Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дубайдан пәтер, 3 үй мен 3 көлік": Шымкентте түрмеде отырған сотталушы колледж арқылы миллиардтаған ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған

жемқор
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Шымкентте "Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі" мен "Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің" басшылары жылдар бойы жалған студенттер арқылы бюджеттен 1,3 миллиард теңге жымқырған. Тергеу мәліметінше, колледждерге азаматтар тек құжат жүзінде қабылданып, іс жүзінде сабаққа қатыспаған, білім алмаған. Ал колледждердің бірі тіпті нақты жұмыс істемесе де, мемлекеттен қаржы алып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, жалған оқыту схемасын екі колледж де 2018-2023 жылдар аралығында ұйымдастырған.

“Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан. Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Осының арқасында олар мемлекеттік білім беру гранттары мен қайта даярлау бағдарламалары арқылы бюджеттен ақша алып отырған. Ал схеманы іске асыру үшін жалған оқуға қабылдау, жұмысқа орналастыру туралы құжаттар дайындалып, электронды қолтаңбалар пайдаланылған және жалған есептер жасалған”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделген.

“Бұдан бөлек, "Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі" іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаражатын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,3 миллиард теңгеден асты.

Бір қызығы, схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған”, – деді ведомсвто.

Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген. Одан бөлек сот санкциясымен 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салынған.

Екі күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үш тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Stan.kz
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 09:51