Тоқаев әнші Нұрлан Өнербаевты 65 жасқа толуымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Өнербаевты 65 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Президент өнер иесінің қазақ музыкасын дамытуға және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесін жоғары бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің құттықтау хатын Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада өткен кездесу барысында әншіге табыстады.
Мемлекет басшысы құттықтауында Нұрлан Өнербаевтың өзіндік орындаушылық мәнері мен қоңыр дауысы арқылы көпшіліктің ықыласына бөленгенін атап өтті.
“Өзіңізге тән қоңыр дауысыңыз бен ерекше орындаушылық мәнеріңіз талғампаз тыңдарманның жүрегінен орын алды. Сіз дәстүр сабақтастығын сақтап, халық әндері мен белгілі композиторлардың таңдаулы туындыларын насихаттауға мол үлес қосып келесіз. Ізденіске толы шығармашылық жолыңыз жемісті болып, талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз”, – делінген Президенттің құттықтауында.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әншінің ұлттық өнерді дәріптеудегі және жас таланттарды тәрбиелеудегі еңбегіне ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысы мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің рухани және мәдени мұрасын байыту жолындағы шығармашылық еңбегіне табыс тіледі.
Айта кетейік, Нұрлан Өнербаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасының белгілі өкілдерінің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындап, ұлттық музыканың кеңінен танылуына үлес қосып келеді.
Алматыдағы жол жөндеуге кім жауапты: Мердігер компаниялар қанша миллиард теңгеге келісімшарт жасаған
