Алматы саябағын егеуқұйрықтар қаптады: Тұрғындар мұны қаңғыбас иттердің жойылуымен байланыстырады
Алматыдағы Ганди саябағында қоқыс жәшігінің ішінен ондаған егеуқұйрық көрген тұрғын видео жариялады. Ол мұны қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою салдарымен байланыстырып, кеміргіштердің көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Алматы билігі қалада кеміргіштерге қарсы жаппай күрес жүргізілетінін мәлімдеген еді. Алайда күзгі дератизация (адам денсаулығына, тұрмыс-тіршілігіне және қоршаған ортаға зиян келтіретін кеміргіштерді (егеуқұйрық, тышқан және т.б.) жоюға немесе олардың санын азайтуға бағытталған санитарлық-профилактикалық шаралар кешені) аяқталғаннан кейін бірнеше апта өткенде, Ганди саябағындағы қоқыс жәшігінен ондаған егеуқұйрық табылды. Бұл жағдай жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне қатысты сұрақ туғызды.
Еске салайық, Алматыда 15 қыркүйек пен 25 қазан аралығында қала аумағындағы 47 мың гектардан астам жерде дератизация жүргізілетіні хабарланған. Науқан аясында көшелер, өзен жағалаулары, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдар, сауда орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары қамтылуы тиіс болған.
Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды басқару басқармасының абаттандыру бөлімінің бас маманы Райымбек Досмұханов дератизация жұмыстары кеміргіштердің санын бақылауда ұстау және санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жылына екі рет жүргізілетінін айтқан.
Алайда 16 қарашада Threads әлеуметтік желісіндегі Илья Левин есімді қолданушы Ганди саябағындағы қоқыс жәшігін ашқанда, ішінен ондаған егеуқұйрық көргенін жазды.
"Егеуқұйрықтардың қаптауына қалалық экожүйенің бір бөлігіне айналған мысықтар мен иттерді жоюдың салдары болуы мүмкін деп ойлаймын. Кеміргіштер санын табиғи жолмен реттейтін тетіктер бұзылып, егеуқұйрықтар бақылаусыз көбейе бастайды. Табиғат бос кеңістікті көтермейді. Бір жануарларды жою арқылы өзімізге жаңа мәселе тудыруымыз мүмкін. Мүмкін, мұның салдары туралы ойланатын уақыт келген шығар?" – дейді Илья Левин.
Кейінгі жазбасында автор оқиғаның Алматыдағы Ганди саябағында болғанын нақтылады.
Сондай-ақ ол Қазақстанда 2026 жылы қабылданған заңға тоқталып, құжат қаңғыбас иттердің санын реттеу мақсатында оларды өлтіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Алайда мәселенің түпкі себебін адамдардың жануарларға жауапсыз қарауын, оларды көшеге тастауын және бақылаусыз көбеюін шешудің орнына, мемлекет оның салдарын жою жолын таңдады. Ал соның зардабын еш кінәсі жоқ жануарлар тартып отыр", – дейді Илья Левин.
Ол жануарларды жоюдың орнына олардың санын бақылаудың балама жолдарын қарастыру керек екенін алға тартты.
Илья Левиннің жазбасы желі қолданушылары арасында да қызу талқыланды. Кейбірі қаңғыбас жануарларды жоюдың орнына, кеміргіштермен күрес шараларын күшейту қажет екенін айтты. Тағы бір қолданушы егеуқұйрықтардың суық мезгілде көліктерге де зиян келтіретінін айтты. Оның сөзінше, кеміргіштер көліктің капотының астына кіріп, сымдарын кеміреді.
Сонымен қатар кейбір қолданушылар егеуқұйрықтардың көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, олардан арылу қажеттігін атап өтті.
Басқарма мәселені қолға алды ма?
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы Ганди саябағында егеуқұйрықтардың көбейгені туралы тұрғынның шағымына жауап берді.
Инспекция тұрғынның жазбасына жауап беріп, Ганди саябағында дератизация жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
"Көрсетілген өтініште аталған мекенжай бойынша дератизация жұмыстары жүргізілді. Фотоматериалдар қоса беріліп отыр", – деп пікір білдірді.
Айта кетейік, бұдан бір жыл бұрын Атырау облысында да кеміргіштердің жаппай көбеюіне байланысты екі мектеп пен екі балабақша уақытша жабылған еді. Оқиға 2025 жылдың қарашасында Махамбет ауданындағы Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарында болған. Тышқандар тұрғын үйлерді, аулалар мен шаруашылық құрылыстарды басып алған.
Сол кезде білім бөлімі ғимараттардың іші-сыртына дератизация жүргізу үшін арнайы компания жалдаған. Өңдеу жұмыстары бір аптаға созылады деп жоспарланған. Ал мамандар кеміргіштерден алынған сынамалардан жұқпалы ауру анықтамағанын хабарлаған.