Рим Папасы Франциск өмірінде үш рет шайтан көргенін айтқан
Рим Папасы Франциск өмірінде үш рет шайтанды және “тозақ қақпасын” көргенін айтқан. Бұл оның жеке күнделігінен жарияланған үзінділерде жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
“Рим Папасы Францисктің жеке күнделігі” кітабында 2021 жылғы жазбасы бар. Онда марқұм Рим папасы шайтанды үш рет көргенін баяндаған. Алғаш рет оны көлікте келе жатқанда, екінші рет месса кезінде хор орналасқан жерде, үшінші рет Ватикан шенеуніктерімен кездескенде көргенін жазған.
“Оның қарлығыңқы даусын әлі ұмыта алмаймын”, – деп еске алады Франциск.
1992 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтитын күнделікте ол 2018 жылы Чилиге жасаған сапарына да өкініш білдірген. 2018 жылы Чилиге барған кезінде Франциск діни қызметкердің балаға жыныстық зорлық-зомбылық жасағанын жасырды деп айыпталған епископты жақтап сөйлеген. Осы әрекеті үшін ол көпшіліктің сынына қалған еді.
Католик шіркеуін 12 жыл басқарған Франциск 2025 жылы қайтыс болды. Кейін ол Чилидегі оқиғаға байланысты кешірім сұрап, елдің барлық епископын Римге шақырған. Сол кезде барлығы қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеген.
“Чилидегі жағдайға байланысты қатты күйзелдім. Онда не болғанын мойындау маған қиынға соқты. Мен жағдайдың соншалықты ауыр екенін түсінбеппін”, – деп жазған ол 2021 жылғы күнделігінде.
Франциск шайтанмен кездескенін айтқан сәттерін де егжей-тегжейлі сипаттаған. Әсіресе оның суық әрі үрейлі көзқарасын ұмыта алмағанын жазған.
“Ол маған жалындай жарқыраған көздерімен қарады. Бұл жолы бұрынғыдан да қатты әсер етті. Көздері от ұшқынындай еді”, – деп жазған ол екінші рет шайтанды көргені туралы.
Оның айтуынша, шайтанның бейнесі сапарлары кезінде де алдынан шыққан. Соның бірі – дін қызметкерлеріне қатысты жыныстық зорлық-зомбылық дауы өршіп тұрған шақта Чилиге барған сапарында. Тағы бір кездесуі Римге оралғаннан бірнеше күн өткен соң болған.
“Оны көрдім және дауысын естідім. Ол өзін бәрін билеп-төстеп тұрғандай сезінді, даусы салтанатты шықты”, – деп жазған Франциск.
Сонымен қатар ол “осы кездесулерден арылуына Құдай мүмкіндік бергенін” айтқан.
Марқұм Рим папасы 2018 жылы маусымда ұйықтауға дайындалып жатқанда “тозақтың қақпасын” көргенін де жазған.
“Біраз қарап тұрдым. Бұл мені қатты шошытты. Сосын қолыма қару ретінде тәспіні алдым. Тозақтың қақпасына жақындау қауіпті. Өйткені одан жалын атылып, адамды күйдіруі мүмкін”, – деген ол сол сәтте.
Күнделікті Францисктің досы әрі Ватиканның Дін ілімі жөніндегі дикастериясын басқаратын кардинал Виктор Фернандес редакциялаған. Бұл – 1960 жылдардан бері көпшілікке ұсынылған алғашқы папа күнделігі.