Бір айда екі өлім: ҚазҰУ-дағы екінші студенттің өлімі бойынша не белгілі
Бүгін таңғы уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде тағы да шу шықты. Жатақханада тағы да 1-курс студенті қаза болды. Желіде тараған мәліметтер бойынша, жатақханада жоғары курс студенттері кіші курс студенттеріне әлімжеттік жасап, салдарынан кісі өлімімен аяқталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері арасында болған. Олар 4-жатақханада жоғары курс студенттері мен кіші курс студенттері арасында орын алған.

Threads желісінде фейк парақшамен осы оқиға бойынша өте белсенді жазып жатыр. Тіпті ол қолданушылардың біріне марқұмның туысымын деп те таныстырған.
“Баланың ыстығы көтеріліп қайтыс болды”
Сөзінше, екінші курста оқитын сегіз бала, бірінші курста оқитын екі баланы бөлмеге шақырып алып, төмпештеген.
“Бөлмеде төбелес болған. Біздің бала басын көтеріп тұрған кезде, одан әрі ұрған. Сол тұста бірден қаза тапқан. Бұл оқиға шамамен түнгі 12-лердің шамасында болған, ал біз таңғы 5-тердің кезінде естідік”, – деді марқұмның туысы.
Алайда марқұмның қазасы туралы туыстарына мүлдем басқаша жеткізген. Туысының сөзінше, марқұмның ыстығы көтеріліп қайтыс болған деген.
“Бірақ біз Алматыдағы таныстарымызға шықтық. Сөйтсек жағдай мүлдем басқаша, яғни баланың дымын қалдырмай ұрып тастаған. Одан кейін факультеттің деканына хабарластық, ол бізге ондай ештеңе болған жоқ деп, жоққа шығарды”, – деді марқұмның туысы.
Туысының сөзінше, қайтыс болғаннан кейін де екінші балаға оның аяғын көтертіп қойып, әрі қарай оны да ұрып тастаған.

Hronika.kz басылымының мәліметінше, марқұмда демікпе диагнозы бар. Өлімнің себебі содан да болуы мүмкін екенін жазды. Алайда марқұмның нақты неден көз жұмғаны туралы ешқандай да ресми ақпарат жоқ.
Кінәлі ұсталды
Ал Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
“Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Университет тарапынан марқұмның отбасына көмек көрсетіліп жатыр
Университеттің баспасөз қызметі марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатқанын мәлімдеді.
“Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қазасына байланысты ата-анасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Университет жағдайдың жан-жақты әрі әділ қаралуына барынша қолдау көрсетеді”, – деп жазды оқу орнының хабарламасында.
Университет басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасына көмек көрсетіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ оқу орны көпшілікті қара жамылған отбасының қайғысына құрметпен қарап, ресми расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.
Еске сала кетейік, Өткен аптадағы жұмадан сенбіге қараған түні ҚазҰУ-дағы Журналистика факультетінің студенттері тұратын №5 жатақханада белгісіз себептермен 1-курс студенті қайтыс болды. Студенттердің сөзінше, марқұм жатақханада өз-өзіне қол жұмсаған.