Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүкенді өртеп, көлікпен қашып кеткен: Алматы облысындағы оқиға видеоға түсіп қалды

бензинмен дүкенді өртеген
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында ер адам күндізгі уақытта бөтен дүкенді өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға орнындағы бейнежазба Telegram желісіндегі egovpress арнасында жарияланды. Кадрлардан ер адамның көлікпен дүкенге жақындап, ғимаратты өртегені көрінеді.

Видеодан ер адамнан бөлек, көліктен әйелдің де шыққанын көруге болады. Сондай-ақ оның көлігінен мемлекеттік нөмірлер алдын ала шешіп алынғаны байқалады. Өрт қойғаннан кейін күдікті оқиға орнынан кетіп қалған. 

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бөтеннің мүлкін өртеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Күдікті анықталып, ұсталды. Ол 42 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Сондай-ақ ер адамның көлікті мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Осы дерек бойынша сот шешімімен оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Қазір тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

 

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың 19 шілдесінде Түркістан облысының Сайрам ауданында ер адам әйелін қылғындырып өлтіріп, кейін денесін өртеп жіберген. Оқиғаға ерлі-зайыпты арасындағы жанжал себеп болған. Әйелінің өліміне қатысты іс бойынша сот ер адамды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар судья полиция қызметкерлерінің тұрмыстық жанжал туралы хабарламаға дер кезінде әрекет етпегенін атап өтті.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 17:01