Қазақстан ағылшын тілін ең нашар білетін елдердің қатарында қалды
Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі бір жылда сегіз сатыға көтерілгенімен, ел әлі де ең төмен көрсеткіш тіркелген мемлекеттер қатарында. EF English Proficiency Index 2026 рейтингінде Қазақстан 117 елдің ішінде 99-орынға жайғасқан. Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың ағылшын тілін білу деңгейі әлі де төмен екенін көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зерттеу авторлары бұл нәтижені 2,3 миллион адамның тест қорытындысы негізінде шығарған. Қатысушылар әлемнің 117 елі мен аймағынан болған.
Қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі халықаралық рейтингте әлі де төмен деп бағаланып отыр. Бір жылда көрсеткіш сәл жақсарғанымен, ел бұл жағынан айтарлықтай ілгерілей қоймаған.
Қазақстан биыл 424 балл жинап, рейтингке енген 117 ел мен аймақтың арасында 99-орынға жайғасты. Былтыр ел 417 балмен 123 мемлекеттің ішінде 107-орында болған. Яғни бір жылда жеті балл қосып, сегіз сатыға жоғарылаған. Соған қарамастан, Қазақстанның ағылшын тілін меңгеру деңгейі "өте төмен" деп көрсетілген.
Былтыр Қазақстанның көрсеткіші бұдан да төмен еді: ел 417 балл жинап, 123 мемлекеттің арасында 107-орынға тұрақтаған. Биыл ұпай саны аздап артқанымен, Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі "өте төмен" деп бағаланған елдер тобынан шыға алмады.

Рейтингтің жоғарғы сатысында биыл Швеция тұр. Бұл ел 615 балл жинаған. Одан кейінгі орындарға Австрия, Дания, Германия және Нидерланд жайғасқан.
- Швеция – 615 балл;
- Австрия – 613 балл;
- Дания – 612 балл;
- Германия – 611 балл;
- Нидерланд – 609 балл.
Бір қызығы, былтыр бірінші орында болған Нидерланд биыл үздік бестіктің соңына түскен. Ал өткен жылы сегізінші орында тұрған Швеция бір жылда көшбасшы атанды. Рейтингке елдердің көрсеткіші EF SET деп аталатын онлайн тест арқылы бағаланады. Қатысушылар ағылшын тілінде мәтін оқып, аудионы тыңдайды, жазады және сөйлейді. Зерттеуге кемінде 700 адам тест тапсырған елдер мен аймақтар ғана қосылады.
Дегенмен бұл рейтингті тұтас халықтың ағылшын тілін білу деңгейін көрсететін нақты өлшем деп қабылдауға болмайды. Өйткені тестілеуге қатысу ерікті болғандықтан, оған көбіне өз қалауымен тапсырған адамдар ғана қатысады. Сондықтан зерттеу нәтижесі елдегі барлық тұрғынның тілдік деңгейін толық қамтымайды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан халық пен бизнеске жасалған мүмкіндіктер бойынша үздік 50 елдің қатарына енген еді.