"Блогерлер жоқ": Желідегі сөзге ашуланған қазақстандық әйел енді миллион теңгеден аса қаржы төлейді
Петропавлда 50 мыңға жуық оқырманы бар блогер SMM-маманның қалада нағыз блогерлер жоқ деген сөзіне балағатпен жауап беріп, сот алдында жауап берді. Сот оны онлайн-платформа арқылы жасалған қорлау әрекеті үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға әлеуметтік желіде SMM-маманның Петропавлда нағыз блогерлер жоқ екені туралы жазбасынан басталған. Сол посттың пікірлер алаңында оның айтқан сөз қызу талқыға түскен.
Блогер жазба авторына дөрекі түрде өз пікірін өзімен қалдыруды ұсынған. Кейін өзінің әлеуметтік желідегі stories бөлімінде жәбірленушінің парақшасын белгілеп, олардың хат алмасуының скриншотын жариялаған. Оған қоса, қорлайтын сөз жазған. Кейін блогер парақшасына видео жариялап, онда жәбірленушіге қатысты ар-намысы мен қадір-қасиетін төмендететін сөз қолданған.
"Парақшасын белгілеген қолданушылардың бірі сотталушының оны қорлап жатқанын жәбірленушіге жеткізген", – деп жазылған Петропавл қалалық сотының қаулысында.
Осыдан кейін жәбірленуші блогерден көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен. Алайда блогер досудебная претензия туралы хабарламаны stories-ке жариялап, арызданушының айтуынша, оған қатысты тағы да жағымсыз сөздер айтқан. Нәтижесінде әйел полицияға жүгініп, сотқа талап арыз берген.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Сотта блог жүргізу кезінде эмоцияға беріліп, бейәдеп сөздерді жиі қолданатынын, күн сайын түрлі жағдайларды талқылап, оқырмандарымен пікір алмасатынын айтты.
"Оның айтуынша, аталған видео жәбірленушіге арналмаған. Онда блог жүргізу тәсілін әркімнің өзі таңдау құқығы және өзгелердің кеңесіне құлақ аспау туралы жалпы пікір айтылған. Бейәдеп сөздерді қолдануын блог жүргізуден табыс табатындықтан, қаралым мен аудиторияның белсенділігін арттыру мақсатымен түсіндірді. Жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау ниеті болмағанын мәлімдеді. Соттан өзін ақтауды және азаматтық талапты қанағаттандырмауды сұрады", – деп мәлімделегн сот үкімінде.
Жәбірленуші блогерден моральдық зиян үшін 1 миллион теңге және сот шығындарын өндіріп алуды талап еткен. Сот бұл әрекетті қоғамға аса қауіпті емес қылмыстық құқық бұзушылық деп бағалады. Жаза тағайындау кезінде блогердің асырауында кәмелетке толмаған балалары барын және бұрын құқық бұзушылық жасамағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
"Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 346 мың теңге айыппұл тағайындады. Жәбірленушінің моральдық зиян мен сот шығындарын өндіру туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сотталушыдан 200 мың теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілсін", – деді Петропавл қалалық сотының судьясы Лариса Крюкова.
Сонымен қатар, блогер жәбірленушіге сот шығындары мен өкілдің қызметіне кеткен 635 мың теңгені төлеуге міндеттелді.
Еске сала кетейік, Шымкентте әлеуметтік желіде Аско лақап атымен танымал блогер Асхат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Сот оларды кәсіпкерлер мен шенеуніктерді бопсалап, ақша талап еткені үшін кінәлі деп таныды.
"Бір қой, екі сиыр сатып алып, кәсіп бастадым": Оңтүстіктен солтүстікке көшкен отбасы қалай өмір сүріп жатқанын айтып берді