Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі Абдалла бен әл-Хусейнді әуежайдан күтіп алды

Иордания королі Абдалла бен әл-Хусейнді ресми сапар бойынша Қазақстанға келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев королді әуежайға барып күтіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Әуежайдағы ұшу алаңында салтанатты қарсы алу рәсімі аясында құрметті қарауыл ротасы сап түзеп, салтанатты рәсіммен қарсы алды. Тілге тиек етейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Иордания Хашимит Корольдігінің королі Абдалла II бен әл-Хусейн Қазақстанға ресми сапармен келетіні хабарланған болатын. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылайды.

“Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды. Мұның бәрі көпжақты ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізді”, – деді Президент.
Король ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді.
“Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз”, – деді Иордания Королі.
Сондай-ақ 5-7 қараша күндері Мемлекет басшысының шақыруымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келеді. Екі елдің көшбасшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін қарастырады. Ал 6 қарашада Астанада бірқатар мемлекет басшыларының қатысуымен Акаба процесінің саммиті өтеді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жеделхат келіп түсті. Тоқаевтың баспасөз хатшысы Айбек Смадиярдың мәліметінше, Ердоған жеделхатты әуеде, Қазақстан аумағында ұшып бара жатқан кезде жолдаған.
Алматыдағы жол жөндеуге кім жауапты: Мердігер компаниялар қанша миллиард теңгеге келісімшарт жасаған