Шымкентте Аско лақап атымен танымал блогер 4,5 жылға сотталды
Шымкентте әлеуметтік желіде Аско лақап атымен танымал блогер Асхат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Сот оларды кәсіпкерлер мен шенеуніктерді бопсалап, ақша талап еткені үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу нұсқасы бойынша, әлеуметтік желіде 150 мыңға жуық оқырманы бар блогер сыбайластарымен бірге түрлі құқықбұзушылықтарды әшкерелейтін бейнероликтер түсірген. Алайда олар бұл видеоларды жариялаудың орнына, кейіпкерлерінен ақша талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, Асхат Балқыбаев Ахмадали Сейдахметов және Әлихан Серікпен алдын ала сөз байласып, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің ар-намысына нұқсан келтіруі мүмкін видеолар түсірген. Кейін олар видеоларды жариялаймыз деп қорқытып, таратпау үшін ақша талап еткен. Үшеуіне “алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бопсалау және алаяқтық жасау” айыптары тағылған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты үш айыпталушыны да кінәлі деп танып, әрқайсысын 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Асхат Балқыбаев бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Әлеуметтік желіде өзін құқықбұзушылықпен күресуші ретінде көрсеткен блогердің өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Атап айтқанда, ол Түркістан облысы прокуратурасының ғимаратында болған кезінде қораптан прокурордың бас киімін алып киіп, "енді бұл менің фуражкам" деп мәлімдеген. Осы әрекеті үшін оған ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған.
Алайда блогер екі рет полицияның шақыртуына келмеген. Кейін ол Шымкентте ұсталып, сот 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарған.
Еске салсақ, биыл шілде айында Шымкентте жол ережесін бұзған жүргізушінің ісін "шешіп беремін" деп ақша талап етті деген күдікпен блогер Асхат Балқыбаев (Аско) пен оның серіктестері ұсталғаны туралы жазған едік.
Алматының жолдарын жөндеуге қанша қаражат жұмсалды: Миллиардтаған теңгені қай компаниялар алып жатыр
