"Бір-ақ адам болса да, мен келемін": Ақан Сатаев "Күлпәштің" көрермендеріне алғыс айтып жүр
Атырауда “Күлпәш” фильмінің сеансына он шақты адам келген. Режиссер Ақан Сатаев залға өзі кіріп, фильмді көруге келгендерге түсірілім тобының атынан алғыс айтты. Кездесудің видеосы әлеуметтік желіде тарап, отандық киноны қолдау туралы пікірталасқа ұласты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Атыраудағы Infinity Mall кинотеатрында болған. Кадрларда режиссердің орындықтарының көбі бос залға кіріп, көрермендерге өзін таныстырғаны көрінеді. Сатаевтың айтуынша, кинотеатр әкімшілігі оған сеансқа он шақты адам ғана келгенін айтқан. Режиссер залда бір адам отырса да, онымен кездесуге келетінін жеткізген.
“Бір-ақ адам болса да, мен келемін! Бүкіл шығармашылық топтың атынан әрбір көрерменге мың алғыс айтамын. Фильмнің өмірін көрермен жасайды. Сондықтан осылай біздің фильмге өмір сыйлап жатқандарыңызға көп рақмет”, – деді Ақан Сатаев.
Желі қолданушылары режиссердің көрерменге деген құрметін атап өтті.
Фильмді көріп үлгергендер де пікір бөлісті. Солардың бірі “Күлпәшті” кейінгі жылдары өзі көрген отандық фильмдердің ішіндегі шоқтығы биік туынды деп бағалады.
“Қазақ киносының сапасына жиі сын айтамыз. Ал сапалы кино шыққанда өзіміз қаншалықты қолдау көрсетіп жүрміз?” – деп жазды ол.
Тағы бір көрермен 25 қарашада Шымкентте өзі барған сеанста үш адам ғана болғанын айтты. Ол ашаршылық жылдарын еске салатын фильм үшін шығармашылық топқа алғыс білдірді.
“Күлпәш” фильмі не туралы?
“Күлпәш” – Бейімбет Майлиннің аттас әңгімесі негізінде түсірілген тарихи драма. Оқиға ашаршылық жылдарында өрбиді. Күлпәш күйеуі Мақтым мен кішкентай ұлы Қалиды аштық пен суықтан аман алып қалуға тырысады. Үйдегі азық пен отын таусылғанда, ол отбасының өмірін сақтап қалу үшін ауқатты Жұмағазының үйіне кетуге бел буады. Фильм бір отбасының тағдыры арқылы ашаршылықтың қазақ халқына әкелген қасіретін бейнелейді.
Басты рөлдерді Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров және Байкенже Белбаев сомдады. Фильм Қазақстан кинотеатрларында 19 қарашада көрсетіле бастады.
Еске салайық, бұған дейін Ақан Сатаевтың ашаршылық туралы “Күлпәш” фильмінің премьерасы кейінге шегерілгені хабарланған еді. Картинаның тұсаукесері 10 қарашада Алматыдағы Forum сауда орталығының кинотеатрында өтуге тиіс болған. Ал 11 қарашадан бастап фильмді еліміздің кинотеатрларында көрсету жоспарланған еді. Алайда премьераға бірнеше сағат қалғанда оның өтпейтіні белгілі болды. Киностудия жағдайды барлық қажетті рәсімдерді аяқтау үшін қосымша уақыт керек деп түсіндірді.
Бакалавриат 3 жылға қысқарса, Қазақстан студенттерін не күтіп тұр: Ұта ма, ұтыла ма
