөледі. 2022 жылы болу керек, студенттік деканаттың студенттік кеңес төрағасы бізде жер-жерге қарай бөлетін. Белсенділер қолдарына сәл билік тисе, көтере алмай қалатын. Бірінші жатақхананы студенттік кеңес төрағасы өз жерлестеріне алып берді. Яғни үшінші курс басында сол белсенді сымақтар қабылдау комиссиясында отырады. Екінші курс студенттеріне жатақханадан орын беру керек болғанда, тек өздері алды, қалғандары жатақханасыз қалды", – деді Азамат.
Студенттік жылдарын еске алған Бекнұр да (есімі өзгертілген) жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан бірінші курс студенттеріне қысым көрсетілгенін айтты.
Оқып жүрген кезімдегі әлімжеттік есіме түсіп жатыр. Біз оқып жүргенде жоғары курс студенттері жатақхана жабылып қалғанын біле тұра, дүкенге жұмсайтын. Тіпті ұйықтап жатсаң оятып алып жұмсайтын еді. Курстастарым талай рет жерге жамылғы мен шүберекті байлап түсетін. Мұны университет қызметкерлері іштей білетін, бірақ көз жұма қарайтын", – деді ол.
Оның айтуынша, бірінші курста жатақханаға 15-тен аса жігіт орналасқанымен, бір-екі аптадан кейін қысымға шыдамай, көбі шығып кеткен.
"Түнімен жұмыс істетіп, ұйықтатпайтын. Сол қысымға шыдамай, оқуға түскен 15 студенттің басым бөлігі оқудан шығып кетті. Сонда факультеттен де, университеттен де бірде-бір адам “Неге бәрің бір уақытта шығып кеттіңдер?” деп сұрамады, тексермеді де. Қазір ойласам, сол кездегі бейқамдыққа таңғаламын", – деді Бекнұр.
Әлімжеттіктің түп-тамыры қайда жатыр?
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, әлімжеттіктің артында күш көрсету мен үстемдікке ұмтылу түсінігі жатыр. Әсіресе өзінен әлсіз адамды бағындыру, оған қысым көрсету арқылы бедел жинауға тырысу осының бір көрінісі.
"Біздегі бір мәселе – студенттер арасындағы әлімжеттікке қатысты әлеуметтану саласында әлі күнге дейін арнайы зерттеулердің жүргізілмеуі. Негізінен зорлық-зомбылыққа негізделген мәдениет әуелі мектептен, көшеден басталып, университеттегі, әскердегі әлімжеттікке жалғасуы, кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұласуы мүмкін. Мұның түп-тамырында түрмелік мәдениеттің ықпалы жатыр. Яғни күш көрсету, әлсізді басыну, өзінен төмен тұрған адамға үстемдік жүргізу қалыпты әрекет ретінде қабылданады", – дейді әлеуметтанушы.
Сондай-ақ әлеуметтанушының айтуынша, бала кезінде отбасында зорлық-зомбылық көрген адамдар кейін университетте өзгелерге әлімжеттік көрсетуі мүмкін. Олар өздері бастан өткерген күш көрсету әрекеттерін қалыпты жағдай ретінде қабылдап, оны өзгелерге де қолдануға бейім болады.
"Бұл – үзілмейтін тізбек секілді. Отбасынан немесе айналасынан зорлық-зомбылық көріп өскен баланың кейін өзгелерге күш көрсетуі жиі кездесетін құбылыс. Бала күнінде көрген қысым мен қорлық оның психологиялық дамуына кері әсер етпей қоймайды. Мұндай адамдар бойындағы ашу-ызаны, ішкі агрессияны қайда бағыттарын білмей, өзінен әлсіздерге шығарады. Психология ғылымында бұл құбылыс зорлық-зомбылықтың ұрпақтан ұрпаққа берілу циклі немесе зорлық-зомбылықтың қайталану циклі деп қарастырылады. Яғни адам бала кезінде өзі көрген қарым-қатынас үлгісін кейін өзгелермен араласқанда қайталауы мүмкін", – дейді әлеуметтанушы.
Тарихи жады мен зорлық-зомбылық мәдениетінің байланысы
Тарихшы-құқықтанушы Ермек Сағыновтың айтуынша, әлімжеттіктің қалыптасуына тарихи оқиғалардың да ықпалы болуы мүмкін.
"Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік кезеңнен мұра болып қалған қоғамдық қатынастар мен билік жүргізу тәсілдері толықтай жойылған жоқ. Тоталитарлық жүйе тұсында қалыптасқан күшке бағыну, жоғары тұрған адамның бұйрығын талқылаусыз орындау, әлсіздің пікірін елемеу сияқты түсініктер қоғамның белгілі бір бөлігінде сақталып қалды. Мәселен, студенттер арасындағы әлімжеттік кезінде жоғары курс студенттерінің төменгі курс студенттеріне үстемдік жүргізуі, оларды өз айтқанына көндіруі, жеке шаруаларына жұмсауы немесе күш көрсетуі байқалады”, деді тарихшы.
Оның сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік кезеңнен мұра болып қалған қоғамдық қатынастар мен билік жүргізу тәсілдері толықтай жойылған жоқ.
“Мұның астарында күшті адамның сөзі өтімді, ал төменгі сатыдағы адамның оған бағынуы тиіс деген түсінік жатыр. Егер зорлық-зомбылыққа дер кезінде тосқауыл қойылмаса, ал жәбірленушінің үнсіз қалуы қалыпты жағдай ретінде қабылданса, әлімжеттік жалғаса беруі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тарихи сана, қоғамдық тәрбие және институционалдық жауапкершілік тұрғысынан кешенді қарастыру қажет", – деді Ермек Сағынов.
Әлімжеттік үшін заң алдында кім жауап береді?
Заңгер Айтжан Апеновтің айтуынша, студенттер арасындағы әлімжеттік кейде "тәртіпке бағындыру", "үлкенді сыйлауды үйрету" немесе "дәстүр" деген желеумен ақталады. Алайда адамның ар-намысына тиіп, қорқыту, ұрып-соғу, ақша талап ету немесе күш көрсету заң бұзушылық болып саналады.
“Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде студенттер арасындағы әлімжеттік кезінде жасалуы мүмкін күш көрсету әрекеттеріне қатысты нақты құқықтық нормалар қарастырылған. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы – "Ұрып-соғу" деп аталады. Бұл бапта денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілік көзделген. Ал 108-1-бап – "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін жауапкершілік қарастырылған. Егер зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы адамға тән немесе психикалық зардап келтіріліп, заңда көзделген белгілер анықталса, Қылмыстық кодекстің 110-бабы – "Қинау" бойынша саралануы мүмкін”, – деді заңгер.
Заңгердің айтуынша, студенттерден ақша талап ету, күш қолданумен қорқыту немесе олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау заң алдында жауапкершілікке әкеледі.
“Сонымен қатар студенттен қорқытып, ақша немесе өзге де мүлік талап ету Қылмыстық кодекстің 194-бабы – "Қорқытып алу" бойынша саралануы ықтимал. Егер жәбірленушіге өлтірумен немесе денсаулыққа ауыр зиян келтірумен қорқытса, 115-бап – "Қорқыту" бойынша жауапкершілік қарастырылған. Ал адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту Қылмыстық кодекстің 131-бабы – "Қорлау" бабына сәйкес сараланады", – деді заңгер.
Сондай-ақ заңгер Айтжан Апенов студенттер арасындағы әлімжеттіктің кейде "тәртіп орнату", "үлкенді сыйлауға үйрету" немесе "дәстүрді сақтау" деген сылтаумен жасырылатынын айтады. Алайда ешкімнің басқа адамды қорқытуға, қорлауға, ұрып-соғуға немесе одан ақша талап етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер дәстүрге де, тәрбиеге де жатпайды және заң алдында жауап беруге негіз болады.
Студенттер арасындағы әлімжеттікке қатысты ресми деректер
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 111 байланыс орталығына буллинг, зорлық-зомбылық және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша колледж және ЖОО студенттерінен 2 600-ге жуық өтініш түскен. Қазақстанның медициналық университеті мен Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің зерттеушілері 134 оқушы арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 61,5%-ы буллингті бастан өткергенін айтқан. Ал қатысушылардың 47,3%-ы әлімжеттіктің оқу үлгеріміне кері әсер еткенін жеткізген. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 2025 жылы Алматы облысының Талғар ауданындағы жүргізілген зерттеу барысында колледж студенттері арасындағы әлеуметтік-эмоционалдық тұрақсыздық деңгейі 8,69%-ды құраған.
2026 жылғы 19 наурызда Оқу-ағарту министрлігі барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация қызметтері құрылатынын хабарлады. Бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларының алдын алуға және қақтығыстарды азайтуға бағытталған.
Еске салайық, 2020 жылы ҚазҰУ-дың әлімжеттік көрсетті деген айыппен 10 студентті оқудан шығарғаны туралы жазған едік. Курстастарына араша түсіп, олардың оқудан шығарылмауын сұраған мыңға жуық студент қол жинағанымен, оқу орны шешімін өзгертпеген. Ал шығарылған студенттердің гранттары ақылы бөлімде оқитын басқа студенттерге берілген.
"Түнімен жұмыс істетіп, ұйықтатпайтын": Қазақстандық студенттер ЖОО жатақханаларында көрген әлімжеттігін айтты