Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелін есірткімен ұйықтатып, бейтаныс ер адамдарға ұсынған азаматтың сыбайластары сотталды

әйеліне есірткі берген
Фото: Wiltshire Police

Англияда ер адам әйеліне есірткі беріп, ес-түссіз күйде жатқанда оны интернет арқылы бейтаныс ер адамдарға жыныстық қатынасқа түсу үшін ұсынған. Бұл іске қатысы бар төрт ер адам зорлау және сексуалдық зорлық-зомбылық жасады деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Англияның Винчестер қаласында алты ер адамға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық ісі бойынша сот үкімі шықты. Олардың бірі әйелін күшті дәрілермен ұйықтатып, интернет арқылы бейтаныс ер адамдарға жыныстық қатынасқа түсу үшін ұсынған. Қалған ер адамдар әйелдің ес-түссіз күйін пайдаланып, оған зорлық көрсеткен.

Англияның Винчестер қаласында алқабилер әйеліне есірткі беріп, кейін оны бейтаныс ер адамдарға жыныстық қатынасқа түсу үшін ұсынған ер адамның төрт сыбайласын зорлау және жыныстық қолсұғушылыққа қатысты басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп таныды.

Бұған дейін, жыл басында, 50 жастағы Филип Янг бұрынғы әйелі Джоаннаға қатысты зорлау және оны ұйықтататын препараттар қолдану бойынша бірнеше айыпты мойындаған. Жәбірленуші мұндай істерде жиі қолданылатын анонимділіктен бас тартып, сот отырыстарына өзі қатысты.

BBC тілшісінің хабарлауынша, Джоанна Янг сот залынан көз жасын сүртіп шығып бара жатып, полиция қызметкерлеріне күлімсіреген. Полиция қызметкерлерінің арасында да көзіне жас алғандар болған. Судья Пушпиндер Саини Джоанна Янгтың сот процесінде "таңғаларлық батылдық танытқанын" атап өтті.

19 қарашада Филип Янгтың интернетте жариялаған хабарландыруларына жауап берген ер адамдарға қатысты алқабилердің шешімі жарияланды. 48 жастағы Норман Максони, 62 жастағы Ричард Уилкинс, 32 жастағы Коннор Сандерсон-Дойл және 38 жастағы Мұхаммед Хасан бірқатар сексуалдық қылмыс бойынша кінәлі деп танылды.

Корольдік прокуратура қызметінің (CPS) прокуроры Джеймс Фостер істің Ұлыбританияда күйеуі ұйымдастырған, есірткі қолдану арқылы жасалған топтық сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты алқабилер қараған алғашқы іс екенін айтты.

Уилкинс пен Максони бір-бір зорлау дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Сандерсон-Дойл жыныстық сипаттағы күш қолдану және жыныстық жолмен ену деректері бойынша, ал Хасан жыныстық сипаттағы қол сұғу бойынша кінәлі деп танылды.

Істе алтыншы айыпталушы да бар. 47 жастағы Дин Хэмилтон сот басталғанға дейін зорлау және жыныстық сипаттағы күш қолдану айыптарын мойындаған. Филип Янг Консервативтік партияның Суиндон аудандық кеңесінің мүшесі болған. Ол 2007-2010 жылдары Уилтшир графтығындағы аудандардың бірінің атынан өкілдік еткен.

Ол әйелінің келісімінсіз онымен жыныстық қатынасқа түсу туралы ұсыныстарды жабық интернет-форумдарда, сондай-ақ Craigslist, Grindr және Fab Swingers платформаларында жариялаған. Янг 2024 жылы қамауға алынған. Сол жылы ерлі-зайыптылар ажырасқан.

Сот процесінің басында Филип Янг өзіне тағылған 56 айыптың 48-ін мойындаған. Олардың қатарында 14 вуайеризм, 11 зорлау, әйелін есірткімен ұйықтату мақсатында дәрі қолданудың 11 дерегі, жыныстық сипаттағы күш қолданудың жеті дерегі, тағы төрт сексуалдық зорлық-зомбылық және әдепсіз материалдарды жариялаудың бір дерегі бар.

2010-2024 жылдар аралығында Янг әйелінің келісімінсіз түсірілген 500-ден астам интимдік фото мен бейнежазбаны жариялаған. Ол әйелін интимдік сәттерде жасырын түсіріп, мұны өзінің жыныстық ләззаты үшін жасаған.

Алты айыпталушыға қатысты жаза 21 және 22 желтоқсанда жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлыбританияда әйеліне ұзақ жылдар бойы есірткі беріп, оны басқа ер адамдармен бірге зорлаған ер адамға қатысты сот процесі басталды. Тергеу мәліметінше, қылмыс 2010-2023 жылдар аралығында болған. Күдікті әйелін есірткімен ұйықтатып, оның дәрменсіз күйін пайдаланған. Бұл іске оның бес сыбайласы да қатысы бар деп айыпталып отыр. 

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Қараша, 2026 09:52