Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ-да үшінші студентке қатысты дау туды: Полиция тергеуді бастады

ҚазҰУ студент жарақат полиция
Фото: farabi.university

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті өзін жарақаттады деген ақпарат тарады. Полиция тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматы қалалық полиция департаменті өзінің жауабында оқу орнының атауын атамай, оқиғаның мән-жайын баяндады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзін жарақаттау дерегі тіркелген. Оған медициналық көмек көрсетілді", – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ ведомство аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда оқиға нақты қай оқу орнында болғанын полиция өкілдері ашып айтпады.

 Әлеуметтік желілерде ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде оқитын студент қызға қатысты оқыс жағдай болғаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторларының мәліметінше, қызды №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген.

Алайда университет өкілдері желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

"Растамаймыз. Мұндай жаңалық болған жоқ, бұл – жалған ақпарат", – деп жауап берген университет өкілдері.

Еске сала кетейік, өткен аптадағы жұмадан сенбіге қараған түні ҚазҰУ-дағы Журналистика факультетінің студенттері тұратын №5 жатақханада белгісіз себептермен 1-курс студенті қайтыс болды. Студенттердің сөзінше, марқұм жатақханада өз-өзіне қол жұмсаған. Одан соң 16 қарашада ҚазҰУ-дағы екінші студенттің қазасы туралы ақпарат тарады. Осы жағдайлардан соң проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды.

Айым Болатқызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 08:07