"Талдаулар таза, бірақ есептен шығармайды": Таразда әйел дәрігерлерді сотқа берді
Тараз қаласында туберкулез диагнозы қойылған әйел мен дәрігерлер арасындағы дау сотқа жетті. 32 жастағы Екатерина Остапенко екі жылдан бері аталған аурумен ауырмайтынын дәлелдеуге тырысып келеді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде тапсырған барлық талдауы теріс нәтиже көрсеткенімен, дәрігерлер оны диспансерлік есептен шығармаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір әйел жүктілігіне байланысты да қиындыққа тап болған. Ал емхана өкілдері жүктілікті жалғастыру ана мен балаға қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен.
Екатерина Остапенконың сөзінше, барлығы екі жыл бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырғанн соң басталған. Аурудан соң өкпесінде қара дақтар пайда болып, дәрігерлер оған туберкулез диагнозын қойған. Содан бері әйел бірнеше рет тексеріліп, түрлі талдау тапсырған. Алайда олардың ешқайсысы туберкулез қоздырғышының бар екенін растамаған.
“Екі жылдан бері тапсырған бірде-бір талдауымнан туберкулез таяқшасы табылған жоқ. Барлық нәтиже теріс. Соған қарамастан, қайда барсам да, туберкулезбен ауыратын науқастардың есебінде тұрғаным белгілі болады”, – деді Екатерина Остапенко.
Әйелдің айтуынша, диагноздың салдарынан оның отбасы да қиындық көрген. Балалары бірнеше медициналық мекемеге тексерілуге мәжбүр болыпты. Оған қоса, жақын таныстарының кейбірі жұқпалы ауруға шалдыққан деп ойлап, онымен араласуды тоқтатқан.
“Дәрігерлердің салғырттығынан балаларымды екі жылдан бері ауруханадан ауруханаға сүйреп жүрмін. Жақын достарым да жұқпалы ауру жұқтыру қаупі бар деп менен теріс айналды. Бұл жағдай балаларға да оңай тиген жоқ”, – деді Екатерина Остапенко.
Келіншектің айтуынша, дәрігерлермен арадағы дау кезекті жүктілігі кезінде тіпті ушыға түскен.
Оның сөзінше, емхана мамандары денсаулығына байланысты жүктілікті тоқтатуға кеңес берген. Алайда әйел бұл ұсыныспен келіспеген. Қазір жүктілігінің 11-аптасында жүрген Екатерина өзін жүкті әйел ретінде тиісті есепке қоюды да талап етіп отыр.
Ал емхана өкілдері жүктілікті тоқтату туралы ұсыныстың туберкулез диагнозына ғана байланысты жасалмағанын айтады. Олардың түсіндіруінше, бұған әйелдің бұрынғы жүктілігі кезінде жасалған операциядан қалған тыртық себеп болған. Дәрігерлер жатырдың жыртылу қаупі барын айтты.
“Науқасқа жатырдың ұлғаюы мен жүктіліктің дамуына байланысты бұрынғы операциядан қалған тыртық тұсында жатырдың жыртылу қаупі бар екені түсіндірілді. Мұндай жағдай ұрықтың ғана емес, ананың да өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан оған осы қауіп туралы ескертіп, жүктілікті тоқтату жөнінде ұсыныс айту — біздің міндетіміз”, – деді Тараз қаласындағы №1 емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Әйтекова.
Алайда Екатерина дәрігерлер айтқан қауіп те тиісті тексерулермен расталмағанын айтады. Енді ол өзіне қойылған диагнозды қайта қарауды және диспансерлік есептен шығаруды талап етіп, сотқа жүгінген.
32 жастағы әйелдің басты талабы — екі жылдан бері дәлелденбеген диагнозға байланысты туындаған шектеулерден арылып, жүктілігін дәрігерлердің бақылауымен жалғастыру.
Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты
