Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пара беруге уәде еткендер де жазаланады": Қазақстанда жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтілмек

пара
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда енді пара нақты берілмесе де, оны ұсынғаны немесе уәде еткені үшін жаза күшейтілмек. Бастаманы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң жобасы талқыланды.

Айдос Сарым заң талаптарын күшейтуді ұсынды. Оның сөзінше, енді пара бергені немесе алғаны үшін ғана емес, оған дейінгі әрекеттер үшін де жауапкершілік қарастырылады.

“Заң жобасында пара беруге уәде ету, ұсыну немесе талап ету сияқты әрекеттерді қылмыс ретінде қарастыру ұсынылып отыр”, – деді Айдос Сарым.

Айдос Сарымның сөзінше, енді жемқорлық болған соң жазалау ғана емес, оның алдын алуға да басымдық беріледі.

Осыған байланысты мүдделер қақтығысын реттеу тәртібі нақтырақ жазылып, комплаенс қызметтері мен әдеп жөніндегі бөлімдердің рөлі күшейтіледі.

Сонымен қатар шенеуніктерге қызметтік өкілетін жеке бас пайдасына пайдалануға тікелей тыйым салынады.

“Жеке мүдде” ұғымы да кеңейтіледі. Енді мемлекеттік қызметкерлер өзінің жеке мүддесін ресми түрде декларациялауға міндетті болады.

“Қызметтік өкілетті жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізіледі. “Жеке мүдде” ұғымы нақтыланып, оны декларациялау міндеті енгізіледі. Сонымен бірге қызмет атқаруға тыйым салынатын адамдар тізімі кеңейтіледі”, – деді депутат.

Егер мүдделер қақтығысы уақытында реттелмесе, ол үшін жауапкершілік қарастырылады. Ал сондай жағдайда қабылданған шешімдер заңсыз деп танылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жүргізуші 3 833 теңге тұратын блендермен пара бермек болғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 12:55