Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Огай, Джуманбаев және Нығматулиннің бауыры: Қазақстандық миллионерлер "Қаражыраның" пайдасынан үлес алмайды

Теңге
Фото: istockphoto.com/Nurlan Tastanbekov

Көмір өндіретін "Қаражыра" компаниясының акционерлері 2025 жылдың қорытындысы бойынша қарапайым акцияларға дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады. Кәсіпорынның бөлінбеген таза пайдасы — 25,05 миллиард теңге компанияның өзінде қалады. Акционерлер арасында Forbes Kazakhstan тізіміне енген кәсіпкерлер Эдуард Огай мен Владимир Джуманбаев, сондай-ақ Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің егіз бауыры Ерлан Нығматулин бар. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Компанияның пайдасы екі есеге жуық азайды

2025 жылы "Қаражыраның" таза пайдасы 3,94 миллиард теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 7,37 миллиард теңге болған. Осылайша, бір жылда компанияның таза пайдасы шамамен 46,6%-ға төмендеді.

Сонымен бірге кәсіпорынның түсімі айтарлықтай өзгермеген. 2025 жылы ол 73,98 миллиард теңгеге жетсе, 2024 жылы 73,39 миллиард теңге болған.

Компанияның акционерлерге дивиденд төлемеу туралы шешімі 2026 жылғы 8 қазандағы жалпы жиналыста қабылданған. Құжат Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланды.

"Қаражыра" кімге тиесілі?

2025 жылғы қаржылық есептілікке сәйкес, кәсіпорын акцияларының негізгі бөлігі қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі.

  • Эдуард Огай — Forbes Kazakhstan-ның ең бай кәсіпкерлер рейтингінде 15-орында. Оның байлығы 650 миллион долларға бағаланған. Ол балалары Владислав Огай және Элина Абдрахмановамен бірге компания акцияларының 70%-ын бақылайды. Эдуард Огайдың өз үлесі — 20,1%.
  • Владимир Джуманбаев — Forbes Kazakhstan рейтингінде 16-орында. Оның байлығы 615 миллион долларға бағаланған. Кәсіпкер компания акцияларының 20%-ына ие.
  • Ерлан Нығматулин — Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің егіз бауыры. Ол компания акцияларының 10%-ын иеленеді.

Компания қанша көмір өндіреді?

"Қаражыра" Абай облысында ашық әдіспен көмір өндіреді. 2024 жылы кеніште 7,5 миллион тонна көмір өндірілген. Кәсіпорынның түсімі сол жылы 73,39 миллиард теңгеден асқан.

Компания көмірді Қазақстанның ішкі нарығына сатады. Сондай-ақ Ресей, Қырғызстан және Литваға экспорттайды. 2025 жылы кәсіпорынның түсімі 73,98 миллиард теңгеге жеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы көмір қорының көлемі мен оның елдің ішкі қажеттілігін қанша жылға қамтамасыз ете алатыны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 11:57