Студенттерінің жеке деректерінің таралуына қатысты ҚазҰУ деканы мен қызметкерлері жұмыстан босатылды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрден жеке деректердің тарап кетуіне байланысты жауаптылардың қандай жауапкершілікке тартылғанын сұрады.
"ҚазҰУ-дағы жағдайда, былайша айтқанда, адами фактор болды, декан мен тағы бірнеше қызметкер жұмыстан босатылды. Талаптарды күшейтіп жатырмыз. Протоколдарды үнемі жаңартып, жойып отырамыз. Қазір мемлекеттік күзет қызметінің мамандарын да тарттық, бірнеше семинар өткізілді. Ақпараттың сақталуына, киберқауіпсіздік пен деректерді қорғауға жауапты барлық қызметкерді оқытып жатырмыз", – деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбектің айтуынша, министрлік бұл жұмысты орталықтандыруды жоспарлап отырған көрінеді.
"Қазір бірыңғай жоғары білім беру платформасы арқылы да тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық деректі құпия ету көзделіп отыр", – дейді министр.
Еске салсақ, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің жеке деректерінің таралуына байланысты дау туындағаны туралы жазған едік. Желіде студенттердің ішімдік ішіп, темекі шеккені, түсік тастағаны секілді жеке деректері олардың аты-жөнімен ашық тарап кеткен. Осы оқиғаға байланысты Алматы прокуратурасы тергеу бастағанын хабарлады.
Айта кетейік, бұл ҚазҰУ-дағы жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты алғашқы оқиға емес. 2024 жылы дәл осы оқу орнында “пәк” қыздардың тізімі тарап кеткен еді. Кейін студенттердің жеке деректерін таратқан адам медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері екені анықталды.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды
Оқыңыз