Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ оқытушысы сабақ үстінде жұмыстан шығарылған: Университет желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді

Сабақтағы оқиға
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысына студенттердің көзінше жұмыстан шығарылғаны туралы хабарлама табысталған видео тарады. Кадрлар желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Университет өкілдері оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның әйелге 2 қазанда рәсімделген құжаттарды табыстағаны көрінеді. Жазба авторларының мәліметінше, әйел университетте оқытушы болып жұмыс істеген.

Видеода оқытушы жұмыстан шығарылу себебін сұрап, тиісті құжаттармен уақытында таныстырылмағанын айтады.

"Мені не себепті жұмыстан шығарады? Бүгін 7 қазан, неге 2 қазаннан бері хабарламадыңыздар? Мен өзім бардым, бірақ құжаттармен танысуыма мүмкіндік бермедіңіздер", – дейді оқытушы.

Желі қолданушыларының бір бөлігі оқытушыға құжатты студенттердің көзінше табыстауды әдепсіздік деп бағалап, мұндай мәселені бөгде адамдардың қатысуынсыз шешу керек екенін жазды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мәліметінше, видео расымен 7 қазан күні түсірілген. Ол кезде оқытушымен еңбек қатынастары тоқтатылып, кафедра меңгерушісі оның орнына басқа педагогті тағайындап қойған.

Соған қарамастан, оқытушы аудиторияға өз бетінше кіріп, тағайындалған педагогтен аудиториядан шығуын талап еткен және сабақ өткізуге кіріскен көрінеді. 

Оқу орнының мәліметінше, оқиға орнына келген кадр бөлімінің өкілі оқытушыға дәлізге шығып, жағдайды талқылауды ұсынған. Алайда ол әңгімені студенттердің қатысуымен аудиторияда өткізуді талап еткен.

Университет өкілдері оқиғаны студенттер оқытушының өтініші бойынша видеоға түсіргенін айтады. 

Университеттің мәліметінше, оқытушымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы бұйрық 2026 жылғы 2 қазанда тәртіптік комиссияның шешімі негізінде шығарылған. Оқытушы комиссия отырысы туралы алдын ала хабардар болған және өз түсініктемесі мен ұстанымын білдіруге мүмкіндік алған. Алайда ол отырысқа қатыспаған. Бұйрықтың көшірмесі заңнамада белгіленген мерзімде пошта арқылы тұрғылықты мекенжайына жіберілген.

ҚазҰУ әкімшілігі оқытушымен еңбек қатынастарын тоқтатуға 2024–2026 жылдары анықталған бірқатар заңбұзушылық себеп болғанын мәлімдеді.

Университеттің дерегінше, оқытушы Univer ақпараттық жүйесінің қауіпсіздік талаптарын бұзған. Атап айтқанда, оқытушының есептік жазбасына кіру мүмкіндігі студенттерге беріліп, олар педагогтің кейбір міндеттерін орындауға тартылған.

Бұдан бөлек, оқу орны оқу-әдістемелік материалдарды дайындау, емтихан тапсырмаларын әзірлеу, сабақ өткізу және емтихан жұмыстарын тексеру талаптары бұзылғанын хабарлады. Әкімшіліктің айтуынша, кейбір жағдайлар емтихан сессияларын уақытында өткізуге және студенттердің академиялық құқықтарын сақтауға қауіп төндірген.

Университет баспасөз қызметі оқытушының жеке еңбек дауына кәмелетке толмаған студенттерді қоса алғанда, білім алушыларды тартуына да алаңдаушылық білдірді.

"ҚазҰУ-дың ұстанымы нақты: студенттер жеке немесе еңбек дауларын шешудің құралына айналмауы керек. Оқытушының студенттерге ықпалы мен олардың академиялық тұрғыдан тәуелділігі өз мүддесі үшін пайдаланылмауы тиіс", – делінген университет хабарламасында.

Сондай-ақ оқу орны жағдайды реттеу және еңбек пен педагогикалық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдағанын айтты. Атап айтқанда, оқытушымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіптік шаралар қолданылған. Сонымен қатар әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Еске салсақ, бұған дейін студенттерінің жеке деректерінің таралуына қатысты ҚазҰУ деканы мен қызметкерлері жұмыстан босатылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 19:32