Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Псориаз жұқпалы ма: Қазақстандық дерматолог ел ішінде тараған мифті жоққа шығарды

Псориаз
Фото: magnific.com

Псориазбен ауыратын адаммен қол алысу, бір дастарқанда отыру немесе күнделікті араласу арқылы ауру жұқпайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Псориазбен ауыратын адаммен қол алысып амандасу, бір үстелде тамақтану немесе күнделікті қарым-қатынас жасау арқылы ауру жұқпайды. Бұл иммундық жүйе қызметінің бұзылуына байланысты пайда болатын созылмалы тері ауруы. Мамандар псориазбен ауыратын адамдарды шеттетпей, керісінше, оларға түсіністікпен қарауға шақырады.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерматолог дәрігері Гүлжан Мейірманованың түсіндіруінше, псориаздың кең таралған түрлерінің бірі – түйіндақты псориаз.

Аурудың бұл түрінде теріде шекарасы анық, қызыл түсті түйіндақтар пайда болады. Олардың беті күміс түстес ақ қабыршақтармен жабылады. Көбіне мұндай белгілер шынтақта, тізеде, бастың шашты бөлігінде және бел тұсында байқалады.

"Псориаз иммундық жүйенің бұзылуымен байланысты және созылмалы сипатқа ие. Алайда ол жұқпалы ауруларға жатпайды. Сондықтан псориазбен ауыратын адамдармен араласудан, қол алысудан немесе бір ортада болудан қорқудың қажеті жоқ", – деді дерматолог дәрігер Гүлжан Мейірманова.

Дерматолог теріде бөртпе немесе басқа да өзгерістер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге қаралуға кеңес береді. Сондай-ақ теріні үнемі ылғалдандырып, жарақаттанудан сақтау және маман тағайындаған емді үзбей жалғастыру маңызды.

Мамандар псориазды бақылауда ұстауға болатынын айтады. Бұл ретте медициналық көмектен бөлек, жақындарының қолдауы мен қоғамның түсіністігі де маңызды. Өйткені аурудың жұқпайтынын білу – псориазбен өмір сүретін адамдарға қатысты негізсіз қорқыныш пен кемсітушіліктің алдын алуға көмектеседі.

Еске салайық, бұған дейін псориаздан айықтырамыз деп жарнамаланған "Дермамин" биологиялық белсенді қоспасын қабылдаған қазақстандық әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді. Әйел сатушылардың екі аптада толық жазылып кететіні туралы уәдесіне сеніп, препаратты сатып алған. Алайда емнің орнына ауруы асқынып, денесіндегі жаралар көбейіп, дене қызуы көтерілген. Медицина мамандары псориазбен ауыратын адамдарға өз бетінше емделмей, дерматологқа жүгінуге кеңес береді.

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Қараша, 2026 12:00