Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмысты" сату Владимир Ким мен Эдуард Огайға қанша табыс әкелді

Огай мен Ким
Фото: Коллаж

Кәсіпкерлер Владимир Ким (70%) мен Эдуард Огайға (30%) тиесілі Kazakhmys Holding Limited компаниясының 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есебі жарияланды. Астана халықаралық биржасында (AIX) орналастырылған құжатқа сәйкес, холдинг тоқтатылған қызметтен салық төлегеннен кейін 1,36 миллиард доллар (шамамен 642,6 млрд теңге) пайда тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Таза пайда 81 есеге артқан

Есепті кезеңде холдинг еншілес компаниялардың шығуынан тағы 349,9 миллион доллар (165,3 млрд теңге) табыс алды. Сондай-ақ тоқтатылған операциялар құрамында олардың шығуынан түскен 938,1 миллион доллар (443,2 млрд теңге) пайда көрсетілген. Бұдан бөлек, 2025 жылы холдинг KCC және оның еншілес компанияларын сату үшін 120 миллион доллар (56,7 млрд теңге) көлемінде алдын ала төлем алған.

Жалғасып жатқан негізгі қызметтен түскен пайда 180,4 миллион долларды (85,2 млрд теңге) құрады.Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы холдинг бұл бағыт бойынша 302,2 миллион доллар (142,8 млрд теңге) таза шығынға ұшыраған еді.

Нәтижесінде 2025 жылы Kazakhmys Holding Limited-тің жалпы таза пайдасы бір жылда 81 есеге жуық өсіп (2024 жылғы 18,9 миллион доллардан / 8,93 миллиард теңгеден), 1,54 миллиард долларға (727,6 млрд теңгеге)жетті.

Өзге де қаржылық көрсеткіштер:

  • Түсім (выручка): үштен бірге (31%) өсіп, 631,8 миллион долларды (298,5 млрд теңге) құрады;

  • Сатылымның өзіндік құны: 1,9%-ға төмендеп, 467,9 миллион доллар (221,1 млрд теңге) болды;

  • Жалпы пайда: 25 есеге жуық артып, 163,9 миллион долларға (77,4 млрд теңгеге) жетті (бір жыл бұрын небәрі 6,6 миллион доллар / 3,12 миллиард теңге болған);

  • Операциялық пайда: 2024 жылғы 157,3 миллион долларлық (74,3 млрд теңге) шығыннан кейін 15,1 миллион доллар (7,13 млрд теңге) табысқа шықты.

Активтер мен қарыздар қалай өзгерді?

2025 жылы холдингтің активтері төрттен бірге азайып, 3,99 миллиард долларға (1,88 трлн теңгеге) дейін қысқарды. Бұған негізгі құралдардың 57,5%-ға (702,9 миллион долларға / 332,1 миллиард теңгеге дейін) азаюы әсер етті. Тау-кен активтері 31,1 миллион долларды (14,7 млрд теңге) құрады — бұл 2024 жылмен салыстырғанда 25 есе аз. Тауарлық қорлар 62,8%-ға (192,6 миллион долларға / 91 миллиард теңгеге дейін) қысқарса, сауда және өзге де дебиторлық берешек 9,4 есе өсіп, 1,25 млрд долларға (590,6 миллиард теңгеге) жетті.

Ал компанияның міндеттемелері 73,6%-ға төмендеп, 1,05 миллиард доллар (496,1 млрд теңге) болды. Бұған ағымдағы қаржылық міндеттемелердің 78,2%-ға (284,9 миллион доллар / 134,6 миллиард теңге) және қысқамерзімді қаржылық емес міндеттемелердің 88%-ға (112,3 миллион доллар / 53,1 миллиард теңге) азаюы себеп болған. Ұзақмерзімді қарыздар 65,2%-ға (279,1 миллион доллар / 131,9 миллиард теңге), кредиторлық берешек 39,6%-ға (312,1 миллион доллар / 147,5 миллиард теңге) қысқарды.

Холдингтің меншікті капиталы 2,2 есеге өсіп, 2,94 миллиард долларға (1,39 трлн теңгеге) жетті. Бұған бөлінбеген пайданың 62,3%-ға (3,94 миллиард долларға / 1,86 трлн теңгеге дейін) артуы негізгі үлес қосты.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі “Kazakhmys Copper” АҚ “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС-нің 99,9% үлесін кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа қарасты Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясына 595,3 миллиард теңгеге (шамамен 1,18 млрд доллар) сатқан болатын. Сатып алу-сату шартына 5 желтоқсанда қол қойылып, 29 желтоқсанда Kazakhmys Copper корпорацияға бақылауын толық тоқтатты.

Меншік иесі ауысқаннан кейін “Қазақмыс корпорациясы” қайта құрылымдау жүргізді:

  • Нұрлан Артықбаевтың бақылауына негізгі өндірістік, геологиялық барлау және сервистік активтерді қоса алғанда 32 компания өтті;

  • Бұрынғы иелерінде (Ким мен Огайда) 9 компания қалды. Олардың қатарында Жезқазған электр тарату желілік компаниясы, “ҚазБелАЗ” бірлескен кәсіпорны және “Қазақмыс” сақтандыру компаниясы бар.

 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 09:38