Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда SkyTrain монорельсті көлігінің құрылысы қашан басталады: Қала әкімі жауап берді

рельс
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды SkyTrain монорельсінің құрылысы келесі жылы басталатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қала басшысы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында SkyTrain жобасына тоқталды. 

“Көлік инфрақұрылымын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – SkyTrain жобасы. Бұл жоба бойынша жұмыстар келесі жылы басталады”, – деді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, қазір Алматыда бес негізгі бағыттағы радиалды жол салынып жатыр.

“Рысқұлов көшесінен қала шекарасына дейінгі жол бөлігі пайдалануға беріліп, онда көлік қозғалысы ашылған. Жыл соңына дейін Абай даңғылы мен Саин көшесінен Үлкен Алматы айналма жолына дейінгі жолды іске қосу жоспарланып отыр. Келесі жылдың соңына дейін негізгі радиалды жолдардың барлығын БАКАД-қа қосамыз”, – деді әкім.

Оған қоса Дархан Сатыбалды LRT желісінің алғашқы бөлігінің құрылысы басталғанын айтты. 

“Метрополитенді де кезең-кезеңімен дамытып жатырмыз. Жыл соңына дейін “Қалқаман” станциясы пайдалануға беріледі. “Барлық” станциясына дейінгі желінің құрылысы басталды. Сонымен қатар “Жібек жолы” станциясынан әуежайға дейінгі екінші желінің жобасы әзірленіп жатыр”, – деді қала әкімі. 

Дархан Сатыбалды Алматыны дамытудағы басым бағыттардың бірі “Шығыс қақпасы” мен “Батыс қақпасы” полицентрлерін қалыптастыру екенін айтты.

“Қазір аталған аумақтарда жол және инженерлік инфрақұрылым салынып жатыр. Бұл жерлерде AI Park, Almaty Promenade, Almaty Design District, жаңа халықаралық көрме орталығы, Almaty Water Garden сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар, заманауи тұрғын үй кешендері мен саябақтар бой көтереді”, – деді әкім. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 40 миллиард бөлінген Райымбек даңғылындағы BRT жобасы неге тоқтап қалғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 11:55