Мемлекетке 297 млн шығын: ҚМА Агроөнеркәсіп кешенінде ақша жымқыру фактісін анықтады
Астанада Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті "Ғылым қорынан" берілген 297 миллион теңгені жымқыру дерегін анықтады. Қаражат агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық жобаны жүзеге асыруға бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы "Ғылым қоры" елордадағы кәсіпкерге ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін грант берген. Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 350 миллион теңге болған. Мемлекеттік қаражат пайдаланылған өсімдік майын регенерациялау және тазарту өндірісін іске қосуға жұмсалуы тиіс еді.
Алайда тергеу мүддесіне байланысты аты-жөні жарияланбаған кәсіпкер ақшаны шикізат, жабдықтар мен қызметтерді сатып алу бойынша жалған мәмілелер арқылы өзіне бақылауындағы шоттарға аударып отырған.
“Атап айтқанда, жобада көзделген дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған”, – деді ҚМА.
Ол өнім өндіруді де, сатуды да бастамаған. Ақшаның бір бөлігін өзіне қатысы бар компаниялар арқылы шығарып отырған. Кейін қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына өз қаржысы ретінде қайта аударылып, сол ақшаға кәсіпкер лизинг арқылы автокөліктер алған.
Бұдан бөлек, 1,7 миллион теңге "Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының" қызметкеріне пара ретінде берілген. Заңбұзушылықтар туралы білген сарапшы тексеру барысында оларды көрсетпей, "Ғылым қорына" жобаны әрі қарай қаржыландыруды ұсынған. Күдіктілердің екеуі қамауға алынды. Олардың алты автокөлігі, пәтері мен жабдықтарына тыйым салынды.
Еске сала кетейік, Алматыда эколог-блогер, “Байтақ” жасылдар партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев ұсталды. Ол мемлекет қаржысына жүзеге асырылуы тиіс ғылыми жобалар аясында бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Мемлекетке келген шығын көлемі 150 миллион теңгеге жуық. Қылмыстық істің қозғалғанын блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Мәслихат сайлауының ақшасы қайдан келеді және қайда жұмсалады
