"Бір қой, екі сиыр сатып алып, кәсіп бастадым": Оңтүстіктен солтүстікке көшкен отбасы қалай өмір сүріп жатқанын айтып берді
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы аясында еліміздің теріскейіне көшіп жатқан отбасылардың арасында жаңа өмір бастап, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар. Алайда жылы өңірден қысы қатал аймаққа қоныс аудару кез келген адамға оңай емес. Түлкібас ауданындағы Балықты ауылынан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған Мадина Сырғабекова алғашында айналасындағы ақ қайыңдарды көріп, отынға кесіп жатқанына таңғалса, қалың қар мен боранға да үйрене алмай қиналған. Бүгінде ол бұл шешіміне өкінбейтінін айтады. Stan.kz тілшісі отбасының жаңа ортаға қалай бейімделгенін, қандай кәсіппен айналысатынын және мемлекеттік қолдаудың қаншалықты көмектескенін білді.
"Үш күннен кейін жұмысқа орналастым"
Мадина Сырғабекова Түркістан облысы Түлкібас ауданының Балықты ауылынан шыққан. Солтүстікке алғаш көшіп келген кезде отбасында бір ғана бала болған. Кейін бұл өңірде тағы екі ұлы дүниеге келген. Қазір отбасы бес адамнан тұрады. Қызы Астана қаласында студент болса, екі ұлы мектепте оқиды.
Солтүстікке көшу туралы ұсынысты алғаш болып жолдасы айтқан. Ол бұл өңірге мал саудасымен келіп-кетіп жүргендіктен, жергілікті жағдайды біршама білген екен. Бір күні үйіне келіп, көшетіндерін, тіпті баспана тауып, жұмыс мәселесін де алдын ала келісіп қойғанын айтқан. Алайда оңтүстікте өскен әйел үшін бұл жаңалық оңай қабылданбаған.
"Жолдасым бір күні келді де "Көшеміз, үй алып қойдым, жұмысқа да сөйлесіп қойдым" деді. Ал менің бірінші айтқан сөзім "Бармаймын!" болды. Айдалада не бар, ешкімді танымаймын, қалай өмір сүреміз деп ойладым. Бірақ кейін көшіп келдік. Қазір қарасам, өкінбеймін", – дейді Мадина Сырғабекова.
Бастапқыда бейтаныс өңірге баруға үзілді-кесілді қарсы болғанымен, кейін жолдасының шешіміне келісіп, отбасымен бірге солтүстікке қоныс аударған. Мадина солтүстікке келгеннен кейін көп күтпей жұмысқа орналасқан.
"Көшіп келгенімізге үш күн болғанда жұмысқа орналастым. Қалалық әкімдікте маман болып істедім. Кейін жастар орталығы ашылып, сол жаққа ауыстым. Жұмыс болды, ортаға да тез араластым. Көршілерімнің көбі орыс ұлтының өкілдері еді. Қазақтар да бар, бірақ көбісі орысша сөйлейтін. Басында "Мен шынымен орыс жеріне келдім бе?" деп таңғалдым", – дейді ол.
Кейін 2016 жылы декреттік демалысқа шығып, екінші ұлын дүниеге әкелген. Балалары өсіп, тұрмысы біршама тұрақталған соң, жеке кәсіппен айналысуға бел буған. Мадина Сырғабекова мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, мал шаруашылығын қолға алған. Алғашында қой сатып алып, кейін қайтарымсыз грантқа қол жеткізген.
"Кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік бар. Даму бағдарламасы арқылы 6%-дық несие алып, мал шаруашылығымен айналыстым. Кейін грантқа өтініш беріп, екі сиыр алдым. Сүтін іштік, қаймағын алдық. Бәрі өз қолымызда болды. Ол кезде малдың бағасы да арзан еді. Қазір, әрине, баға өзгерді", – дейді Мадина.
Бұдан бөлек, оңтүстіктің ас мәзірін солтүстік тұрғындарына таныстыруды да қолға алған. Кейіпкеріміздің айтуынша, өзі көшіп келген кезде жергілікті асханаларда көбіне борщ, қарақұмық секілді күнделікті тағамдар ұсынылатын. Сондықтан оңтүстіктің дәмін сағынғандарға арнап асхана ашқан.
"Мен лағман, палау, самса, сорпа сияқты оңтүстіктің тағамдарын әзірлейтін асхана аштым. Жаз мезгілінде оңтүстіктен жеміс-жидек әкеліп саттым. Қолымнан келген жұмыстың бәрін істедім. Бір орында отырмай, өзімді дамытуға тырыстым", – дейді Мадина.

Мадина Сырғабекованың айтуынша, "Серпін" бағдарламасы аясында көшіп келген азаматтарға берілетін мемлекеттік қолдау жылдар өте келе өзгеріп, көлемі де артқан. Алғашқы кезде қоныс аударушыларға көшуге, баспана жалдауға және үй сатып алуға қаржылай көмек көрсетілген. Кейін тұрғын үй салу және оны бірнеше жылдан соң жекеменшікке рәсімдеу тетігі енгізілген. Қазіргі қолдау көлемі де бұрынғыдан едәуір өскен.
"Алғашқы жылдары көшіп келетін отбасыларға көшу шығынына шамамен 104-120 мың теңге көлемінде ақша берілетін. Сонымен қатар бір жылға дейін ай сайын 84 мың теңгедей пәтерақы төленді. Ол кезде үй бағасы да арзан болатын. Әкімдік отбасының өзі таңдаған екі-үш миллион теңгелік баспанасын сатып алып беретін. Кейін көшіп келушілерге арнап жаңа үйлер салына бастады. Отбасылармен бес жылдық келісімшарт жасалып, құны шамамен жеті миллион теңге болатын баспана берілді. Бес жылдан кейін үйді жекешелендіріп, өз атына рәсімдеуге мүмкіндік болды”, – дейді Мадина Сырғабекова.
Ал қазіргі бағдарлама бойынша баспана алуға 7 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді екен. Үйдің бағасы жеті-сегіз миллион теңге болса да, мемлекет белгілеген сома шегінде көмек көрсетіледі. Көшуге шамамен 200-210 мың теңге, ал жалдау ақысына 110 мың теңгедей төленеді.
“Мұндай төлемдер АЕК мөлшеріне қарай өзгеріп отырады. Бұған қоса, берілетін грант көлемі де кезең-кезеңімен өсті. Алғашында 362 мың теңге болса, кейін 540 мың теңгеге, одан соң 1,5 миллион теңгеге дейін жетті", – дейді Мадина.
"Қазақтар мен орыстар бір-бірінің мерекесін бірге атап өтеді"
Кейіпкерімізді солтүстікке алғаш келгенде ауа райы мен тұрмыс ерекшеліктері таңғалдырғанымен, жергілікті халықтың қарым-қатынасы ерекше әсер қалдырған. Оның сөзінше, мұнда әртүрлі этнос өкілдері бір-бірін жатсынбайды. Көршілер арасында сыйластық бар, ұлттық және діни мерекелер де бірге атап өтіледі.
"Мені ешкім "Сен оңтүстіктен келдің" деп бөлген жоқ. Керісінше, "О, наша своя, өзіміз ғой" деп жылы қабылдады. Жергілікті адамдар өте қонақжай. Бір-бірін жатсынбайды. Қазақтар аз болғанымен, қазақшылықты жақсы сақтаған. Кейбір салт-дәстүрлерді бізде ұмытылып бара жатқан шығар деп ойлайсың, ал мұнда әлі күнге дейін барлық жол-жоралғысымен орындалады", – дейді ол.
Оның айтуынша, өңірде қазақтар мен өзге этнос өкілдері бір-бірінің діни және ұлттық мерекелеріне құрметпен қарайды.
"Мысалы, Пасха кезінде қазақтар орыс көршілеріне "Пасхаң құтты болсын" дейді. Олар да Рамазан айтында "Айт қабыл болсын" деп құттықтайды. Біз олардың жұмыртқасы мен куличін жесек, олар біздің бауырсақ пен шелпегімізден дәм татады. Ешкім ешкімді ұлтқа немесе дінге бөліп жатқан жоқ. Бәрі бір-бірімен араласып, тату тұрады", – дейді кейіпкер.

Наурыз мерекесі де кең көлемде аталып өтеді. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар той-томалақтағы дәстүрлердің де өзіндік ерекшелігі бар.
"Оңтүстікте тойда дастархан бірден жайылады ғой. Ал мұнда алдымен ет келеді, содан кейін шай дастарханы бөлек жайылады. Тағы бір қызығы – "дорба шоу" деген дәстүр бар. Тойға келген туған-туыс, жора-жолдастар қоржын әкеледі. Оның ішінде үлкенді-кішілі сыйлықтар болады. Осындай дәстүрлерді көріп, өзім де үйрендім", – дейді Мадина Сырғабекова.
"Көшіп келетіндер, әуелі, өңірді көріп алғаны дұрыс"
Кейіпкеріміздің айтуынша, солтүстікке қоныс аударған алғашқы жылдары бейімделу оңай болмаса да, мемлекеттік қолдау отбасының жаңа жерде орнығуына көмектескен. Мадина көшіп келушілерге көшу шығындарына берілетін төлем, баспана мәселесінде қолдау, жұмысқа орналасуға жәрдем және кәсіп бастауға арналған гранттар қарастырылғанын айтады.
"Мемлекеттен көмек бар. Көшіп келуге ақша беріледі, үй алуға да қолдау көрсетіледі. Жұмыспен қамтамасыз етуге көмектеседі. Кәсіп ашамын десең, грант алуға мүмкіндік бар. Мал шаруашылығы, егін, жылыжай, құс өсіру, ара шаруашылығы сияқты бағыттар бойынша қолдау қарастырылған. Мен де сол мүмкіндікті пайдаланып, грант алдым", – дейді ол.
Сонымен бірге оның пікірінше, көшіп келуді жоспарлаған адамдар ең алдымен өз мүмкіндігін бағалап, баратын жерін алдын ала көріп алғаны жөн.
"Менің айтарым, бірден көшіп келуге асықпау керек. Әуелі, қай ауданға, қай ауылға баратыныңды анықтап, сол жерді көріп алған дұрыс. Өйткені кейбір адамдар суыққа шыдай алмай немесе денсаулығына байланысты қайта көшіп кетіп жатады. Отбасың, балаларың бар, олардың жағдайын да ойлау керек. Жұмыс бар ма, мектеп қандай, тұрмысқа қолайлы ма – бәрін алдын ала біліп алған жөн", – дейді ол.
Сондай-ақ Мадина өңірде балалардың қабілетін дамытуға мүмкіндік көп екенін айтады. Музыка, домбыра, би, ән, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді.
"Балаларға арналған өнер мектептері бар. Домбыра, ән, би, хореография, қолөнер – бәрі бар. Өнерге жақын балалар үшін жақсы мүмкіндік жасалған. Мұнда қолыңнан бір іс келсе, соны дамытуға қолдау көрсетеді. Әкімдік те түрлі шараларға қатыстырып, белсенді болуға мүмкіндік береді", – дейді ол.

"Көшетін ойым жоқ, үйреніп қалдық"
Бүгінде кейіпкеріміз солтүстікке көшіп келгеніне өкінбейді. Керісінше, өзі де, балалары да жаңа өңірге бауыр басып кеткен. Алғашында айдалаға тап болғандай сезінген әйел қазір жергілікті табиғатты, адамдарды, тұрмыс салтын жақсы көретінін айтады.
"Шал ақын ауданының табиғатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны көзбен көрген жақсы. Ормандары, ақ қайыңдары, шыршалары – бәрі керемет. Алғашында бұл жерге қалай үйренемін деп уайымдадым. Қазір өзіме де, балаларыма да ұнайды", – дейді Мадина Сырғабекова.
Кейіпкеріміз көшіп келгеннен кейін өзінің соңынан солтүстікке қоныс аударған отбасылар да болғанын айтады. Олар оған хабарласып, қайда бару керегін, қалай орналасуға болатынын сұраған. Ол да қолынан келгенше бағыт-бағдар беріп, көмектескен.
"Біз келгеннен кейін тағы біраз адам көшіп келді. Өздері хабарласып, қайда бару керек, қалай орналасуға болады деп сұрайтын. Білгенімді айтып, көмектестім. Мен танитындардың көбі қазір өз кәсібін жүргізіп отыр. Ең бастысы, адам өзі де әрекет етуі керек. Мемлекет мүмкіндік береді, ауданнан да қолдау бар. Бірақ соны пайдалану адамның өзіне байланысты", – дейді ол.
Мадина Сырғабекова әр адам кез келген ортаға ниет пен талпыныстың арқасында үйрене алатынын атап өтті.
Солтүстік Қазақстаннан 1790 адам кейін кері қайтқан
Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудару бағдарламасы аясында кейінгі жылдары мыңдаған адам көшіп келгенімен, олардың бір бөлігі кейін кері қайтқан. Өңір әкімдігінің Stan.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында, 2023-2026 жылдар аралығында облысқа 2536 отбасы, оның ішінде 8769 адам қоныс аударған. Олардың басым бөлігі оңтүстік өңірлерден келген.
Әкімдік мәліметінше, бағдарлама арқылы көшіп келгендердің 18%-ы, яғни 1790 адам кейін кері қайтқан.
"Еңбекке қабілетті 3133 адамның 1586-сы тұрақты жұмыспен қамтылды. Тағы 235 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Сонымен қатар 200-ден астам адам мемлекеттік грант алды. Қоныс аударушылар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және әкімшілік қызметтер салаларында жұмыс істейді", – деп хабарлады облыс әкімдігі.
Әкімдік кейінгі үш жылда қоныс аударушыларды қолдауға бюджеттен 4 миллиард 146 миллион 63 мың 729 теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл қаражат көшу шығындарын өтеуге, пәтерақы төлеуге және еңбек ұтқырлығы сертификаттарын беруге бағытталған.
Ведомство өкілдерінің пікірінше, қоныс аударушылар өңірдегі еңбек тапшылығын азайтуға және демографиялық жағдайды жақсартуға үлес қосып отыр. Атап айтқанда, кейбір ауылдардағы мектептердің жабылуына жол берілмеген. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы елді мекендерде кәсіп ашуға ниетті отбасыларға мемлекеттік гранттар берілген.
Бағдарламалар жайлы не білеміз?
Қазақстанда оңтүстік өңірлерден солтүстік аймақтарға қоныс аударушыларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 2026 жылдан бастап жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек күші артық өңірлерден халқы аз солтүстік аймақтарға азаматтарды көшіру, оларды жұмыспен қамту және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімді сақтау.
Жаңа тәртіп бойынша солтүстікке қоныс аударған азаматтарға баспана сатып алу үшін 1625 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 7 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Егер сатып алынатын үйдің құны осы сомадан асып кетсе, бөлінген қаражат ипотекалық несиенің бір бөлігін өтеуге жұмсалуы мүмкін.
Бұдан бөлек, бағдарлама қатысушыларына жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесін шешу және жаңа ортаға бейімделу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қоныс аударған отбасыларға 25 мемлекеттік қызмет бойынша интеграциялық көмек қарастырылған. Бағдарламаға оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшкісі келетін Қазақстан азаматтары мен қандастар қатыса алады. Алайда отбасы мүшелерінің кемінде біреуі еңбекке қабілетті болып, дипломы немесе таңдаған өңірдегі бос жұмыс орнына сәйкес кәсіби дағдысы болуы керек. Қандастарға бұл ретте білім туралы диплом міндетті талап саналмайды. Өтінімдер migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн қабылданады. Порталда қоныс аударуға арналған өңірлер, бос жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар, орташа жалақы және әлеуметтік инфрақұрылым туралы ақпарат жарияланған.
Қазақстанда кәсіп ашқысы келетін азаматтарға арналған "Бастау Бизнес" мемлекеттік жобасы аясында тегін кәсіпкерлік оқуынан өтіп, қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік бар. Бағдарлама бойынша қатысушылар skills.enbek.kz платформасында 14 күнге дейін онлайн білім алып, курсты сәтті аяқтаған жағдайда үш жылға жарамды сертификат иеленеді. Осы сертификат арқылы әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар жаңа бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 1 миллион 730 мың теңгеге дейін грантқа өтінім бере алады.
Грант атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасыларға, қандастарға, қоныс аударушыларға, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қарастырылған. Өтінім беруші тіркелген жұмыссыз немесе бір жылдан аз уақыт жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкер болуы керек. Бөлінген қаражатты кәсіп ашуға қажетті құрал-жабдық, мүкәммал, мал, құс, тұқым, көшет сатып алуға және үй-жайды жалға алуға жұмсауға болады. Ал ақшаны несие өтеуге, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұтыну мақсаттарына пайдалануға рұқсат жоқ.
Бағдарламаға қатысу үшін алдымен skills.enbek.kz платформасында тегін курстан өтіп, сертификат алу қажет. Одан кейін business.enbek.kz порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен өтінім беріп, бизнес-жоспар ұсынады. Жобаны арнайы комиссия бағалап, мақұлданған жағдайда азаматқа грант беріледі. Айта кетейік, грантты бір рет қана алуға болады. Қаражат алған кәсіпкерлер үш ай ішінде ақшаның мақсатты жұмсалғанын растауға, екі жыл бойы тоқсан сайын есеп беруге және 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын ашуға міндетті.
"Бір қой, екі сиыр сатып алып, кәсіп бастадым": Оңтүстіктен солтүстікке көшкен отбасы қалай өмір сүріп жатқанын айтып берді