Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатты қорықтым": Алматы тұрғыны бес адамның өмірін қиған өрт туралы айтып берді

өрт
Фото: Tengrinews.kz

Алматыдағы Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған өрттен аман қалған тұрғын мән-жайды айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Анар Тұрғанбаева өрт болған үйде пәтер жалдап тұрған.

“Таңғы сағат төртте өзім оянып кеттім. Үй иесі бәрін оятқанын айтты, бірақ мен естімеппін. Тұрғындардың көбі сыртқа шығып үлгерген екен. Терезеге қарасам, аспанның түсі өзгеріп, айнала қызарып тұр. Сыртқа үңіліп едім, шатырдан жалын шығып жатқанын көрдім. Қатты қорықтым. Үйіміз өртеніп жатқанын түсіндім. Кіреберіс есікті ашып көрдім, арғы жағы түтінге толып, ештеңе көрінбейді. Есікті қайта жауып, үйден терезе арқылы ғана шығуға болатынын түсіндім. Бәріміз үстімізге не ілінсе, соны киіп, терезеден сыртқа шықтық”, – деді ол.

Анар Тұрғанбаеваның айтуынша, өрт салдарынан екі әйел мен төртінші сыныпта оқитын қыз қаза тапқан. Сонымен қатар Өзбекстан азаматы саналатын екі ер адам көз жұмған.

Көршілердің айтуынша, үйдің бұрынғы тұрғындары шамамен екі апта бұрын көшіп кеткен болуы мүмкін. Кейбір тұрғындар содан кейін үй жалға берілген деген болжам айтты.

 

"Адамдар қатты айқайлады": Желідегі куәгерлер не деді?

Өрт туралы ақпарат әлеуметтік желілерде түнде-ақ тарай бастаған. Қолданушылардың бірі Rams City тұрғын үй кешенінің қарсы алдында үй өртеніп жатқанын жазған. Оның сөзінше, оқиға орнынан адамдардың айқайлаған дауысы естілген.

"Алматыда Rams City тұрғын үй кешенінің қарсы алдында шамамен 15 минут бұрын өрт басталды. Адамдар қатты айқайлады", – делінген жазбада.

Аудан тұрғындарының тағы бірі өрт кезінде айқай-шуды естігенін және жедел қызметтерге хабарласқанын жазды. Ал басқа қолданушы өрттің салдарын көргенін айтқан.

"Біз қарсы беттегі көршіміз. Жедел қызметтерді шақырдық. Күйіп кеткен баланы көрдім, содан бері ұйықтай алмай жүрмін", – деп жазды ол.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған өртке байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп, өрттің шығу себебі мен бес адамның қаза болу мән-жайы анықталып жатыр.

Қаза тапқандарды жерлеу рәсімін әкімдік ұйымдастырады

Бостандық ауданының әкімдігі 26 қарашаға қараған түні өрттен қаза тапқан бес адамның жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл іске әкімдік өкілдері дін қызметкерлерімен бірлесіп кіріскен.

“Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Осындай қиын сәтте марқұмдардың отбасына қажет көмектің бәрі көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауымызда”, – делінген хабарламада.

Өрттен зардап шеккен 9 адам қонақүйге орналастырылды

Әкімдік мәліметінше, өрт салдарынан баспанасы зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылған. Оларға құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп, заңгерлік кеңес те беріліп жатыр.

Көмек алу және өзге де мәселелер бойынша Алматы әкімдігінің тәулік бойы жұмыс істейтін Open Almaty бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 26 қарашаға қараған түні жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, бес адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 13:00