Атырау облысында кеміргіштердің қаптауына байланысты екі мектеп пен екі балабақша жабылды
Фото: Жанат Жақсыбайқызының желідегі парақшасынан
Атырау облысында кеміргіштердің жаппай көбеюіне байланысты екі мектеп пен екі балабақша уақытша жабылды. Тышқандар Махамбет ауданындағы ауылдарға қаптап кірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, өңдеу жұмыстары жүргізілген уақыт ішінде балаларды үйлеріне жіберу туралы шешім қабылданған.
"Ғимараттардың ішінде де, сыртында да толық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әрі алдын алу, әрі бар кеміргіштерді жою мақсатында жасалып жатыр. Дератизация жұмыстарын жүргізу үшін жеке компания жалданды. 19 қарашадан бастап мектептер мен балабақшаларды жаптық. Жоспар бойынша бұл жұмыстар бір аптаға созылады", – деді Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева.
Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарында тышқандар аулаларды, шаруашылық құрылыстарды және тұрғын үйлерді басып алған. Тұрғындар мұндай көп дала тышқандарын бұрын-соңды көрмегендерін айтады. Олардың кесірінен айналада жағымсыз иіс таралған.
"Бұл нағыз масқара! Он күннен бері осылай. Үйіміз тышқанға толып кетті! Тіпті мысықтың өзі үлгермей жатыр, ұстап та бітпейді. Жабысқақ тұзақтар, у, дезинфекция, бәрін жасап жатырмыз. Бірақ еш нәтиже жоқ. Егер бұл жағдай қандай да бір індетке ұласса, кім жауап береді?" – деп ашынды ауыл тұрғыны.
Әр аулада кеміргіштерді күн сайын ондағандап жинап, өртеп жатыр, бірақ олардың саны азаймай отыр. Жергілікті әкімнің айтуынша, мұндай жаппай көбею былтырғы су тасқынынан кейін болуы мүмкін. Қазір тұрғындарға зиянкестерге қарсы арнайы құралдар таратылып жатыр.
Мамандар кеміргіштерді түрлі инфекцияларға тексеріп, жұқпалы ауру анықтаған жоқ. Сондықтан қауіпті дерт жұқтыру қаупі төмен. Соған қарамастан, екі мектеп пен екі балабақшадағы балалар уақытша үйлеріне жіберілді.
Батыс Қазақстанда тышқандар қауіпті індеттің таралуына себеп болды
35 күн бойы жабайы табиғатта егеуқұйрықпен қоректенген қыз 14 келі салмақ тастады
Еске салайық, бұған дейін 30 қазанда Атырау қаласының Нұрсая, Жилгородок және орталық аудандарында егеуқұйрықтар күрт көбейіп, тұрғын үйлерге дейін кіре бастағаны туралы шағымдар артты. Тұрғындар кеміргіштердің адамдардан қорықпайтынын, тіпті желдету жүйесі арқылы пәтерге енетінін айтып отыр. Әсіресе ескі үйлер мен қоқыс алаңдары маңында жағдай күрделі. Қала әкімдігі биыл дератизацияға қаражат бөлінбегенін растады.
"Акушерьге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады