Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмысқа" жұмысқа тұру үшін ақша сұрағандарға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды

Қазақмыс
Фото: Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Қазақстанда “Қазақмыс” кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру кезінде заңсыз ақша алу деректеріне байланысты үш қылмыстық іс қозғалды. Оқиғалар Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында тіркелген. Компания жұмысқа қабылдау конкурстық іріктеу арқылы және тегін жүргізілетінін ескертіп, азаматтарды делдалдарға ақша бермеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Қазақмыс” корпорациясының мәліметінше, 2026 жылғы қарашада компанияның Қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға байланысты үш құқыққа қайшы әрекетті анықтаған.

Аталған деректер бойынша алаяқтық және коммерциялық параға сатып алу баптарымен үш қылмыстық іс тіркелген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алайда компания оқиғалардың нақты қалай болғанын, қанша адам күдікке ілінгенін және жұмысқа орналасу үшін қандай көлемде ақша талап етілгенін жарияламады.

Компанияның түсіндіруінше, жұмысқа қабылдау тек ашық конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асырылады. Бұл қызмет тегін көрсетіледі және үміткерлерден іріктеудің ешбір кезеңінде ақша немесе басқа сыйақы талап етілмейді.

Бос жұмыс орындары корпорацияның ресми мансап порталында жарияланады. Сондықтан жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп ақша сұрайтын делдалдардың ұсыныстарына сенбеу керек.

Компания қызметкері өзінің лауазымын немесе корпорацияға қатысы барын пайдаланып, жұмысқа орналастыру үшін жеке пайда табуына жол берілмейтінін атап өтті.

“Қазақмыс” жұмысқа орналасу кезінде ақша талап ету немесе заңсыз делдалдық әрекеттер туралы ақпарат білетін азаматтарды бұл жөнінде хабарлауға шақырды.

Мұндай жағдайлар туралы компанияның SENIM сенім телефонына 8-800-080-8089 нөмірі арқылы хабарлауға болады. Қоңырау шалу тегін. Сондай-ақ азаматтар тікелей құқық қорғау органдарына жүгіне алады.

Компания жұмыс іздеушілерге тек ресми мансап порталы арқылы өтініш беріп, жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін адамдарға ақша аудармауға кеңес берді.

Айта кетейік, бұған дейін Владимир Ким мен Эдуард Огай “Қазақмыс” корпорациясының 99,9% үлесін кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа қарасты компанияға 595,3 миллиард теңгеге сатқан еді. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 11:31