Алматыда метроның үш жаңа станциясы салынып жатыр: Құрылысы қашан аяқталады?
Алматыда "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейін метро желісін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір үш жаңа станцияның бірінде жер қазу басталса, екіншісінде инженерлік желілер көшірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда метроның "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейінгі учаскеде үш жаңа станцияның құрылысы жүріп жатыр. Қазір олардың бірінде жер қазу жұмыстары басталса, екіншісінде инженерлік желілерді көшіру аяқталуға жақын. Ал үшінші станцияда вестибюль мен платформа бөлігін бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс 2029 жылы аяқталуы жоспарланған.
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа станциялар бірінші желінің үшінші кезеңі аясында салынып жатыр. Әзірге оларға ресми атау берілмеген. Нысандар құжаттарда I, II және III станция деп белгіленген. Олардың атауы белгіленген тәртіппен бекітіледі.
Жаңа станциялар қай жерде орналасады?
- I станция – Алатау даңғылының бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Сабденов көшесінен оңтүстікке қарай, Наурызбай ауданы әкімдігіне жақын жерде орналасады.
- II станция – Алатау даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында салынып жатыр.
- ІII станция – "Барлық" базарының аумағында орналасады.

Құрылыс жұмыстары қай кезеңде?
Метрополитеннің баспасөз қызметі әр станциядағы құрылыс жұмыстарының барысына да тоқталды. Бірінші станцияда инженерлік желілерді, соның ішінде электрмен жабдықтау жүйесі мен газ құбырын көшіру жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар айналма жол салу жұмыстары біткен. Қазір жер қазу жұмыстары басталмақ.
Екінші станцияда инженерлік желілерді көшіру және айналма жол салу жұмыстары аяқталуға жақын.
Ал үшінші станцияда жер қазу және бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, вестибюль мен платформалық учаскені бетондау жұмыстары қолға алынған.
Метрополитен өкілдерінің мәліметінше, "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейінгі учаскенің құрылысын 2029 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі Қытайдың ірі компанияларымен LRT және SkyTrain жобаларын жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол қойғаны туралы жазған едік. Жобалар қаладағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, SkyTrain — жерден биікте орналасқан арнайы эстакадалар арқылы жүретін монорельсті көлік. Мұндай жүйе Канаданың Ванкувер қаласында қолданылады. Ол толық автоматтандырылған және жүргізушісіз басқарылады.
Алматының бас жоспарына енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, болашақ SkyTrain желісі Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автомобиль жолы арқылы өтуі мүмкін. Алайда жобаның нақты бағыты мен техникалық шешімдері кейінірек белгілі болады.
Мәслихат сайлауының ақшасы қайдан келеді және қайда жұмсалады