Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бакалавриат 3 жылға қысқарса, Қазақстан студенттерін не күтіп тұр: Ұта ма, ұтыла ма

Фото: magnific.com

Қазақстанда кейбір мамандықтар бойынша бакалавриатта оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға дейін қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметке жолданған депутаттық сауалға берген жауабында бұл форматты дамыту мүмкіндігіне тоқталып, 2027 жылы оның тиімділігіне талдау жүргізілетінін мәлімдеді. Қазірдің өзінде елімізде 16 мыңнан астам студент триместрлік жүйемен білім алып жатыр. Алайда төрт жылдық оқу бағдарламасын үш жылда меңгеру қаншалықты тиімді? Stan.kz тілшісі мәселені зерттеп көрді.

Қолданыстағы заңнама университеттерге білім беру бағдарламасының мазмұны мен академиялық кредиттер көлемін қысқартпай, оқу процесін үш жылдық форматқа бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте білім беру бағдарламасының мазмұны мен академиялық кредиттер көлемі қысқармайды.

Мәселен, бакалавриаттың стандартты бағдарламасы бойынша студент төрт жыл ішінде кемінде 240 академиялық кредитті игеруі керек. Ал кейбір мамандықтарда бұл көрсеткіш 300 кредитке дейін жетеді. Демек, оқу мерзімі қысқарғанымен, студент меңгеруге тиіс білім көлемі сол күйінде қалады.

Ол үшін университеттер дәстүрлі екі семестрдің орнына үш триместрлік жүйеге көше алады. Осылайша студент оқу жылындағы академиялық жүктемені қарқынды игеріп, дипломын ертерек алу мүмкіндігіне ие болады.

Алайда триместрлік жүйемен оқу мен университетті міндетті түрде үш жылда бітіру бір ұғым емес. Қазірдің өзінде 16 мыңнан астам студент триместрлік форматта білім алып жатыр. Олардың қатарында Astana IT University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы Менеджмент университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері бар.

Негізінен бұл жүйе компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, бағдарламалық инженерия, жасанды интеллект, деректерді талдау, цифрлық құқықтану, бизнес-аналитика және маркетинг бағыттарында қолданылады.

Үш жылдық форматқа көшу университет шығынын немесе студенттің оқу ақысын автоматты түрде азайтпайды. Себебі төлем көлемі студент меңгеретін академиялық кредит санына байланысты есептеледі. Сонымен бірге оқытушылар мен университет инфрақұрылымына түсетін жүктеме де азаймайды, тек қысқа мерзімге шоғырланады.

2027 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, үш жылдық оқыту жүйесіне талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл кезде түлектердің жұмысқа орналасуы, табысы, жұмыс берушілердің мамандардың даярлық деңгейіне қанағаттануы және кәсіби сертификаттау нәтижелері ескеріледі.

"Білім беру мерзімін қысқарту мен білім сапасын арттыруды бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды"

Шәкәрім атындағы университет проректоры Қаламқас Бержібекованың пікірінше, үш жылдық білім беру жүйесі уақыт талабынан туындаған бастама болуы мүмкін. Дегенмен оны барлық мамандыққа бірдей енгізу дұрыс емес.

"Алайда білім беру мерзімін қысқарту мен білім сапасын арттыруды бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды. Бізге әуелі бұл қандай мақсатпен қажет болғанын анықтап алу керек.

Егер мемлекет студенттің еңбек нарығына ертерек шыққанын қаласа, бұл жақсы нұсқа болуы мүмкін. Ал білім беру жағынан қарасақ, тамаша нұсқа деп айта алмаймын. Университеттің басты міндеті – студентке белгілі бір мамандық бойынша теориялық білім беріп қана қою емес, оның аналитикалық ойлау қабілетін, зерттеушілік дағдысын, кәсіби құзыретін қалыптастыру. Мұның барлығын үш жыл ішінде толық меңгертуге бола ма деген шартты сұрақ туындайды. Әсіресе гуманитарлық ғылымдарда мәтін талдау, зерттеу жүргізу және академиялық жазу дағдыларын меңгеруге уақыт қажет", – деді проректор.

Сонымен қатар ол аудиториялар санының жеткілікті болуына да назар аудару қажет екенін айтты.

"Екінші жағынан, үш жылдық білім беру жүйесі оқу бағдарламаларын оңтайландыруға, қайталанатын пәндерді қысқартуға және студенттің еңбек нарығына ертерек араласуына мүмкіндік беруі мүмкін. Егер оқу мерзімі қысқарғанымен, білім мазмұны мен практикалық даярлық деңгейі сақталса, бұл жүйені қарастыруға болады. Сондықтан мен білім беру мерзімін қысқартудан бұрын оқу бағдарламасының мазмұнын, академиялық жүктемені, оқытушылардың мүмкіндігін және түлектердің кәсіби даярлығын кешенді бағалау қажет деп есептеймін. Мектептерді 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіру тәжірибесі барда, университетте оқу мерзімін үш жылға қысқарту бір-біріне қарама-қайшы көрінеді. Мұндағы негізгі мақсатты анықтап алу керек", – деді Қаламқас Бержібекова.

 

3 жылдық оқу қай мамандықтарға сай келеді?

Сарапшылардың пікірінше, бакалавриаттың үш жылдық форматы барлық мамандыққа бірдей сәйкес келе бермейді. Мұндай жүйе теориялық базаға қарағанда практикалық дағдыларды тезірек қалыптастыруға болатын және еңбек нарығында нақты құзыреттерді талап ететін бағыттарға көбірек сәйкес келеді.

Мәселен, IT, бағдарламалау, бизнес-аналитика, маркетинг, цифрлық технологиялар сияқты салаларда оқу бағдарламасын үш жылға бейімдеуге мүмкіндік бар. Бұл бағыттарда студенттердің практикалық дағдыларын ертерек қалыптастырып, өндірістік тәжірибені оқу процесіне кіріктіруге болады.

Ал медицина, ветеринария, инженерия, сәулет, педагогика және басқа да күрделі немесе терең теориялық дайындықты қажет ететін мамандықтарда оқу мерзімін қысқарту мәселесіне сақтықпен қарау қажет. Бұл салаларда зертханалық сабақтар, өндірістік практика, клиникалық дайындық немесе педагогикалық тәжірибе сияқты ұзақ уақытты қажет ететін компоненттер бар.

Мысалы, педагогикада болашақ маман тек пәндік біліммен шектелмей, балалар психологиясын, оқыту әдістемесін және әртүрлі оқушылармен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруі керек. Сондықтан мұндай мамандықтарда үш жылға қысқарту оқу жүктемесін шамадан тыс арттырып, практикалық дайындық сапасына әсер етпеуі тиіс.

Осыған байланысты сарапшылардың пікірінше, бакалавриаттың үш жылдық моделін барлық мамандыққа жаппай енгізгеннен гөрі, әр білім беру бағдарламасының мазмұны мен болашақ маманға қойылатын кәсіби талаптарға қарай жеке қарастырған дұрыс.

Үш жылдық бакалавриатқа қатысты ең көп талқыланып жатқан мәселенің бірі – академиялық жүктеме.

Мемлекеттік стандарт бойынша бір оқу жылындағы қалыпты жүктеме кемінде 60 академиялық кредитті құрайды. Ал 240 кредитті үш жылда меңгеру үшін студент жылына орта есеппен 80 кредит игеруі керек. Бұл дәстүрлі жүктемеден үштен бірге артық.

Мұны қарапайым есеппен түсіндіруге болады: төрт жылдық жүйеде студент жыл сайын орта есеппен 60 кредит жинаса, үш жылдық форматта осы көлемді 80 кредитке дейін арттыруы қажет.

Әрине, университеттер оқу күнтізбесін триместрге бөліп, сабақ кестесін қайта ұйымдастыра алады. Бірақ бұл студенттің бос уақыты, демалысы, өздігінен білім алуы және қосымша тәжірибе жинауына қалай әсер ететіні бөлек мәселе.

Мәселен,  Мақсұт Нәрікбаев университетінің Халықаралық журналистика мектебінде триместрлік оқу жүйесі қолданылған. Университеттің академиялық күнтізбесінде оқу жылы үш триместрге бөлінген. Бұл тәжірибе оқу кестесін, академиялық жүктемені және демалыс уақытын қайта ұйымдастыруды талап етеді. Университеттің өз басылымында жарияланған талдауда академиялық күнтізбені, демалыс уақытын және оқытушылардың еңбекақысына қатысты ұйымдастыру мәселелерін қайта қарауға тура келгені айтылады. Кейбір студенттерге қосымша пәндерді таңдау кезінде де қиындық туған. Кейін мектеп қайтадан төрт жылдық оқу мен семестрлік жүйеге оралған.

Бұл бір университеттің тәжірибесі ғана. Дегенмен ол оқу мерзімін қысқарту тек пәндерді қайта бөлу емес, университеттің бүкіл академиялық жұмысын өзгертуді қажет ететінін көрсетеді.

Студенттер үш жылдық оқуға дайын ба?

Ал Павлодар қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің бірінші курс студенті Есіл Айдарбекұлы бұл бастамаға жалпы оң көзқараста болғанымен, оқу жүктемесінің артуына алаңдайды.

"Бір жағынан, Еуропа елдеріндегі сияқты үш жылдық бакалавриатқа көшу уақыт үнемдеудің жақсы жолы. Екінші жағынан, бізге бұл жүйе қаншалықты тиімді болады деген сұрақ туады. Мен өзім үш жылдық форматты таңдамас едім. Себебі 240 академиялық кредитті үш жылдың ішінде игеріп үлгеру өте қиын болады. Оқу жүктемесі тым ауырлап кетеді. Оның үстіне, студенттік өмір тек сабақтан тұрмайды. Бұл – тұлғалық даму, қоғамдық шараларға қатысу және жаңа орта қалыптастыру кезеңі. Төрт жылдық студенттік шақтың өзі көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Үш жылға қысқарса, студенттік жылдарымыздың мәнісі қалмай қалатын секілді көрінеді. Ал төрт жылдық жүйеде 240 кредитті асықпай, терең түсініп, сабырмен меңгеруге мүмкіндік бар", – деді студент.

Оның сөзінше, үш жылдық оқудың басты артықшылығы – уақыт пен қаржылық ресурсты үнемдеу.

"Ал жақсы жағы – студенттер бір жыл ерте еңбек нарығына шығып, тәжірибе жинай бастайды немесе магистратураға тезірек түсе алады. Сонымен қатар оқу мерзімінің қысқаруы ата-аналардың қаржылық жүктемесін де жеңілдетеді. Өйткені жатақхана немесе пәтерақы, тамақ пен күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар бір жылға азаяды. Мысалы, менің ата-анам жатақханада тұруым үшін жылына 260 мың теңге төлейді. Бұдан бөлек, апталық қажеттілігіме 10 мың теңгеден жіберіп тұрады. Сондықтан университетті бір жыл ерте аяқтау ата-анамның шығынын азайтуға мүмкіндік берер еді. Алайда төрт жылдық бағдарламаны үш жылға сыйғызу студенттерге ауыр болуы мүмкін. Эмоциялық қажуды бастан кешеді. Студенттердің көбі оқумен қатар жұмыс істейді. Сондықтан студенттер дайын болуы үшін кредит санын механикалық түрде тығыздамай, оқу бағдарламасын қайта қарау керек", – деді Есіл Айдарбекұлы.

Студент практикалық сабақтардың да маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға жеткілікті уақыт бөлінбесе, түлектердің кәсіби дайындығы әлсіреуі мүмкін.

"Қазірдің өзінде өндірістік тәжірибе көбіне төртінші курста өтеді. Егер оқу мерзімі үш жыл болса, теория мен практиканы қатар алып жүру қиындауы мүмкін. Сондықтан үш жылдық жүйеде тәжірибені бірінші курстан бастап дуальды оқыту форматында енгізбесе, түлектер тек теориялық біліммен аяқтауы ықтимал. Меніңше, бұл жүйе қажет, бірақ барлық мамандыққа бірдей емес. Мысалы, медицина мен күрделі инженерия сияқты салаларға төрт-бес жыл қажет болуы мүмкін. Ал IT, бизнес және кейбір гуманитарлық бағыттарда үш жыл жеткілікті болуы ықтимал", – деді ол.

"Қайталанатын пәндерді қысқартса, үш жылда да сапалы білім алуға болады"

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі Айдана Сағымбек керісінше, бастаманы қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, университет бағдарламаларында студенттерге аса қажет бола бермейтін қосымша пәндер кездеседі.

"Егер үш жылдық бағдарлама төрт жылдық бағдарламамен бірдей сапалы білім беріп, қажетті құзыреттерді толық қалыптастырса, таңдар едім. Расын айтсақ, сабаққа аса қатысы жоқ, студенттер көп мән беріп оқымайтын қосымша пәндер бар. Бакалавриатта оқып жүргенде “Осы пәнді не үшін оқимыз?” деп жалыға оқыған кездеріміз болды. Бірақ оқу барысында оған өзгеріс енгізе алмадық. Бекітілген соң оқыдық. Ал қазір зерттеп, әр мамандыққа қай пәндердің пайдалы екенін анықтап, іріктеп шығарса, бастаманы қуана қабылдар едім", – деді ол.

Сондай-ақ ол оқу мерзімі қысқарған жағдайда білім бағдарламасындағы пәндер мен практикалық сабақтарды қайта қарау қажет екенін айтты.

"Менің мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. Бакалавриатта білім алған тәжірибеме сүйенсем, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға жеткілікті уақыт қажет. Әсіресе педагогикалық мамандықтарда мектеп тәжірибесі, сабақ өткізу, оқушылармен жұмыс істеу және ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру үлкен рөл атқарады. Егер үш жылдық жүйеде осы бағыттарға арнайы уақыт бөлінсе, тиімді нәтиже беруге болады. Ал тәжірибелік сабақтар қысқартылса, бұл болашақ мамандардың кәсіби дайындығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан педагогика саласы үшін төрт жылдық жүйемен қалған дұрыс шығар деп те ойлаймын. Өйткені бұл мамандықта тәжірибенің маңызы зор", – деді Айдана Сағымбек.

Шетелде үш жылдық бакалавриат қалай жұмыс істейді?

Қазақстандағы ықтимал өзгерістің әлемдегі тәжірибесі қандай екенін түсіну үшін бірнеше елдегі бакалавриаттың оқу мерзіміне назар аударайық.

  • Францияда бакалавриаттың негізгі бағдарламасы үш жылға созылады. Студенттер осы кезеңде алты семестр оқып, 180 ECTS кредитін жинауы керек. Елдегі жоғары білім беру жүйесі "Лисанс – магистр – докторантура" (LMD) үлгісіне негізделген. Ал инженерлік білім беру сияқты кейбір бағыттарда оқу мерзімі ұзағырақ болуы мүмкін. 
  • Нидерландта оқу мерзімі университеттің бағытына байланысты өзгереді. Зерттеу университеттерінде бакалавриат үш жылға созылып, 180 ECTS кредитін қамтиды. Ал қолданбалы ғылымдар университеттерінде бакалавриат төрт жыл оқытылады. Мұндай бағдарламаларда теориялық біліммен қатар кәсіби дағдыларды дамытуға және өндірістік тәжірибеге басымдық беріледі.
  • Австралияда бакалавриат бағдарламаларының ұзақтығы мамандық пен оқу бағдарламасына қарай үш жылдан бес жылға дейін созылады. Мысалы, кейбір студенттер үш жылдық бакалавриатты аяқтағаннан кейін тағы бір жыл оқып, үздік диплом (Honours) ала алады. Бұл кезеңде ғылыми зерттеу жүргізу мен академиялық жұмысты тереңдетуге мүмкіндік беріледі.
  • Канадада бакалавриаттың стандартты мерзімі – үш-төрт жыл. Оқу ұзақтығы университетке, бағдарламаға және мамандыққа байланысты белгіленеді. Сонымен қатар медицина, құқық және педагогика сияқты реттелетін кәсіптерде диплом алғаннан кейін қосымша тағылымдамадан өту немесе арнайы емтихан тапсыру талап етілуі мүмкін.
  • Жапонияда бакалавриаттың басым бөлігі төрт жылға есептелген. Алайда медицина, стоматология, ветеринария және фармацияның кейбір бағыттарында оқу алты жылға созылады. Демек, бұл елде де мамандықтың күрделілігі мен кәсіби даярлық талаптары оқу мерзімін белгілеуде маңызды рөл атқарады.

 

Жұмыс берушілер үшін дипломдағы оқу мерзімі маңызды ма?

Бұл сұрақты Еңбек мобильді орталығының маманына қойып, көзқарасын біліп көрдік.

"Меніңше, үш жылдық білім беру жүйесін енгізу – уақыт талабынан туындаған бастама. Жұмыс беруші ретінде мен үшін маманның университетте үш жыл немесе төрт жыл оқығаны емес, оқу орнын аяқтағанда қандай кәсіби дағдыларды меңгергені маңызды. Егер студент үш жыл ішінде сапалы білім алып, теорияны практикамен ұштастырып, еңбек нарығына дайын маман болып шықса, бұл – тиімді модель. Сонымен қатар университеттер жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, студенттерді оқу барысында-ақ өндірістік тәжірибеге тартуы қажет. Өйткені қазіргі еңбек нарығында дипломның өзі жеткіліксіз. Нақты міндеттерді орындай алатын, өз ісін білетін және еңбек нарығының талаптарына бейімделген мамандар қажет", – деді орталық өкілі. 

Демек, үш жылдық бакалавриаттың тиімділігі оқу жылдарының санымен ғана емес, осы уақыт ішінде студентке берілетін білімнің көлемі мен сапасына, практикалық даярлыққа және еңбек нарығына қаншалықты дайын маман шығатынына байланысты болады. 

Ақгүл Айдарбекқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 09:30